Бір адам әлдебір үлкен компанияға аула сыпырушы болып жұмысқа орналаспақ болады. Кадр бөлімінде оған түрлі сұрақтар қойылып, арнайы тест бағдарламасынан өткеннен кейін оған:
— Құттықтаймыз! Сіз жұмысқа қабылдандыңыз. Жұмыс кестесін жіберу үшін өз e-mail адресіңізді қалдырыңыз, – депті.
— Негізі, менің e-mail түгіл, компьютерім де жоқ еді, – дейді әлгі адам.
— Ендеше, сізді жұмысқа ала алмаймыз. Біздің қызметкерлердің барлығы жылдам байланыс пен топтық жұмыс үшін e-mail қолданады. Бұл – компаниямыздың басты талаптарының бірі, – деп жөнімен кетіпті.
Кірмей жатып, жұмыстан шығып қалған адам тезірек компьютерге ақша жинауды ойлайды. Осылайша ол қалтасындағы 30 долларға бір фермерден 10 кг алма сатып алып, көшеге шығып сатады. Дәмді, әрі пайдалы экологиялық таза өнімнің саудасынан ол бір-екі сағаттың ішінде ақшасын екі есе өсіреді. Ал небәрі 6 сағаттан кейін оның қаржысы 300 долларға жетеді. Он есе пайда көрген жігіт: «Ешкімнің қол астында жұмыс істемей-ақ та күн көруге болады екен-ау» деген ойға келеді.
Арада біраз уақыт өтіп, алма сатумен көлік алады, кішігірім дүңгіршек ашып, кейін ол үлкен дүкенге айналады. Ал тағы 5 жылдан кейін алма сатушы ол дүкенін супермаркеттер желісіне дейін көтереді. Сонымен ол өз бизнесін сақтандыру үшін сақтандыру компаниясына барады. Ол жердегілер тиімді ұсыныстар жайында хабарлама жіберу үшін алма сатушының e-mail адресін сұрайды. Ал ол біраз жыл бұрынғы жауабын айтады, яғни «Менде e-mail түгіл, компьютер де жоқ» деп жауап береді. Табысты бизнесменнің мұндай жауабына таңғалған менеджер:
— Егер компьютеріңіз болса, сіз қандай табысқа жетер едіңіз? – дейді таңдайын қағып. Сонда әлгі адам:
— Мен бір компанияның аула сыпырушысы болар едім, – депті.
Алдымыздан бір есік жабылғанымен, ашық әлі он есіктің барын ұмытпаңыз және соған ұмтылыңыз!
Аударған: Құралай Мұратқызы
Дереккөз: fit4brain.com