Әкімдер жұмыссыздықты жою үшін нашар жұмыс істейді – Үкімет басшысы

Oinet.kz 02-06-2020 1123

Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин әкімдерге өңірлерде жұмыссыздықты жою туралы тапсырма берді.

zhwmys-750x489.jpg

«Ең негізгі басымдық – бүгінгі экономикалық және іскерлік белсенділікті қалпына келтіру жағдайында халықты жұмыспен қамту. Біз күрделі жағдайдан өттік. 2 ай бойы төтенше жағдай мен карантиндік режим болды. Кәсіпорындар мен бизнес жұмыс істемеді. Қазіргі таңда экономиканы қалпына келтіру процесі жүріп жатыр. Экономиканы жандандыру, жұмыс орындарын сақтап қалу және құруға бағытталған дағдарысқа қарсы шаралар топтамалары мен кешенді жоспар қабылданды. Біз адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек. Олардың әл-ауқатының жақсаруына жағдай жасауымыз қажет. Сондықтан жұмыспен қамту мәселесі бәріміз үшін бірінші орында болуы керек», – деді Мамин.

Оның айтуынша, барлық мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында жұмысқа орналастыру шараларымен биыл 1 млн 220 мың адамды қамту жоспарланып отыр. Бұл бағытта «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы үлкен үлес қосуда. Бағдарламада осы мақсаттарға 176 млрд теңге қарастырылған.

«Бұл өте өзекті бағдарлама жыл басынан бері 260 мыңнан астам адам өтініш білдірді. Олардың 184 мыңы жұмысқа орналастырылды. Шығыс Қазақстан, Қостанай, Жамбыл, Павлодар облыстарында жұмыспен қамтуды қолдау шараларын іске асыру қарқыны жақсы екенін атап өтуге болады. Сонымен қатар Шымкент қаласы және Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары артта қалып отыр», – деді Үкімет басшысы.

Ол Шымкент қаласының әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, қоғамдық жұмыстарға жіберу және грант беру бойынша көрсеткіштері төмен екенін айтты.

Ақтөбе облысы бойынша да грант беру деңгейі өте төмен. Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары шағын несие беру бойынша нашар жұмыс жүргізуде. Мұнан бөлек Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру және жастар практикасы бойынша жұмысты ұйымдастыру ең төменгі деңгейде болып отыр.

«Бұл – әкімдіктердің осы бағыттағы жеткіліксіз жұмысының нәтижесі. Осы ретте шұғыл шаралар қабылдау қажет. Жұмыспен қамтуды қолдау үшін барлық құралдар бар. Соларды белсендірек қолдану керек. Бұл мәселе бойынша біз тұрақты және жүйелі түрде бақылау жүргізетін боламыз», – деді Асқар Мамин.

Дереккөз: https://aikyn.kz/

Кемтар балаларды төсекке таңып, ұрып соққан педагогтар сотталды (видео)
Түркістан өңірінде "Таза сессия" науқаны қарқын алды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу