Әншілер «ұрлықпен», әлде аудармашылықпен айналысып жүр ме?
Ән – жүректі тербеп, жанға жылылық сыйлайтын айрықша үн. Тілмен айта алмағанды өз үнімен жеткізетін тым бөлек сарын. Әннің тілі – махаббатты, батылдықты, табиғаттың тылсым күшін жеткізеді. Оны әсерлі беріп, тыңдарман құлағының құрышын қандыру әмбебап сазгердің қолынан келетін іс. Қазақ ән өнеріне ерекше үн беріп, ізін қалдырған Шәмшінің сазы, Әсеттің әуені және Нұрғисаның сырлы әнінен қазақ әншілері де құлағдар болуы тиіс. Себебі, қазақ ән өнерінде олар салған текті жол тым бөлек.
Қоғамдық немесе жеңіл көлікке міне қалсаңыз Қайрат, Төреғали және Ернар Айдардың әндері сайрап тұрады. Оны естісеңіз еріксіз ойға шомып, көңіліңіз босап кететіні бар. Әрине, бұл - ән әлемінің айрықша екенін аңғартатын күш. Ал, бүгінде қазақ әншілері «ән» ұғымының үдесінен шығып жүр ме? Бүгінде шетелде жаңа музыка шықса, қазақтың екі әншісінен дәл сол әннің «қазақшасын», яғни көшірмесін тыңдайтын болдық. Мысалы, әзірбайжандық Асиф Мехерремов орындаған «Геже, геже» мен Әбдіжаппар Әлқожаның «Кешірім жоқ» және Ернар Айдардың «Екеумізде бір жүрек» әндері бір сарынды. Ал түрік әншісі Сердар Ортачтың «Балымын» Ернар Айдардың «Балым» және Руслан Сәтеновтың «Қызғанамын» әндерінен тануға болады. Екеуінің әні бір, сөзі тым бөлек. Қалай ойлайсыз? Қазіргі, қазақ әншілері ән айтып жүр ме, әлде аудармашылықпен айналысып жүр ме? Шетелдің әніне қазақы өлең жазып, екеуін үйлестіруді өнер деп бағалайды ма? Дәл осы сауалды композитор, оркестр әншісі Сайлаубек Жақсыбековке қойып көрген едік.
- Авторлық құқық деген нәрсе бар. Қазіргі жас әншілер әнді бір-бірінен ұрлай беретін болды ғой. Нағыз музыкалық білімі бар, өз ісінің маманы, нота оқи алатын адамдар олай істемейді. Нота оқи алмайтын адамдар ән ұрлауға әуес келеді. Өзіңнің не істеп жүргеніңді біліп, әннің мағынасына, мәніне жіті көңіл бөлген жөн. Қазіргі таңда, музыкалық конкурс ұйымдастырып жатқандардың өздері музыкант емес. Олар мұны жәй ғана кәсіп көзіне айналдырып отыр. Бәрі бір – бірінен алады. Мысалы, мынадай нәрсе бар. Әннің бәрін көшіріп алмай, бір-екі ғана сөйлемін алады. Қалған жартысын ана жақтан, жартысын мына жақтан алады. Бұл нәрсе дизайнда да бар. Ән ұрлаған әнші мен ән ұрладым деп ойлап тұрған жоқ. Сондықтан, айтарым ән жазатын, шығаратын адамда бастысы сезім болуы керек. Ал, композитор деген атқа лайық болу үшін ән жазу керек. Композитор скрипкада, домбырада симфония, опера жазуы тиіс. Тіпті біздің Әнұранның өзі әлемдік стандартқа келмейді. Біздікі гимн емес ән, - дейді композитор Сайлау Жақсыбеков.
Шетелде танылмаса да, қазақы ортаның тұғырына жайланып, орналасқан музыкаларды той және сезімге толы әуендер деп екіге бөлуге болады. Сол әндердің орындаушылары хит дүние жасап шығу үшін көбіне қырғыз, өзбек және түрік әндеріне құда түседі екен.
Шетел әндері – той көркін қыздырып жүр
Қазақтың тойы бітпесін, әрине. Көпшілік тойға көңіл күйін көтеру үшін баратыны һақ. Тіпті, ондағы әншілердің өзі тойшыл қауымның талғамын танып алған. Олардың жас ерекшеліктеріне қарай әндерді де өзгеше түрлендіріп, қайта өңдеп те айта береді. Тіпті, түріктің, қырғыздың, өзбектің ойнақы әндерінің қазақша нұсқасын жасап алған. Тау халықтарының лезгинкасы мен үндінің «Джими, джимиін» де қазақша тыңдай аласыз.
Бүгінде тойдың көркін қыздырып жүрген әндердің бірі Серік Ибрагимовтың бел туындысына айналған «Қыз бала гүлі». Ол өзбек әншісі Шохрухкханның «Қыз боласы». Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақ тойының тұғырынан түспей жүрген Ақылбек Жеменейдің «Қызыл өрігі» қырғыздың Жоролор есімді әншісі шырқайтын «Қызыл өрүгүнің» көшірмесі екені белгілі болды. Қазақтың Лепсі Серікбол Сайлаубектің «Ой жеңгесіне» талай тойда жеңгелер мен қайнылар билеген болар. Ал, бұл әнді қырғыз жігіті Гулжигит Сатыбеков «Лейлектик кызга» арнағанын білесіз бе!? Осындайда, «көршің жақсы болса – тынысың» деген мақал еріксіз ойға оралады. Себебі, айырқалпақ ағайындар мен ала шапандылар қазақ әншілерінің бұл әрекеттеріне еш ренжімейтін секілді. Олар да кезінде біздің талай әнді барымталаған көрінеді. Ал біздің әншілер ән ұрлағаннан ешбір тартынбайтын секілді. Тіпті, ұрланғандығын мойындап, әндететіндері де бар. Ол, көпшілік ортада қойылып, талай адам тойда табан қыздырып жүрген музыка, түрік әндеріне жаны да түрі де жақын Әбдіжаппар Әлқожаның «Ұрланған әні». Бұл түрік әншісі Демет Акалиннің хит болған «Колтук» әні. Әбдіжаппар «сөзін өзі жазғанын айтып, әнін бірақ шетелден ұрлап алғандығын мойындайды». Тіпті, ән ұрлағаны үшін оны ешкім кінәлай алмайтындығын, шетелден ән алған жалғыз әнші өзі ғана еместігін айтады. Мейлі, бастысы орысша мен қазақша араласқан дүбәра әндерден тәуір. Бастысы, қай елдің әні болса да билеуге, айтуға икемдеп алған қазақ әншілерінің мұнысы да бір - өнер.
Қазақтың сезімі де – көшірме
Әншілердің бағын ашып, жұлдызын жағатын - әсем ән. Бүгінде, қазақы ортаға танылып, құлақтың құрышын қандырып жүрген әндердің көбісі шекара сыртынан келіп жатқан әуендер екені анықталуда. Тіпті, қазақ әншілерінің өз сезімін жеткізуге жүрегі дауаламай қырғыз, өзбек, араб және түрік композиторларының әуеніне қол салуда. Түрік әншісі Сердар Ортач «Месафе» десе, қазақстандық «До Мажор» тобы «Жүрегімді жаралап кеттің ғашығым» дейді. Қазақ әншілері көбінесе қырғыздың әнін, оның ішінде композитор, әнші Мирбек Атабековтің жеке композициясына қол салады. Себебі, барлығы дерлік сезімге толы сырлы әуендер. Оған Қайрат Нұртастың «Күттім-ай», «Суранам» сынды әндері, яғни, қырғыз әншісі Мирбек Атабековтің «Куттум-айы», «Суранам» сынды әндері куә бола алады. Ал, Төреғали Төреәлінің «Анашым-айы» қырғыздың «Энекем - ай» әнінің көшірмесі. Анаға арнап өлең жолдарын жазғанда, әуенінің де туындамағаны қызық екен. Мирбек Атабеков «Кундор жанырат» десе, Марсель «Күндер жаңғырады» дейді. Осыдан бір жыл бұрын Дастан Оразбеков «Көк аспанда» деп шыға келгенде күллі жастар осы әннің ессіз фанатына айналды. Ал, бұл әуен қырғыздың «Сени корбойы». Ал әнші Дархан Дүйсенов «Сені сағынып» деп сүйгеніне жыр арнап жүрсе, Мирбек Атабеков қырғызстанда «Сені сагынып» деп жүрегінен шыққан әнін жүректерге жеткізіп жүр.
Ұрланған әнді – «плагиат ән» дегеніміз жөн болар. Елімізде «Хабар» телеарнасынан көрсетілетін «Қызық Times» бағдарламасы жыл соңында «Қызық премия» жобасын ұйымдастыратыны бар. Мұнда, жылдың трендіне, брендіне айналған әндер мен әншілер, тележүргізушілер мен кәсіпкерлерді және спортшыларды марапаттайды. Оның ішінде, ерекше марапат «Жыл плагиаты» номинациясы. Өткен жылы бұл марапатқа Серік Ибрагимов ие болды. Алдағы уақытта, бұл марапатқа таласушылар саны көбейіп, «плагиат» жасамайтын әншілерді үміттендіріп алмасақ жарар еді.
Авторы: Нұр ЖІГЕРЛІ