Шағын бір қалашықта екі отбасы көрші тұрыпты. Бір үйдегі ерлі-зайыптылар күнде айғай-шу шығарып, жолдарының болмауын бірінен-бірі көріп, ұрсысып жатады екен. Бірге тұрғандары болмаса, ит пен мысықша ырылдасып, дауыстары далаға естілетін көрінеді.
Ал келесі үйден сыртқа тек сыңғырлаған күлкі мен әдемі әуен ғана естіледі екен. Бұл шаңырақтағы ерлі-зайыптылар үнемі қол ұстасып, құшақтасып жүріпті. Олардың бір-біріне қабақ шытқандарын да ешкім көрмеген екен. Көршілерінің мұндай бақытына қызғана қараған долы әйел күйеуіне:
— Мына үйге барып, олардың бақытының сырын біліп кел, – деп бұйырыпты. Бұл сұрақтың жауабын өзі де білгісі келіп жүрген жігіт көршісінің үйіне ұрлана кіріп, бір бұрышқа жасырынады. Ал ыңылдап әнін айтып, жиһаздардың шаңын сүртіп жүрген әйел оны байқамай да қалады. Көрші жігіт бұл үйдегі бақытты жандардың кіршіксіз қарым-қатынасына куә болуды ойлап, әйелдің әр ісін қалт жібермей қарап отырады. Әйел қолына қымбат құмыраны алып, сүрте бергенде телефон шырылдайды. Ол құмыраны үстелдің шетіне қоя салып, басқа бөлмеге жүгіріп кетеді. Сол уақытта жоғарғы қабаттан асығыс түскен күйеуі байқаусызда үстелдің шетінде тұрған құмыраны құлатып, сындырып алады.
«Міне, айғай басталды! Қымбат дүниені сындырды ғой!» деп ойлап, әлдененің басталатынына шүбәсіз сеніп, күтіп отырған көрші жігіт өзі мүлде күтпеген оқиғаға куә болады. Әйелі күйеуіне:
— Кешірші мені, қымбаттым! Мен кінәлімін. Асығып, үстелдің шетіне қоя салып едім, – дейді.
— Бұл не дегенің, сүйіктім?! Мен кінәлімін. Асығып жүріп, құмыраны байқамай, қолым тиіп кеттім. Қой, болды. Ештеңе етпейді. Өзіміз аманбыз ғой, – дейді.
Бұл көрініске куә болған көрші жігіт үйіне жүрегі ауырып, әрең келеді.
Әйелі:
— Неге сонша жоғалдың? Білдің бе олардың бақытының сырын? – деп сұрайды сабырсыздана айғайлап.
— Иә!
— Ендеше, айтсаңшы! Нені күтіп тұрсың?
— Олардың қарым-қатынасы біздікіндей емес, мүлде басқаша екен. Біз кінәні бір-бірімізден іздесек, олар кінәні тек өздерінен іздейді екен, – депті.
Отбасы бақыты сыйластықта. Сыйлай біліңіз, сыйлы болыңыз!
Аударған: Құралай Мұратқызы
Дереккөз: smisl-zhizni.ru