Жамбылда салынған жолдардың сапасы сын көтермейді
Осыдан он шақты күн бұрын Жамбыл адалдық алаңы жобалық офисіне Тараз қаласы Марау ана көшесінің тұрғыны Нұржан Үкібаев өткен жылы қараша айында төселген жаңа тас жолының сапасыз екендігін айтып, шағымданған болатын. Ал 20 мамыр күні жол сапасын бақылау зертханасы, мердігер компания өкілдері, тапсырыс беруші ТҮКШ мамандары және департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев бастаған топ Марау ана көшесіндегі мәселені арнайы барып зерделеген болатын.
Яғни белгілі болғаны, тас жол үстіне шөп шыққан, жол бүлінген, ортасы жарылып, қайта ойылып, шұңқырға айналған. Марау ана мен Майлықожа көше осындай жағдайда тұр. Көше тұрғыны Нұржан Үкібаевтың айтуынша, қараша айында төселген жол сапасыз, сондай-ақ асфальт құрамы күмән тудырған. Кәріз, ауыз су құбырларын көріп тұрса да үстінен асфальт жабындысын төсеп кеткен. Қазіргі уақытта тұрғындар ауыз судың қанша мөлшерде пайдаланғандығын білмей дал. Яғни, енді жобалап төлеуге мәжбүр. Ендігі талап, тұрғындар осы кәріз жүйесін қайта ашып беруін сұрайды. Ал зертхана қызметкерлері асфальт құрамын сарапатамаға алды.
Бұдан кейін Шестокович көшесіндегі ағымдағы жөндеу жұмыстарын зерделеген мамандардың айтуынша грунт, битум қолданбаған. Соның кесірінен 1 метрдей жамау жолы жауын – шашын болса шашылып кетеді деген қауіп бар.
Сонымен қатар, Жамбыл ауданы Тоғызтарау ауылының тұрғындары атынан Өріккүл Шонтаева «Жамбыл адалдық алаңы» жобалық офисіне жақында төселген жолдың сапасына көңілдері толмайтындығын айтып, шағымданған еді. Арнайы топ бірлесе Тоғызтарау, Өрнек, Жаңаөткел асфальт жолдарына зерделеу жүргізді. Алдымен Өрнек пен Тоғызтарау ауылын жалғастырып жатқан 2019 жылы төселген жаңа жол ойылып, шұңқыр жерлер пайда болған. Ауыл тұрғындарының сөзіне сүйенсек, 6 шақырым жолда ауыр жүк көліктері жүріп, жолды бұзған көрінеді. Тапсырыс беруші жергілікті тұрғын үй коммуналдық шаруашылық маманы мердігерге хат жазып, қайта қалпына келтіреміз деген уәдесін де алған. Бірақ бұл күмән тудырады. Тіпті, Тоғызтарау ауылының ішіндегі Мүсәт Жүнісов көшесінің сапасы мүлдем сын көтермейді. Мұнда 1 шақырым көшеге 16 миллион теңге қаражатқа көлемі 5 метр, қалыңдығы 4 см жаңа тас жолы салынуы тиіс еді. Арнайы мамандар анықтағаны – 2,4 см көрсетті. Жергілікті бюджеттен қаралған қаржы мердігер компанияға толықтай аударылған. Асфальт тек топыраққа төселген. Ауыл тұрғындары грунт төсеп, топыраққа су сеппеді деп отыр. Ал мамандар битум қолданбаған, қалыңдығы жұқа кемшілік тұстары көп деп отыр. Сынамаға алынып, асфальт құрамы мен тығыздығы арнайы зерттелетін болады. Жаңа көшенің екі жағына 1 метрден шағал тас төселуі тиіс. Оның орнына ірі тас төгіп, шашылып жатыр. Ал Жаңаөткел мен Тоғызтарау ауылының арасындағы 6 шақырым жолға шөп шығып, жарылып, үгітіліп жатыр. Мамандардың сөзіне сенсек, топырақ қабатын алмай жолды төсей салған. Сондай – ақ, негіздемесін дайындамаған, асфальт құрамының сапасы да нашар. Бұл жоба 81 миллион теңгеден астам қаражатқа жүзеге асқан. Шөп шыққан бөлігі мен вираж болып салынған жері қайта жасалынбаса, жолдың жыры ұзаққа созылып, мемлекет қаржысы негізсіз жұмсалады деген сөз. Аудандық коммуналдықь шаруашылық мекемесі кем – кетігін тізіп, қайта жөндетеміз дегенімен, мердігер компанияның қайта жасауға ниеті жоқ сияқты. Енді «Жамбыл адалдық алаңы» жобалық офисінің мамандары әлгі мердігерлерге қатаң шара қолданып, құзырлы орындарға шағымдануға ниетті болып отыр.