​Мәди Биғалиев: «Туыстық донормен алысқа бармаймыз»

Oinet.kz 21-07-2017 914

Screenshot_9.jpg

Мәди Биғалиев, Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері

Трансплантология. Бұл терминнің елімізде қолданыла бастағанына көп  уақыт бола қойған жоқ.  Адам және жануарлар ағзалары мен тінін алмастырып салу алғаш рет біздің заманымыздан бұрын 1500 жылы жасалған. Ал елімізде органды трансплантациялау (бауырды алмастыру) операциясын тұңғыш рет академик М.Әлиев А.Н.Сызғанов атындағы ғылыми-зерттеу хирургиялық институтында  жасаған болатын. Соңғы жылдары отандық медицинада трансплантологиялық қызмет айтарлықтай алға жылжыды. Қазір еліміздің ірі қалаларында бүйрек, бауыр, жүрек алмастыру оталары сәтті жүргізілуде. Бірақ, өкінішке қарай,  ағза алмастыруға мұқтаж жандардың да саны артып келеді.  

Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында 500-ден аса науқас бауырдың әртүрлі дертімен есепте тұратын көрінеді.  Мамандардың айтуынша, олардың көпшілігі трансплантация жасау үшін кезекте тұр. Жергілікті дәрігерлер  болса орган жетіспеушілігін алға тартуда. Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Мәди Биғалиевтің айтуынша,  ауруханада үш жылдың ішінде 9 бауыр трансплантологиясы жасалған. Оның үшеуі шетел мамандарының қатысуымен өткен. Таяуда бауыр циррозына шалдыққан 28 жастағы тағы бір науқасқа трансплантациялық ота жасалды. Бауырын кезінде суықтатып алған Рахым Әбуовке ақ халаттылар бауыр жетіспеушілігі диагнозын қойған. Науқасқа өзінің туған ағасы донор болды. Қазір екі ағайындының да жағдайы жақсы. «Ота кезінде донордың реципиентке бауырының 54  пайызы салынды. Барлығы сәтті өтті. Қазір екі науқас та өзін жақсы сезінуде. Тек жақсы күтім қажет. Жалпы осы күнге дейін ота кезінде ешқандай оқыс, қайғылы жағдайлар орын алған емес»,- дейді бас дәрігер.  Бауыр циррозы  B және C гепатиттерінің асқынуынан болады. Бұл вирус таралуға бейім, 70% стоматологияда, ал, 30% қан және жыныстық қатынас арқылы жұғады. Медицина қызметкерлері аталған дертке шалдыққандар саны жыл өткен сайын еселене түсіп жатқанын айтып дабыл қағуда.

 Жалпы, тіндер мен мүшелерді ауыстыру медицина саласының ең ірі жетістігі саналады. Бүгінде әлемнің алпауыт елдері мүше трансплантациясын жасаудың ең озық үлгілерін қолданып жатыр. Бір адамның ағза мүшелері 4 адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді екен. Алайда бұл саланың өзіндік проблемалары да жеткілікті. Мәди Қожаұлының мәлімдеуінше, солардың бірі - мәйіттік донордың Қазақстанда кенже қалуы.  «Қаламызда трансплантологтардың тәжірибелі командасы жасақталған деп сеніммен айта аламын. Ота кезінде тек трансплантологтар мен хирургтар ғана емес, зертханашы, анастезиолог дәрігерлері, орта буын қызметкерлері де атсалысады. Алайда біз туыстық донормен алысқа бара алмаймыз. Себебі тірі адамның органын алу өте қауіпті, әрі жауапкершілігі мол. Сол себепті мәйіттік донорды дамытуымыз қажет. Осы уақытқа дейін тәжірибемде бір ғана мәйіттік донор болды. Марқұмның екі бүйрегін екі науқасқа салдық. Ал жүрегін Астанадағы кардиологиялық орталыққа жібердік. Бауырын А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығына бердік. Осылайша қайтыс болған адамның жарамды органдары бірнеше жанның өмірін сақтап қала алады»,- дейді профессор Биғалиев. 

Айта кетейік, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда өзі көз жұмған жағдайда ағзасын ауыстырып салуға көзі тірісінде келісім беру мүмкіндігін қарастыратын норма қолданысқа енгізілген болатын. Яғни енді әр қазақстандық дүниеден озған соң басқа біреудің өмірін сақтап қалуға көмектесе ме, жоқ па  өзі шеше алады. Өз еркімен ағза мүшелерін беру туралы келісімді тіркеуге өтінішті мекенжайы бойынша тіркелген емханада беруге болады.  Бүкіл деректер "Ағза мүшелері донорларының тіркелімі" Бірыңғай ақпарат жүйесінде сақталады. Медицина мамандары бұл өзгеріс мәйіттік донордың дамуына жол ашатынына сенім білдіруде. 

Алматыда газ жарылып, он тоғыз жастағы бойжеткен жан сақтау бөлімінде жатыр
Тергеуші Олеся Кексельге қатысты іс тоқтатылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу