Коронавирустан жазылған адам вирус тасымалдаушы болып қала ма?
Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова коронавируспен ауырған адам инфекция тасымалдаушысы болып қала ма деген сұраққа жауап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
Сәуле Қисықованың айтуынша, коронавирус инфекциясымен ауырған науқас ауруынан толық айыққан уақытта ғана медициналық мекемеден шығарылады.
Коронавирус жұқтырған адамды емдеу 2 аптаға созылады. Процедура хаттамаға сәйкес жүргізіледі.
2 апталық кезеңнен кейін COVID 19 инфекциясына қайта тексеру үшін пациентке зертханалық зерттеулер жасайды. Бір күннен соң тест тағы қайталанады.
Індетпен ауырған адамды тест нәтижесі жұқпалы аурудың жоқ екендігін көрсеткен жағдайда ғана ауруханадан шығарады.
Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысының айтуынша, егер пациентте сынақ теріс нәтижені көрсетсе, тасымалдау туралы айту мүмкін емес. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, коронавируспен ауыратын қазақстандық пациенттердің көпшілігі симптомсыз.
Еске сала кетсек, елімізде коронавирустан тағы бір адам қайтыс болып, инфекция жұқтырғандар саны 709-ға жетті.