Атыраулық дәрігерлер 27 наурыздан бері ауруханадан шықпаған

Oinet.kz 03-04-2020 4111

Атыраудағы №2 облыстық аурухананың инфекциялық стационарында медицина қызметкерлер тәулік бойы жұмыс істеуде. Аурухана директорының орынбасары Надя Ерғалиеваның айтуынша, дәрігерлер 27 наурыздан бері ауруханадан шықпаған, деп хабарлайды Oinet.kz KAZ.NUR.KZ порталына сілтеме жасап. 

0d06c98c-7c38-44c5-a221-0160ecb22476.jpg

Надя Ерғалиеваның сөзінше, мұндағы медициналық қызметкерлер күн сайын Cоvid-19 індетін жұқтырған науқастарды емдеп, оларға қажетті күтім көрсетуде. Дәрігерлер, медбикелер мен фельдшерлер, тазалықшылар тәулік бойы тынбай еңбектенуде. 

- "Инфекциялық бөлімшеде 6 дәрігер-инфекционист, 3 реаниматолог бар. Бәрінің де тәжірибесі мол. Қазір 9 дәрігердің бәрі тәулік бойы жұмыс істеуде. Аурухана әкімшілігі хирургия және терапия бөлімшелерін босатып, демалыс бөлмесі ретінде жасақтап берді. Қазір біздің дәрігерлер, медбикелер мен лаборанттар, тазалықшылар үшін қолайлы жағдай жасалды. Олар күніне 6 рет тамақтанады. Күніне бірнеше рет душқа түсіп, киімдерін ауыстырады", - дейді Надя Ерғалиева. 

Оның айтуынша, дәрігерлер науқастарға бармас бұрын арнайы киім киеді. Оның ішінде хирургиялық шалбар, қорғаныш костьюмі, көзілдірік, респиратор, екі қолғап, резеңке аяқ киім, бахила бар. Науқастардың жағдайын тексеріп, бақылау жүргізген соң медициналық қызметкерлердің арнайы киімдері жойылады. Өздері душқа түсіп, беті-қолын өңдеуден өткізеді. Мұның бәрі тазалық аймағында жүргізіледі. Ал жұмыс істеу аймағында әр науқастың қызуы, жалпы жағдайы туралы мәліметтер электронды журналға жазылады. Дәл осылай ауысым сайын қайталанады. Демалыс аймағындағы жатын бөлмелері қажетті жиһазбен жабдықталған. Ерғалиеваның сөзінше, бастапқыдан қиын болған. Өйткені ақ халаттылалар бұған дейін мұндай инфекция жұқтырғандармен жұмыс істемеген. 

- "Бәрімізде қорқыныш болып, арамызда көз жасына ерік бергендер болды. Арнайы киіммен жүру қиындық тудырды. Ыстық, қапырық ауада жүргендейсің. Әр сәт сайын вирус жұға ма деген қорқыныш та бар. Кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы тәжірибелі 2 психологты жіберіп, олар медициналық қызметкерлермен, науқастармен жұмыс жүргізді. Біздің ұжым 27 наурыздан бері жаңа режиммен жұмыс істеуге бейімделді. Қазір жұмысымыз қалыпқа түсті", - дейді Надя Ерғалиева. 

Сондай-ақ, директор орынбасарының сөзінше, дәрігерлер 27 наурыздан бері инфекциялық станционар есігінен шықпаған. Туыстарымен тек телефон арқылы байланысады. 

Еске сала кетсек, бұған дейін үй бетін көрмей, коронавируспен күресіп жатқан Нұр-Сұлтан қаласы көпсалалы медициналық орталығының инфекционисі Құралай Мырамытова туралы жазған едік. Дәрігер маман елордада вирустың алғашқы жағдайы тіркелген кезден бастап үйіне бармаған.

Атырауда коронавирус жұқтырды деген адамға көрпемен зат жеткізген - видео
Алматылық бомждар туралы видеоға полиция түсініктеме берді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу