Елімізде 300-ге жуық адам түрмеден босатылды
Елімізде төтенше жағдай режимі кезінде түрмеден шамамен 300-ге жуық адам босатылды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
- "Төтенше жағдай режимі кезінде сотталған 322 адам босатылды. Оның ішінде 282 адам қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің ілесіп жүруімен тұрғылықты жеріне жеткізілді. Қалғаны туған-туыстарымен кетсе, кейбірі әлеуметтендіру орталықтары мен қоғамдық пансионаттарға орналастырылды", - деді комитет төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев.
Түрмеден босатылған адамдарды үйіне жеткізіп тастау туралы шешім карантин кезіндегі қозғалыстың күрделенуіне байланысты және коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін қабылданған.
- "Сонымен қатар оны түрмеден тікелей жібере салса, бөтен қалада жұмыссыз қалып, қылмысқа қайта баруы мүмкін еді. Айта кетерлігі, ҚР ішкі істер министрінің бұйрығымен қылмыстық-атқару жүйесі комитеті ТЖ уақытында бостандыққа шыққан адамдарды жеткізіп салу бойынша арнайы алгоритм бекіткен еді. Ол әлі де күшінде. Ең бірінші кезекте олардың бақылау-өткізу пунктінен өту тәртібі мен өңірлердегі жедел штабтармен бірге алып жүру бағдарлары ретке келтірілді. Босатылғандарға ілесіп жүруге пробация қызметінің мамандары тартылды. Олар өз өңіріндегі бақылау-өткізу пунктінің шегінде ілесіп жүрді. Жолда түрмеден шыққан азаматтар тамақпен және қорғаныс құралдарымен қамтылды", - делінген комитеттің хабарламасында.
Шығыс Қазақстанда бостандыққа шыққан 187 адам пробация қызметінің көмегімен үйлеріне кедергісіз оралған.