Діни басқарма Құрбан айтқа байланысты маңызды мәлімдеме жасады
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы карантин жағдайында Құрбан айтты атап өту тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Oinet.kz ақпарат агенттігі.
Бұл сауалға басқарма төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында жауап қатты. Оның сөзінше, екі апталық карантин шаралары ұзартылса, мешіттерде айт намазы оқылмайды. Биыл Құрбан айт 31 шілдеге, яғни жұма күнге түсіп тұр.
- Естеріңізде болса, өткен Ораза айт кезінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы нақты шаралар қабылдап, Ораза айт намазы оқылмаған. Осы жолы карантин созылатын болса, өкінішке қарай, біз айт намазын мешіттерде оқи алмаймыз, - деді Оңғаров.
Наиб мүфти құрбандық малын қашықтан да шалуға болатынын жеткізді.
- Тапсырыс беру арқылы орындаса да болады. Біз осыған жағдай жасауға тырысамыз. Әрине, ол жерде әкімдіктің тарапынан да реттеу жұмыстары болады. Ал құрбандық шалудың уақытына келетін болсақ, биыл 31-не болжанып отыр. Сол күні таңнан үш күн бойы күн батқа дейін шалуға болады, - деп түсіндірді басқарма төрағасының орынбасары.
Сөз арасында наиб мүфти құрбандық шалу тек жағдайы бар адамға ғана міндет екенін еске салды.