Мархабат Байғұт: «Қазақ елі Наурызбен сағынысып табысты»

Screenshot_4.jpg

Мемлекет, республика, бүкіл ел көлемінде Наурызды мерекелеудің әртүрлі кезеңдерде әртүрлі болғаны, тіпті кей тұстарда тоқтап қалғаны белгілі. Саясатқа қарай сан құбылулар орын алды. Әсіресе, 1926 жылдан кейін мемлекеттік деңгейде мән берілмеді деседі. Алайда, ауылдар Наурызды ұмытқан жоқ. Бәрі болмаса-дағы, көпшілігі. Наурыздың ресми деңгейде қайтып оралуына бірқатар ақын-жазушылар үлес қосты. Ұмытылды делінетін жылдардың өзінде бірқатар басылымдар жазып жатты. Ақын-жазушылар жырлап жатты. Наурызды кең көлемде оралтуға Алаштың қайраткерлері белсене үлес қосты. Наурызға таңдай қаға баға берісті. Түптің-түбінде жыл басы Наурыз болуы тиіс, адамзат осыған қайта оралады, себебі, шын мәніндегі жыл басы – күн мен түннің теңесіп, жаңа күннің басталуынан десті.

  Рас, Қазақ елі, тәуелсіз мемлекетіміз Наурызбен аңсап, сағынысып табысты. 1988-1995 жылдары жер-жерде, қалаларда, аудан орталықтарында, кенттерде, ауылдарда небір-небір тамаша Наурыз мейрамдары өтті. Басқа жақтарды қайдам, біздің Таупістелі ауылында әр жыл сайын Наурыз аталмай қалған емес. Ауыл адамдары Наурызға ерте бастан дайындалатын. Әркім, әрбір үй мүмкіндіктеріне қарай, әрине. Киім-кешек жаңалайды. Жоқ болса, ескілерін жуып, жамап, тазалайды. Үй-жайларын әктейді. Наурыз көжеге керекті сүр еті мен қазысын, бидайы мен арпасын, тарысы мен ноқатын (бұршақ), күріші мен жасымығын реттейді. Қыз-келіншектер қыстай кестелерін тігіп, торларын тоқып шығатын. Наурыз мейрамында көрсетіп, өнер жарыстыру үшін. Тіпті бар ғой, Наурыз мерекесіне әзірлік алтын күзден басталатын. Біздің Таупістеліде сары күзде сарықызыл текеметтер басылатын. Оларды да негізінен көктемде  күнге шығарып жайып, Наурыз өтетін көгалды беткейге апарып төсейтін. Текеметтер көрмесі ұйымдастырылып, озып шыққандарға бәйге берілетін. 

  Балалар асық ойынынан жарысады. Қашпа доп дейтін ойын өтеді. Келесі кезекте арқан тартыс, қазақша күрес, қол күрес, ағаш аяқ, бұқа тартыс, қатын күрес… Аударыспақ пен теңге ілу де өтетін жылдар болатын. Наурыз мерекесінің алдында арықтар мен атыздарды, уаттарды тазалап шабу, алма ағаштарын, жүзімді бұтау, жаңадан көшеттер отырғызу, ауылдағы барша бастаулардың көздерін ашу, бау-шарбақтарды бүтіндеп, жаңарту, жаңғырту, жабағыларды, тай-құнандарды күзеу, қозы-лақты көгендеу, қора-қопсының көңін ойып, тазарту сияқты жұмыстар өзгеше бір құлшыныспен атқарылатын. 

   Қадірлі аталар мен әжелерге немесе құрметті қонақтарға жас өскіндердің, балдырғандардың тұсауын кестіру де қызық болушы еді. Балалардың білім-білік жарыстары, жұмбақ шешу, үлкендердің дүниетаным жағынан бәсекелесуі де ұйымдастырылатын. Әлсін-әлсін әнге кезек беріледі. Ұрысып, керісіп, араздасып қалғандарда табыстыру, татуластыру шаралары тартымды өтіп, жұртқа ой салып, толқытатын. Кемпір мен шалды құшақтастырып, сүйістіру салты да болушы еді. Сценарийлер әр жыл сайын өзінен өзі өзгеріп, жаңарып, жетілдіріле түседі.

Бірақ... бірте-бірте, әсіресе соңғы жылдары Наурызды тойлауда сыңаржақтық, даңғазалық, мазмұнсыздық белең алды. Мәселен, қай жерде де киіз үйдің келеке мен келемежге келіңкірейтін макеті қойылады. Наурыз мерекесін жиналып алып, ішіп-жеу, ас та төк ауқат-тамаққа тою деп түсінушілік басым. Тіпті, мереке соңын әзәзіл арақпен ұластырып, Ұлыстың ұлы күнін ішімдік ішетін сылтауға айналдырып бара жатқандаймыз. Еркек-қызына қарамастан. «Ақ мол болсынды» «ақ арақ» мол болсынға айналдырып алған «әзілкештер» де жоқ емес. Сол сияқты жарассын-жараспасын, әйтеуір салт-дәстүрдің жөні осы екен деп, келін түсіру, қыз ұзату, бесікке салу, сүндетке отырғызу сияқтыларды жыл сайын, жаппай тықпалап көрсете беру де үйлеспейді. 

Дәстүрді жаңашылдықпен үйлестірейік дейтін адам жоқ. Ал бүгінде қалай болса солай, түннен қалған тамақ, талғамсыз көже-пөжелерін бір жерге жиналып алып, ішіп-жеп, өсек соғуға, саясатты сапыруға қарата бейімделіп кеткенін байқайсың. Жүрегің ауырады…

Кім білсін, мүмкін алдағы уақытта дұрысталар. Газет-журналдарда, кітаптарда жазудайын жазып-ақ, айтудайын айтып-ақ жүргендейміз. Біздің қолдан келетіні – жазу ғана…

Наурыз баршамызға бақ-береке әкелсін!

Мархабат Байғұт, жазушы-журналист,халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Мұрағаттан, 15.12.2011 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең үлкен энциклопедиялық сөздік
  • Әлемдегі ең қымбат кітапты Билл Гейтс қаншаға сатып алды?
  • Әлемде қай жазушының кітабы 2 млрд. данамен тараған?
  • Әлемдегі ең ауыр кітап жинағы қай мемлекетте?
  • Әлемдегі ең «ақылды» көпір
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: