Урологиялық аурулардың көбі – онкология

Oinet.kz 25-03-2018 903

Oncology-tag-big.jpg

Кейінгі жылдары елімізде онкоурологиялық аурулар жиілеп кеткен. Бұл туралы Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығының онкоуролог дәрігері Жаңабай Жұмағазин Қазақстан мен Ресейдің уролог және репродуктолог мамандарының Астанадағы басқосуында айтты.

Урология, андрология мен репродуктология саласында инновациялық технологияларды енгізіп, тың ғылыми ілімдері меңгеруді көздеген қос елдің мамандары елордалық науқасқа күрделі ота жасады. Операция «онлайн» режимде жасалып, басқа да дәрігерлер оны тікелей көрсетілім арқылы қарады.

– Елорда тұрғынының оң жақ бүйрегі қатерлі ісікке шалдыққан. Бүйрек лапароскопиялық жолмен алынып тасталады. Бұл жабық операция. Ашық отадан кейін науқас 10-12 күн ауруханада жатса, лапароскопиялық операциядан кейін келесі күні ауруханадан шығарылады. Бұл шағын инвазивті жаңа технология. Алғашқы отаны Санкт-Петербордан келген профессор жасады. Оған қазақстандық докторлар көмектесуде. Біздің мамандар ота жасағанда ресейлік дәрігерлер көмектеседі. Осылайша тәжірибе алмасып жатырмыз. Бұдан кейін қуық ісігіне шалдыққан науқастарға ота жасаймыз. Олардың қуығын алып, орнына ішектен жаңадан қуық саламыз. Бұдан басқа бізді тағы төрт операция күтіп тұр. Олар Қазақстанда сирек жасалатын оталар қатарына жатады, – деді Жаңабай Жұмағазин «Урологиядағы тәртіпаралық консилиумда».

Профессордың айтуынша, кейінгі кезде елімізде бүйрек ісігі, қуық ісігі, қуық астындағы без ісігі сынды рак аурулары жиілеп кеткен. Ер адамдардың жыныс мүшелерінің аурулары да кездеседі. Дәрігер осындай аурулармен тиімді күресіп, емдеу үшін Мәскеу, Санкт-Петербор, Новосібір және Германия мамандарымен жиі тәжірибе алмасып тұратытынын айтты.

– Статистикаға қарасақ, соңғы кезде елімізде урологиялық аурулар көбейіп кеткен. Бұл неге байланысты? Себебі, соңғы 5 жылда біздің аурухана скрининг өткізіп, ауруларды жиі анықтап жатыр. Әдетте, 50 жастан асқан ер адамдар ПСА деген тест тапсырады. Осы талдау нәтижесінде және скрининг кезінде алынатын биопсия нәтижесінде аурулар анықталып жатады. Урологиялық аурулардың көбі – онкология. Бұның себептері қазір әлемдік деңгейде тексеріліп жатыр. Мәселен, адамдардың көбінде қуық және өкпе ісігі темекіге, тамаққа және экологияға байланысты пайда болады. Адам темекі тартып, дұрыс тамақтанбаса, оның үстіне экология қосылса, жиі ауыра бастайды. Бұл бедеулікке де әкелуі мүмкін. Сондықтан, аурулардың алдын алу үшін адамдар скринингтен қашпасын. Жүрек скринингі, қан қысымы скринингі, онкологиялық скрининг және тағы басқа түрлері бар. Сондай-ақ, ерінбей, уақытын қиып, қан тапсырып, дәретін тапсырып, тиісті талдауын жасасын. Үйде жата бермей, көбірек қимылдап, жаяу жүріп, тамақ пен ұйқыны да дұрыстау керек. Сонда көптеген қауіпті аурулардың алдын алуға болады, – деп түйіндеді Жаңабай Жұмағазин.

Екпе харам деу – ойлап табылған сылтау
Простатит қандай ауру?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу