«Өз балаларын пышақтап тастаған» келіншек өзіне қол салмақшы болған
Қостанай қаласының жиырма алты жастағы тұрғыны өзінің балаларын пышақтап, өз-өзіне қол жұмсамақ болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі alau.kz порталына сілтеме жасап.
Қорқынышты оқиға 15 сәуір, сәрсенбі күні орын алды. Полицияға хабар түнгі сағат бірде келді.
- "Әйел үш жасар қызы мен бір жас және тоғыз ай болған ұлына пышақпен жарақат келтірген. Осыдан кейін ол өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Күдікті уақытша бейімдеу орталығында тұрған, жұмысы жоқ, бұрын-соңды қылмыстық жауапқа тартылмаған", - деп хабарлады Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жедел жәрдем анасы мен балаларын шұғыл түрде ауруханаға жеткізді.
- "Қазіргі уақытта күдікті облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Балалардың жағдайы қанағаттанарлық, олар облыстық балалар ауруханасында емделуде", - деп толықтырды облыстық полиция департаментінде.
Қазір полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 99-бабы - "Адам өлтіруге оқталу" бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Сондай-ақ полиция ҚР ҚК 105-бабы "Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу" бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу жалғасуда.