«Әр істі жақсы істеу үшін, оны жақсы көру қажет» демекші, бай болу үшін де байлықты жақсы көру керек. Балаға деген қамқорлық оны жақсы көру болып есептелсе, ақшаға да сондай қамқорлық қажет. Оны да жақсы көру керек. Себебі, ақша психологиясы осыны талап етеді. Алайда көпшіліктің психологиясы оны құптай бермейді. Себебі көп, шешімі біреу. Ендеше таныса отырыңыздар, кедейлер неге байымайды?
1. Ақшам жоқ. Міне, осы сөз сізді кедейлікке алып барады. Әрине, ақшаң болмаса қиын, мұңаясың. Алайда бай адамның кедейден айырмашылығы да сонда. Олар өз тағдырына шағымданбайды. Ал ақшасы жоқ адам өзін аянышты етіп көрсетіп, жан сырын ақтарып, өмірдегі қиыншылықтарын жыр етіп айтуға құмар. Түсінесіз бе, одан бойыңыз жеңілдемейді немесе әмияныңызда ақша пайда болмайды.
2. Өзгені кінәлау. Кедей адамдар көбінде өзіне жауапкершілік алмайды. Керісінше, ол өзінің жолы болмай жүргенін әріптесінен, отбасынан, әке-шешесінен, бастығынан, биліктен, қоғамнан көреді. Көп қолданатын сөз тіркесі: «Мен солар болмағанда, баяғыда байып кететін едім».
3. Өзгенің еңбегін бағаламау. Кедей адам біреудің есебінен өмір сүргенді ұнатады. Қазақтың «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» деген мақалы дәл соларға айтылғандай. Онысымен қоса, сол өзгенің еңбегін дұрыс бағалай да алмайды. «Мен болғанда, басқаша жасар едім немесе олай жасаған дұрыс емес» деген сөз тіркесін қарсы қолдануы мүмкін.
4. Өзін мүсіркеу. Кейбір жандар өзінде болып жатқан мәселесіне (проблемасына) айналасындағыларды кінәлайды. Мәселен, түрінің келіспегені, өзіне лайықты елде тұрмағаны немесе қолайсыз географиялық жағдай, кедей отбасында туғаны, білімі жетіспейді немесе өзге тілді білмейді және т.б. Кедей адам өзін аяп, мүсіркеп, өкінішпен көп өмірін өткізеді.
5. Шешімді дұрыс әрі тез қабылдамау. Уақытты соза бермеу немесе тәуекелге бел буу, бірінші қадам жасау көбінде сәтті жұмыстың бастамасы болады. Алайда кедейлердің көбінде мұндайға жігерлері жете бермейді. Олар тұрақты, бірақ аз жалақыға қанағаттанады. Нәтижесінде өмір бойы үйреншікті табысын қанағат тұтып, өзінің тыныш өміріне риза болып жүре береді.
6. Ақшаны текке жұмсау. Кейбір адамдардың қаржылық стратегиясы болмайды. Демек, оның мақсаты – ақша тауып, оны тез жұмсау. Ал бай адам тапқан табысын капитал құруға құяды. Яғни, бұдан шығар қорытынды, адам көп ақша тапқаннан байымайды, адам табысын сауатты басқарып қана табысқа жете алады.
7. Өзіне ұнамайтын іспен айналысу. Жаны қаламайтын, сүймейтін іспен айналысатын адамның жұмысына айтар өкпесі көп. Сонымен қатар ол аптаның аяғын асыға күтеді. Басшыларын ұнатпайды, алайда дүйсенбі күні қайта жұмысына сүйретіліп барады. Ал өзінің сүйікті ісімен айналысуына батылы бармайды. Содан еш өзгеріссіз жылдан-жылға өмірі бір сарынмен өте береді.
8. Тегін текке кетеді. Бірсарынды өмірге дағдыланып кеткен адамдар тегін тренинг, семинар, оқу, премьераларға баруға құмар. Алайда барғанымен, оны өз ісіне жаратпайды. Шабыттанбайды. Нәтижесінде біліктілігімді арттырып, дамып жатырмын деп өзін алдайды. Шын мәнісінде бұл тек өзін жұбату ғана, ешқандай да даму жоқ. Тегін дүние текке кететінін түсінбейді. Табысты болу үшін қажет адамдармен жиі араласып, көздеген мақсатқа жету үшін нақты жоспар құра білу керек.
9. Тез арада пайда табуды көздейді. Кедей адамдар жаңа нәрсеге ұмтылмайды, болашағы үшін жұмыс істемейді. Тез арада пайда тапқысы келіп тұрады, жеңіл ақшаға құмар. Күш-жігерін жұмсамай-ақ пайдаға кенелгісі келеді. Яғни бұл көктемде отырғызатын картобын ойламай, бар көкөнісін қыста жеп тауысатын шаруа секілді. Сонымен қатар, біреудің өмірімен өмір сүру де кедейлерге тән нәрсе. Басқа адамдардың керемет өміріне қызығып, соны қиялдап, соның көлеңкесінде өмір сүреді. Бойындағы күмәні мен қорқынышынан арылғысы келмейді.
10. Уақытты текке кетіру. Кейбір адамдар бос уақытын қалай тез өткізудің жолын іздейді. Керісінше, "уақытымды қалай пайдалы өткізсем болады?" деп ойлау қажет. Яғни, кедей уақыты мен өмірін «өлтіреді», ал бай адам уақытын пайдаға жаратып, содан пайда табады. Сонымен қатар табысты адам өзінің жеке басын құрметтейді және айналасындағыларға тәуелді емес. Ал кедей керісінше, "айналадағы адамдар мен туралы жаман ойламасын" деп, бар уақытын, бар күшін өзінің беделін сақтауға жұмсайды.
Дереккөз: massaget.kz