Зағипа Балиева «жала жапты» деп Мейрамбек Беспаевқа ашуланды
Үш күн бұрын орындаушылар қоғамына басшы болған Мейрамбек Бесбаев депутат Зағипа Балиеваны айыптап желідегі парақшасында пост жариялаған еді. Мәжіліс депутаты Балиева әнші Бесбаевтың таққан айыптарын жоққа шығарып отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеп.
"Мейрамбекпен сөйлестім. Ештеңе білмеймін, қатысым жоқ. Күні бойы телефон соқтым, тұтқаны көтермеді. Кейін әлеуметтік желіде сөйлестік. "Неге жала жабасың? Бір нәрсе істеп жатқанымды қайдан көрдің? Құжаттардың бәрін көріп алып, маған телефон соқпайсың ба?" дедім. Енді келістік, ол ертең құжаттардың бәрін қарайды, анықтап алады, қажет болса, сосын тағы бір пост жазады", - деді депутат Зағипа Балиева.
Айта кетейік, бұған дейін Бесбаев әлеуметтік желіде Балиеваның әншілерге қысым көрсетіп жатқанын айтып, қоқаң-лоққы көрсетпеуін талап еткен еді.
Даудың басы бір топ халық әншілерінің он жыл көлемінде қаламақы ала алмағанынан басталған еді.