Бірде данагөй қартқа жас жігіт келіп:
— Мен өзімді сондай сорлы, түкке пайдасыз, байғұс сезінетіндіктен, осы сезіммен кейде тіпті өмір сүргім келмейтіндіктен сіздің алдыңызға келіп отырмын. Айналамдағылардың бәрі мені жолы болмайтын нақұрыс, бейшара дейді. Ақсақал, маған көмектесіңізші, – депті.
Көзінің қырымен бір қарап, қарт:
— Кешір, мен саған көмектесе алмаймын, қолым бос емес. Бір шаруаны тезірек бітіруім керек, – деп асығыс жауап беріпті де, сәл ойланып:
— Егер сен маған көмектессең, мен де сенің қолыңды қайтармаймын, – дейді.
— Ә-әрине, көмектесемін, ақсақал! – деп дауысы әрең шыққан жігіт «Тағы да мені екінші орынға ысырып жатыр ғой» дегендей бірдеңесін айтып міңгірлейді.
Онысын естімегендей кейіп танытқан қарт:
— Жақсы, – деп сол жақ шынашағындағы әдемі тасы бар сақинаны шешіп жігітке ұстатады да:
— Атқа мін де, тезірек базарға бар. Мынаны сатып, қарызымды беруім керек. Сақинаны мейлінше қымбатқа сатуға тырыс, алтын тиынның құнынан кемге беруші болма! Шап, тезірек кел! – дейді.
Жігіт атын қамшымен осып-осып жіберіп, шаба жөнеледі. Базарға жылдам жеткен ол саудагерлерге сақинаны көрсетіп, оны тезірек сатпақшы болады. Бастапқыда барлығы қызығушылық танытқанымен, сақинаның құны алтын тиын екенін естігенде-ақ теріс айналып, тарасып жатты. Кейбіреулері тіпті жігіттің сөзін күлкіге айналдырып, мазақ қылады. Саудагерлердің арасынан егде тартқан біреуі сақинаның құны бар болғаны мыс тиын екенін, ары кетсе, күміске бағаланатынын айтады. Сөйтіп, алтын тиын деген бұл сақина үшін тым қымбат баға екенін түсіндіреді. Қарт саудагердің сөзінен кейін жігіттің көңілі түсіп, данагөй қарттың айтқанын есіне алады. Орнынан тұрып, базарды қайта аралап, жүздеген адамға сақинаны ұсынып көргенімен, сатып алушы таппайды. Сонымен атына мініп, қартқа қайта келеді.
— Ақсақал, тапсырмаңызды орындай алмадым, – дейді өкінішпен. – Сақинаны ары кетсе, күміс тиынға сатуға болады екен. Сіз алтын тиыннан кемге берме дедіңіз. Ал сақинаның құны алтынға татымайды екен.
— Ұлым, сен дұрыс нәрсе айттың! – деген қарт: – Сақинаны сатудан бұрын оның шын бағасын біліп алуымыз жөн болмай ма?! Ал оның нағыз бағасын зергерден артық кім біледі? Тезірек атқа қон да, зергерге бар. Сақинаның құнын қаншаға бағалайтынын біл. Бірақ қанша қымбат айтса да, сатушы болма! Өзіме әкеліп бер! – депті
Жас жігіт тездетіп зергерге апарып көрсетеді. Зергер сақинаны ұзақ қарайды, таразыға салып өлшейді. Сосын жігітке қарап:
— Дәл қазір қолымда елу сегіз алтын тиын ғана болғандықтан бұл бағалы сақина үшін одан артық ұсына алмаймын. Бірақ маған уақыт берсе, бұл сақинаны 70 алтын тиынға алар едім. Осыны қартқа жеткіз, – депті.
— 70 алтын тиын дейсіз бе? – деп таңғалған жігіт зергерге алғысын айтып, қартқа қарай асығады.
Жас жігіттің әсерлене айтқан әңгімесін аяғына дейін тыңдаған ақсақал:
— Балам, мына сақина сенсің. Бағалы және қайталанбас дара. Сенің шынайы бағаңды тек зергер сияқты нағыз сарапшы ғана бере алады. Ендеше, сен бірінші кездескен жолаушы шынайы бағаңды береді деген соқыр сеніммен базарда не істеп жүрсің? – депті.
Аударған: Құралай Мұратқызы
Дереккөз: www.adme.ru