Вячеслав Цай: «Сыйға алған пәтердің ешқандай міндеттемесі жоқ»
Вячеслав ЦАЙ, Оңтүстік Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасының №2 жансақтау бөлімі меңгерушісі
– Вячеслав Эдуардұлы, сізді кәсіби мерекеңіз – Медицина қызметкері күнімен құттықтаймын!
– Рақмет!
– Осы төл мерекелеріңізге арналған салтанатты жиында облыс әкімінің қолынан пәтер кілтін алдыңыз. Қоныс құтты болсын!
– Рақмет. Қарапайым дәрігерге облыс әкімінің ешқандай салмағы, міндеттемесі жоқ пәтер кілтін сыйға тартуын Оңтүстік былай тұрсын, өз басым өзге өңірлерден де естімеген екенмін. Атап айтайын, маған «Нұрсәт» тұрғын алабынан берілген пәтер ешқандай кезекке тұрып алған ипотекалық не арендалық баспана емес. Сыйлық!Жансейіт Қансейітұлының мұндай батыл бастамасы өзге облыстардың әкімдеріне үлгі болуы тиіс.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Кеңесбекұлы да өзі осы облыстық клиникалық аурухананың тізгінін ұстаған жылдары ұжымын ынталандырып, үздіктерін құрметтеп, тиісті деңгейде сыйақы беріп тұратын. Ол кез келген нәтижелі еңбек оң бағалануы керек деген қағиданы берік ұстанады. Бұл қадам медицина мамандарын материалдық қолдау ғана емес, оларға деген халықтың оң көзқарасын қалыптастыруға сеп болатыны сөзсіз. Әрине, елдің сеніміне ие болу ең алдымен атқарған жұмысымызға байланысты. Бұл бағытта облыс әкімі Түймебаевтың ұйытқы болуымен бірқатар шаруалар жүзеге асып жатқанын айтуға тиіспіз. Айталық, денсаулық сақтау қызметінің түрлі саласынан толық құрамдағы бригадалар Түркия мемлекетіне тәжірибе алмасуға барып келді. Халқы тығыз орналасқан, демографиялық өсім жоғары облыс болған соң өзге өңірлерге қарағанда бізге қойылатын талаптар да жоғары. Осыны ескеру керектігін үнемі жадымызға сіңіріп отыратын басқарма басшысы жүктелетін міндеттің үдесінен шыға алатындай болуымыз қажеттігін айтты. Олардан жаңа технологияларды көріп-біліп қана қайтпай, заманауи тиімді тәсілдерді іс жүзінде үйреніп, өз ауруханаларымызда жүзеге асыруға тиістігімізді қадап ескерткен. Егізбаевтың өзі де денсаулық саласы дамыған қаншама мемлекеттердің медициналық ұйымдарын аралап, тәжірибе алмасып, үйренуін тоқтатқан емес. Міне, жаңа технологияларды ендірудің нәтижесінде облыстық клиникалық аурухана бүгінде еліміздегі әлемдік стандарттарға сай емдеу мекемесіне айналғанын мойындау абзал. Заманауи медициналық құралдармен жабдықталып, кәсіби деңгейіміз өсті. Одан кейін де басқарманың ұйымдастыруымен Түркиядан өз ісінің үздіктерін Шымкентке арнайы алдырып, шеберлік сағаттарын өткізіп, олармен бірге оталар жасап үйреніп жүрміз. Біздің білгендерімізді облыс орталығында ғана емес, аудан-ауылдарда да ендіруге күш салуда. Оңтүстік Корея, Ресей, Моңғолиядан да тәжірибесі мол білікті профессорларды шақыртылды.
– Өзіңіз айтқан Түркияға дейін, жұмыс бабымен басқа елде болып па едіңіз?
– Ең алғаш 2011 жылы бас дәрігеріміз бізді Балтық жағалауына жіберді. Литва мемлекетінде болдық. Үздік емдеу мекемелерін аралап көріп, тәжірибе алмастық. Кішкентай ел болса да ана мен бала өлімін азайтуда олардан үйренетіміз көп екен. Кейін литвалықтар Қазақстанға келіп, шеберлік сағаттарын өткізіп, бізді оқытты...
– Бұл салада жұмыс істеп келе жатқаныңызға қанша жыл болды?
– 23 жыл. Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтын бітіріп келгелі бері осы облыстық клиникалық ауруханада қызмет етіп келемін, бір мекемеде. 2009 жылдан бастап №2 жансақтау бөлімінің меңгерушісімін. Бұл бөлімде менен басқа 10 дәрігер, 27 мейіргер, 6 санитар бар.
– Жансақтау бөліміне жөнелтілетін науқастар көп шығар. Олардың басым бөлігі қандай диагнозбен түседі?
– Біздікі екіқабат, босанған әйелдерді қабылдауға бейімделген жансақтау бөлімі. Әрине, бізге аналар әртүрлі диагнозбен келіп түседі. Ауыр халдегі адамдарды тексеріп, диагнозын зерделеп, емдеу шараларын жүзеге асырамыз. 2016 жылы сондай 800-ге жуық науқас бізде емделді.Бізге басқа бөлімдердегі әріптестеріміз де сын сағатта шұғыл көмекке келеді. Өңірдің үздік дәрігерлерінің басым бөлігі осы облыстық клиникалық ауруханада қызмет атқарады. Медициналық құралдарымыз да толық жаңартылған.
– Ерекше есіңізде қалғаны бар ма?
– Жуырда ғана болған соңғы жағдай есімнен кетер емес. Сарыағаш аудандық «Абай» ауруханасынан ауыстырылған науқас әйелдің жағдайы тым ауыр болды. Егер біз оны аудандық ауруханада қалдырғанда өмірімен қоштасуы да мүмкін еді. Үлкен тәуекелге барып, санавиациялық тікұшақпен Шымкентке алдырдық. Тексеруден өткіздік. Емдеу тәсілдерін анықтап, қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Дегенмен, екі күннен кейін науқастың жүрегі сыр беріп, аппаратқа қосуға мәжбүр болдық. Әдетте біздің тәжірибеміз көрсеткендей мұндай хәлдегі адам шамамен жарты сағаттан артық жатпайды, қайтыс болатын. Бірақ, әйел толық есін біліп жатты, 90 минут аппараттың көмегімен тыныстады. Бұл өте сирек кездесетін жағдай. Өз-өзіне келген соң аппараттан ажыратылды. Жағдайы жақсарып емдеу бөліміне ауыстырылды. Осы аралықта біз қойған диагнозда ешқандай ауытқу болған жоқ. Бұл мұндағы мамандардың дер кезінде әрекет етіп, уақытылы тиісті емдеу шараларын жүзеге асыра алатынының тағы бір дәлелі болса керек.
– Клиникалық өлім жағдайындағы науқастарды аяғынан тік тұрғызған кездеріңіз болды ма?
–Клиникалық өлім жағдайында бізге келіп түсетіндер кездесіп тұрады. Бірақ, өте сирек. Көбінде қабылдау бөлімінен жеткізіледі. Бір науқастың біздің жансақтау бөлімінде 20 тәулік жатып, есін жиғаны есімде. Біз оны бірте-бірте аппараттан ажыраттық. Жағдай жақсарған соң тиісті емдеу бөліміне ауыстырғанбыз.