Айман Омарова өзіне қастандық жасаған шенеуніктердің атын атады

Oinet.kz 21-05-2020 1777

Адвокатқа соңғы екі жылда 5 рет қастандық жасалған

Белгілі адвокат Айман Омарова өзіне жасалған қастандыққа лауазымды шенеуніктердің қатысы болуы мүмкін деп мәлімдеді. Өзінің Facebook әлеуметтік парақшсы арқылы тікелей эфирге шыққан қорғаушы ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты қызметкерлердің атын атады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Ол көлігінің өртенуі бойынша тергеу жүргізіп жатқан Медеу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне сенбейді.

«Мен полицияға ешқашан сенбегенмін және соңғы оқиғадан кейін мүлдем сенбеймін. Біздің елде шындыққа жету өте қиын. Мен тағы да айтам, олар (Медеу аудандық полициясы - авт.) істі адам өлтіруге ұмтылу бабымен емес,  ҚР ҚК 202-бабының 1-бөлімімен (бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру) тіркеген. Мені полиция шақырған жоқ. Сараптаманың құжатымен де таныстырған жоқ. Істің тергелуіне көңілім толмайды. Көлігімнің өртенуіне байланысты қылмыстық істің қозғалғанын БАҚ жарияланған ақпараттардан ғана көрдім. Бұл кісі өлтіру әрекеті болды, мен оны басқаша атай алмаймын. Машинаны кез келген жерде өртеуге болады. Мен әл-Фарабидің бойымен жүріп келе жатқанда тежегіш істен шықты, туысқаныма секір деп айқайладым. Меңдіқұлов көшесіне жеткенде машина жанып кетті. Осы кезде тежегіш те іске кенеттен қосылды. Мен машина жарылуы мүмкін деп ойладым», - деді адвокат. 

Сондай-ақ, ол қастандықты өзінің тікелей кәсіби жұмысымен байланыстырды. Өзін өлтіруге тырысатын адамдар мен олардың қандай қылымыстық іске бөгет болғысы келгендерін де айтты. Адвокаттың қорғауындағы шетелдік инвестор Лю Вейден кезінде  біреулер алдап ақша алған. Ал шағымданған шетелдікке полиция  қарсы іс қозғап, оны бопсалаған. Содан кәсіпкер мен адвокат Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке арызданған. Тергеу 10 мың доллар көлемінде ақша алған құқық қорғау қызметкері Айдын Салиевті қамауға алған.

«Мен бұл іске тікелей қатысы болуы мүмкін деп полиция мен ҰҚК адамдарын айта аламын. Мен ІІМ-де отырған адамдардан күдіктеніп тұрмын. Олар: Руслан Қыдырғалиев, Мұрат Бүлекбаев, Руслан Ілясов. Мен қастандықты шетелдік инвестор Лю Вейдің ісі және түрмеде зорланған трансгендер Виктория Беркходжаеваның ісімен айналысқаныммен байланыстырамын. Бірінші оқиғаға тікелей полицияның қатысы болса, екінші оқиғада  трансгендерге ҰҚК қызметкері сексуалдық зорлық-зомбылық көрсеткен. Бұл екеуі де менің болжамым», - деді Айман Омарова.

Azattyq Rýhy тілшісіне адвокат өзіне қанша рет қастандық жасалғанын да айтып берді. Тек соңғы екі жылда Омароваға бес рет қастандық жасалған. Оның үшеуінде көлігі бүлінсе, екі рет ауладағы иттерін улап өлтіріп кеткен. Омарова соңғы болған қастандықпен арнайы тергеу прокуроры айналысу керек деп санайды. Себебі, аудандық полицейлер өздерінің бастықтарына қарсы істі әділ тергей алмайды.

Еске салайық, 18 мамырда әл-Фараби даңғылында Айман Умароваға тиесілі Lexus 350 маркалы автокөлік өртеніп кеткен болатын.

Алматыда ер адам үш баласын өзіне қайтара алмай жүр
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 7500-ден асты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу