Түркістан: Облыс карантин режиміне көшеді
Түркістан облысында COVID-19инфекциясын жұқтырғандар саны 50-ден асты. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, халық арасында коронавирустық инфекцияның кеңінен таралуының алдын алу мақсатында, 2020 жылғы 18-ші сәуір күні түнгі сағат 24.00-ден бастап, облыс аумағында карантин режимі енгізіледі.
Бұл ретте төтенше жағдай кезінде қандай шектеулер мен шаралар жүзеге асатыны туралы облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Ахуал орталығында мәлімдеме жасады. Атап айтқанда,
көрші аймақтармен шекарадағы санитарлық блок-бекеттер жұмысы күшейтіледі. Тұрғындарға қалааралық, ауданаралық және елдімекендер арасында қатынауға шектеу қойылып, елдімекен ішіндегі қоғамдық көліктер мен жеке тасымал қызметінің жұмысы тоқтатылады.
Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығы үшін қоғамдық орындар мен демалыс орындары, саябақтар жабылады. Азық-түлік және киім кешек базарлары, тұрмыстық заттар сататын базарлар жұмысы тоқтатылады.
Сондай-ақ, әлі күнге алаңсыз есік алдында ойнап жүрген балалардың ойын алаңдарында, көп қабатты үйлердің аулаларында ойнауға тыйым салынады.
«Тұрғылықты жерде отбасылық мерекелер, туған күн, той-жиын өткізуге шектеу қойылады. Үш адамнан артық топтың көшеде және қоғамдық орындарда жиналуына тыйым салынады. Жасы 65 жастан асқан азаматтар үйден шықпай, оқшаулануы тиіс.
Тұрғындарға тек қажетті азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға үйге жақын жердегі дүкендер мен дәріханаларға баруына рұқсат. Азық-түлік дүкендерінің жұмысы сағат таңғы 9 бен кешкі 8 аралығында шектеледі», деген облыс әкімінің орынбасары халықтың тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті азық-түлік, заттар мен өнеркәсіп, құрылыс нысандарындағы және көктемгі егіс жұмыстарына қажет өндірістік тауарлар мен материалдар, медициналық заттар тасуға рұқсат қағазы бар автокөліктер мен азаматтар және медициналық көмек қажет болған азаматтар ғана облыс аумағына кіріп-шыға алатынын жеткізді.
Атап өтерлігі, құрылыс саласы, көктемгі егіс науқаны, жұмыспен қамту жол картасы, тіршілікті қамтамасыз ету нысандары карантиндік режимге қарамай жұмысын тоқтатпайды.
Карантин бойынша өзге де толық мәліметті Түркістан облысы әкімдігінің сайтынан оқи аласыздар.
Түркістан облысы өңірлік коммуникация қызметі