Шымкентте төтенше жағдай кезеңінде бизнес объектілердің жұмысын қайта бастау туралы
ҚАУЛЫ
Шымкент қаласы | ПОСТАНОВЛЕНИЕ
город Шымкент |
03.05. 2020ж. №16
Шымкент қаласында
төтенше жағдай кезеңінде
бизнес объектілердің жұмысын
қайта бастау туралы
Мен, Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Абдиманап Кошкарович Тулебаев, Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 ақпандағы «Төтенше жағдай туралы» Заңына, «Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы № 285 Жарлығына, «Қазақстан Республикасында төтенше жағдайдың қолданысын ұзарту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 29 сәуірдегі № 310 Жарлығына, Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 7-1-бабы 1-тармағы 13 тармақшасына, Шымкент қаласы бойынша төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік комиссияның 2020 жылғы 30 сәуірдегі № 15 хаттамасына сәйкес, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында, ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Шымкент қаласы аумағында 2020 жылғы 04 мамырдан бастап, жұмыс уақыты сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін келесі бизнес объектілері жұмысын қайта бастасын:
1.1. Қызмет көрсету саласында:
- ақпараттық-коммуникациялық технологиялар компаниялары;
- фотосалондар;
- медициналық орталықтар;
- стоматологиялық клиникалар;
- жарнама агенттіктері;
- ашық спорт алаңшалары;
- жылжымайтын мүлік жөніндегі агенттіктер;
- алдын-ала жазылумен жеке кабиналары бар моншалар.
1.2. Сауда саласында:
- зоодүкендер және гүл сататын дүкендер;
- 500 м2 дейінгі жеке тұрған азық-түлік емес дүкендер (сауда ойын-сауық орталықтарынан және базарлардан тыс орналасқан). Объектілерді уақытша қайта жабдықтауға, қайта жаңартуға жол берілмейді.
1.3. Қалыпты жұмыс режиміне өткізілсін:
- химиялық тазартқыштар, кір жуу, кілем тазарту объектілері;
- тұрмыстық техниканы (оның ішінде кеңсе техникасы, мобильді құрылғылар және т.б.), медициналық және өндірістік жабдықтарды жөндеу объектілері;
- тұрмыстық және кеңсе техникаларын сататын сауда үйлері мен дүкендер;
- автожуу, доңғалақ ауыстыру, май ауыстыру орталықтары, техникалық қызмет көрсету станциялары, автокөлік қызметтері.
2. Өз жұмысын қайта бастаған объектілерде санитариялық-дезинфекциялық іс-шараларды және төтенше жағдай режимі кезінде қабылданған басқа да санитариялық-эпидемиологиялық талаптар мен шаралар қатаң сақталсын.
3. Шымкент қаласының аудан әкімдеріне және Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысына, Шымкент қаласының полиция департаменті бастығына:
3.1. Қала бойынша жүріп-тұру үшін осы қаулыда көрсетілген кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлерінің автокөліктерін «Сергек-патруль» деректер базасына енгізу қамтамасыз етілсін.
4. Шымкент қаласының аудан әкімдеріне, Шымкент қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің аумақтық басқармалары басшыларына және Шымкент қаласының полиция департаменті бастығына:
4.1. Санитариялық-дезинфекциялық іс-шараларды және төтенше жағдай режимі кезінде қабылданған басқа да санитариялық-эпидемиологиялық талаптар мен шараларды сақтау мақсатында өз жұмысын қайта бастаған объектілер мониторингпен қамтамасыз етілсін;
4.2. Төтенше жағдай режимі, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық талаптар бұзылған кезде жауапты тұлғаларды әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде тиісті шаралар қабылдансын;
4.3. Атқарылған жұмыс туралы ақпарат Шымкент қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне күн сайын сағат 16.00-ге ұсынылсын.
5. Осы Қаулы барлық мүдделі ведомстволарға жеткізілсін, тұрғындар БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы ақпараттандырылсын.
6. Қаулы меншік нысанына қарамастан барлық жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті.
7. Осы Қаулының орындалуын бақылауды өз құзырымда қалдырамын.
8. Осы Қаулы қол қойылғаннан бастап күшіне енеді.
Шымкент қаласының
Бас мемлекеттік
санитариялық дәрігері А. Тулебаев