Кемтар балаларды төсекке таңып, ұрып соққан педагогтар сотталды (видео)
Павлодар қаласында психикалық ауытқуы бар балаларды төсекке таңып, ұрып-соққан орталық қызметкерлері сотталды, деп хабарлайды "Астана" телеарнасына сілтеме берген Oinet.kz.
"Балаларға жәбір көрсетті" деген айып 18 педагогке тағылған. Оның төртеуі бас бостандығынан айырылып, тағы біреуінің ісі сотта қаралып жатыр. Қалған 13 қызметкердің ісі тергеліп жатыр.
Бұл жантүршігерлік оқиға жыл басында тіркелген. Павлодардағы психоневрологиялық балалар орталығы қызметкерлері мүгедек балаларға жәбір көрсеткені туралы видео интернет арқылы тарап көпшіліктің ашуын тудырған еді. Тіпті, кейбір балалар төсекте байлаулы қалпы таң атқанша жатқаны белгілі болды.
"Мекемені тексере келе балалардың төсекке таңылғанын анықтадық. Онымен қоймай, оларды ұрып соққан. Содан балалар түн бойы төсекте байлаулы қалған. Мекеме қызметкерлері оларды шешуді ұмытып кетіпті", - дейді облыстық прокуратураның басқарма басшысы Асхат Коқымбаев.
Балаларға зорлық-зомбылық көрсету Павлодар облысында азаймай отыр. Жыл басынан бері осыған ұқсас 22 оқиға тіркеліпті. Арасында балаларға сексуалды сипатта күш қолдану жағдайлар да бар.