Ғалымжан Елшібай: «Жалған ақпаратқа жол жоқ!»
Ғалымжан Елшібай, ҚР Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы
Қазір тек Қазақстан емес, бүкіл әлем үрей құшағында отыр. Қорқынышқа бой алдырған адам эмоцияға тез берілгіш, сыни ойлаудан ада, жылт еткенге назар аударғыш болады. Осындайда түрлі мүддені көздейтін топтар жалған ақпарат таратып, ел ішінде дүрбелең тудыруы мүмкін. Салдарынан айрандай ұйыған халық сабырларынан айрылып, мемлекеттің экономикалық-әлеуметтік жағдайына зиян тигізетін іс-әрекеттерге баруы мүмкін.
Осыған орай Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдайға байланысты өткен мемлекеттік комиссия отырысында бірқатар өзекті мәселелер жөнінде мәлімдеме жасады.Соның бірі - еліміздегі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл ретте мемлекет басшысы БАҚ өкілдерін ел ішін дүрліктірмейтін нақты әрі шынайы ақпарат таратуға шақырды. Бұл өте маңызды. ҚР ҚК 274 бабының 2-бөлігіне сәйкес, БАҚ және ақпараттық-коммуникациялар жүйесі арқылы жалған ақпарат таратқандарға 3 мың АЕК көлеміндегі айыппұл салынады, немесе олар сол көлемдегі түзету жұмыстарына, немесе 800 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылады, немесе 3 жылға дейін бостандығы шектеледі, не болмаса, осы мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Сондай-ақ, Президент 23 наурыздан бастап,еліміздің ақпарат және коммуникация министірлігіне күн сайын брифинг ұйымдастырып отыруды тапсырды. Бұл өте дұрыс шешім. Өйткені, қазақ халқы қазір үрейлі жағдайда ақпарат көздерінен елдегі шынайы жағдаймен танысып отыруы керек. Мемлекет нендей шараларды қолға алды, індеттен сақтану,алдын алу,күресу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныс болып отыруы тиіс.Сондықтан өз әріптестерімді ақпарат ағынында дәлел-дәйекті әрі шынайы,шын ақпараттарды ғана таратуға шақырған болар едім. Және де журналистер қауымы жалған ақпарат таратушылармен күресті күшейткен абзал. Әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан түрлі ақпараттарды елек-екшеп, сараптап, оқырманға ақ-қарасын ажыратып көрсетуі керек. Ал оқырмандар өздеріне күдікті көрінген ақпаратты ресми ведомстваның сайттарынан қарап көріп, ресми мәлімдемеге сенгендері жөн.