Министр: «Дәрігерге коронавирус жұқтырып ауырса 2 млн, қайтыс болса 10 млн теңге төленеді»
Коронавирус жұқтырған дәрігерге 2 миллион теңге мөлшерінде сақтандыру төлемі беріледі. Бұл туралы "Хабар 24" телеарнасының тікелей эфирінен ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
- Үкімет басшысы медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен өмірін сақтандыруды қамтамасыз етуді тапсырды. Осыған орай, медицина қызметкері коронавирустық инфекциямен ауырған жағдайда, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінетін бір реттік әлеуметтік төлем көлемі 2 млн теңгені, ал көз жұмған жағдайда 10 млн теңгені құрайтын болады. Бұл жаңалық тек дәрігерлердің ғана емес, барша қазақстандықтардың рухын көтеріп, көңілін серпілтеді деп ойлаймыз, - дейді Дәурен Абаев.
Ол қазір күрделі де қиын уақыт екендігін бірақ бұл қиындықтан қашу, еңсені түсіру дегенді білдірмейді деп айтты.
- Елімізде күн сайын жүздеген волонтерлер, меценаттар қайырымдылық жасауда. Өнер адамдары онлайн-концерт беруде. Одан басқа да мейірімділік мысалдары көп. Осының барлығы рухымыздың мықтылығын дәлелдейді. бұл шараға бизнес өкілдері де атсалысуда. Бір мысал келтірейін, "Кар-Тел", "Кселл", "Мобайл Телеком-Сервис" компаниялары коронавируспен күресіп жатқан барлық дәрігерлерді тегін ұялы байланыспен қамтамасыз етті. Төтенше жағдай кезінде елімізде 20 мыңнан астам медицина қызметкерлеріне тегін байланыс және интернет пакеті берілді, - деді министр.