Біртанов үстемақыға наразы болған алматылық дәрігерлерге жауап берді
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматы қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының қабылдау бөлімінде жұмыс істейтін медициналық қызметкерлердің жалақыға қосылған үстемақыға қатысты шағымына жауап берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
- "Біз әріптестерімізбен вирус жұқтыру қаупі өте жоғары - бірінші топқа қараймыз, олар 20 ең төменгі жалақы (850 мың теңге) көлемінде қосымша ақы алуы тиіс. (...) Бізді үшінші топқа жататын қабылдау бөлімшелерінің, шұғыл стационарлар бөліміндегі қызметкерлерге жатқызғанына наразымыз. (...) Біз, барлығымыз қабылдау бөлімінің қызметкері және бөлімше бойынша кезекші дәрігерлер үстеме ақы ретінде 58 мың теңгеден 169 мың теңгеге дейін алдық", - деп жазған аурухана дәрігері Әмина Смайылова Facebook-те.
- "Қабылдау бөлімінде анамнез жинау, толық тексеру, физиологиялық тексеру, талдаулар жинау жүзеге асырылады. Пациенттердің қабылдау бөлмесінен өтпей, бөлімшеге қалай түскені қызық? Бізді үшінші санатқа жатқызу мүмкін емес!"- деді дәрігер.
Біртанов олардың наразылығымен келісті.
- "Алматы Қоғамдық денсаулық басқармасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес коронавирус инфекциясына қарсы іс-қимылмен айналысатын дәрігерлердің төлемдерін реттейтін Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығын түсіндіруде қате жіберген.
Инфекциялық стационарларға жататын барлық дәрігер, мейірбике және кіші буын медицина қызметкерлері бірінші санатқа жатады және олаға тиісті үстемақы төленеді.
- Басқарма мен клиника басшылығына ертең таңертең қателікті жоюға және бекітілген бұйрыққа сәйкес қосымша төлемді жүргізулерін сұраймын", - деп тапсырды министр.
Біртанов кеш жауап бергені үшін кешірім сұрады.
- "Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймын, енді "Фейсбукке" қолым жетіп, әріптестерімнің үндеуін оқып шықтым", - деп түсіндірді министр.