99 адам жолда өлді
Осы жылдың бірінші айында ғана Қазақстан жолдарында 99 адам қаза тапқан. Барлық жол-көлік оқиғаларының шамамен 30%-ы Алматының үлесінде, деп хабарлайды Oinet.kz сайты Aikyn.kz порталына сілтеме жасап.
2020 жылғы қаңтарда 908 жол-көлік оқиғасы тіркелді. 1,3 мың адам зардап шегіп, 99 адам мерт болды.
Жолдағы жазатайым оқиғалар саны жөнінен «қаралы көшті» Алатау бөктеріндегі алып мегаполис бастады: қалада 259 ЖКО болған. Одан кейінгі орында Алматы облысы (119) және ШҚО (80) келеді.
Жалпы алғанда, 2019 жылы Қазақстанда 16,6 мың жол-көлік оқиғасы болды. Яғни, көбейген. Себебі 2018 жылы бұл көрсеткіш 15,8 мыңды құраған.
Бір жыл ішінде жолда мертіккендер саны да 9,1 пайызға артты және 24,6 мың адамға жетті. Оның ішінде 22 мың 180 адам жарақат алған. 2019 жылы 2,4 мың адам жолда жантәсілім етті.
2018 жылы жараланғандар саны 20 мың 445 адамды құраған. Оның 2 096-сы опат болды.