Қордайлық екі тұрғыннан ірі көлемде есірткі табылды
Жамбылдық полицейлер Қордай ауданынан аса ірі көлемдегі есірткі затын сатушыларды ұстады, деп хабарлайды Baq.kz порталына сілтеме берген Oinet.kz.
Дереккөздің хабарлауынша, 25 ақпан күні арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Қордай ауданының 45 және 42 жастағы екі тұрғыны тұрғылықты мекенжайына тінту жұмыстарын жүргізді.
Полиэтиленді қалташаға салынған есірткі заты күдіктілердің бірінің үйінен, екіншісінің жазғы ас үйінен табылды. Сот-химиялық сараптамасының актісіне сәйкес, тәркіленген зат героин екені анықталды. Есірткінің ауыр түрі саналатын героиннің жалпы салмағы бір келіден асады.
Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігімен (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.