Нүкте философиясы

Oinet.kz 02-06-2020 940

Әзірет Әлінің «Ғылым бір нүкте еді, надандар оны көп нүктеге айналдырды» деген тағылымды тәмсілі, сүйекті сөзі бар. Осы бір оқшау ойдан таған тартсаңыз, сана ішінде үлкен дүмпу пайда болатындай. Нүкте – адамзат мөрі, болат қорғасындай ауыр, қаққан шегедей мықты. Қаламды ақ параққа қойсаңыз, алдымен нүкте пайда болады. Адамның ғұмыры секілді сөйлем нүктемен басталып, нүктемен тәмамдалады. Леп белгісіндей сымбатты болмаса да, сұрау белгісіндей әдемі өрнектелмесе де, нығыз нүкте – аяқталған тиянақты ойдың жемісі. Бір тармаққа шалқар ойды көгендеп қояды. Тұжырым тудырады, ақиқатты әйгілейді.

Screenshot_2.jpg

Ғарыштан қарағанда Жер шары нүкте сияқты. Қараңғы түнде зау биікке көз тастасаңыз, толған ай адамның қол шеңберіне сыйып кететін жап-жарық ноқаттай ғана. Осы екі ғаламшардың кескіні көзіміздің қарашығының көлеміндей болып көрінеді. Қас қарая көк жүзіне жыпырлап шығатын сансыз жұлдыздар да аспан әлеміне тарыдай шашылған нүктелер сияқты.

Негізі, нүкте, ноқта, ноқат – бәрі бір сөзден тамыр тартады. Сондықтан болса керек, нүкте ноқта сияқты, асауды жөнге салатын, арғымаққа бас білдіретін, жүйрікті тізгіндейтін. Нүкте таңбаланса, сөз жүйеленеді, ой жинақталады. Ал сол нүктенің артынан тағы қос нүкте жалғап көріңізші. Шексіздіктің самалы маңдайыңызды өпкендей күмән мен күдігіңіз бүрлеп, ойыңыз сан-саққа жүгіреді. Өйткені сөз таусылған жерден бастау алатын көп нүкте – бойына ғарышты сыйғызып жіберетін жүрек жазуы. Кейде күдік болып еніп, көкейіңді күпті ететін көп нүкте енді бірде көңіл көкжиегін кеңейтіп жібереді. Егер біздің өміріміз көп нүктеге айналатын болса, онда сағыныш пен сезімнің, шексіздік пен шарасыздықтың шеңберіне байланғанымыз. Сондықтан нүкте – ойдың орамы, ал көп нүкте сезімнің сипаты сынды. Нүктені түсінесің, көп нүктені түйсінесің.

Осындайда ойға бір тәмсіл оралады. Ертеректе бір жігіт үйленіпті. Ертеңіне соғыс басталып, азамат майданға аттаныпты. Аман келуі екіұдай жігіт қоштасар сәтте жарына хат жазып, сағынышын жеткізіп тұруға уәде етіпті. Әйтсе де жазылмаған дәстүр бойынша босағадан кеше аттаған жарына ашық хат жазу ұят болып саналғандықтан, жас жұбайлар бұдан шығар жол іздепті. Сөйтіп көктемгі балаусадай көзге ыстық, көңілге ынтық сәруар сезімін нүктелер арқылы жеткізуге бел байлапты. Қос ғашық осылайша әрбір хаттың соңында арманға толы, аңсарға бейіл көп нүкте қалдыруға келісіпті. Көп ұзамай күткен хат та жетіпті. Алдымен ата-ана, ағайын-туыстың халін сұрап, өзінің жағдайы жақсы екенін айтқан әскер мәтінді көп нүктемен аяқтапты. Хатты жұрттың соңын ала қолына алған сүйген жары көп нүктеге ұзақ үңіліпті, бір қуанып, бір мұңайыпты: көп нүктенің астарынан көп жайтты аңғарыпты. Өзі де жауап жазарда ұзақ толғанып, іштей сырласып, сағынышы мен сезімін үш нүктеге сыйдырыпты. Осылайша көп нүктелер жырақта жүргендердің арасын жалғаған алтын көпір болыпты. Ақыры соғыс аяқталып, жігіт еліне аман-есен оралады. Уақыт өте келе бір күні әйелі ескі сандықтан сарғайған хаттарды тауып алады. Екеуі парақтап отырып, өткен өмірлерінің сәулелі күндеріне қайта сапар шегеді. Сонда жігіт: «Үш нүктеге сыйған шексіз сезім мені аман алып қалды. Өйткені бұл нүктелер көзімнің ағып түскен үш тамшы жасымен жазылатын еді», деген екен...

Дала данышпаны «ғашықтың тілі – тілсіз тіл, көзбен көр де, ішпен біл» демеуші ме еді. Ұлы ақынның «тілсіз тілі» – осы көп нүкте. Бұл оқиғаның астарында ішпен түйсіну, жүрекпен ұғыну теоремасы жатқандай.

Бізге цифр болып қайтқан арабтың сыфр деген нөл таңбасы нүкте болып бейнеленеді. Хакім Абай: «Единица кеткенде, не болады өңкей нөл», демей ме? Расында, бірлік болмаса, тірлігіңнің тұрпаты көмескі. Сол бірлікті түзетін нүктелер. Тиыннан триллионға жалғайтын нөлдердің бәрі нүктеден бастау алады. Санның артына нүкте қойылса, сапасы артып, көлемі ұлғаяды.

Атам қазақ айтқандай, Жаратқан ғаламды тарының қауызына сыйғызып жіберуге құдіретті. Ал біз осы ғаламға кіндігімен бай­лан­ған тарыдай белгінің тағдырына үңілдік пе? Адам ғұмыры – ақжемделген бір кітап десек, сол кітаптағы ең соңғы сөз де нүктемен аяқ­талады. Тұмса табиғат, қалың орман ноқат­тай ғана дәннен таралады. Адам мен аң да бір тамшының дақылы. Ноқаттай дәннен алып ағаштың өсіп шығатыны сияқты, бір нүк­теге бүкіл ғалам сыйып кетердей. Сол нүкте­ден жоғары ғарышқа жол салған құс жолы тізбеленеді. Ал төмен жылжысаңыз, микро-­әлемге тап боласыз. Нүкте құдды бір сиқыр­лы қақпа сияқты қос ұшы да шексіздікке жалға­са­тын осы екі әлемді жалғап тұрғандай. Секунд­тар сырғыған сайын нөл-ноқатқа бір табан жа­қындай түсетін пенде нүктемен қабыс­қан сәт­тен бастап сағымға айналады. Содан шек­сіз­дік пен сағыныш аралас көп нүкте басталады...

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, 

Егемен Қазақстан

Түркістан өңірінде "Таза сессия" науқаны қарқын алды
Қазақстан Ресей мен Беларусь одағына қосыла ма? Тоқаевтың жауабы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу