Өмір бойы отбасын құрудан қашып, жалғыз өткен қарт тоқсан жасқа келген шағында науқастанып, өлім ауызында жатыпты. Сонда қартты танитын бір адам:
— Сен бәрі бір отбасын құрып, ұрпақ өрбітпедің және неге олай істегеніңді де жан баласына айтпадың. Қазір бізге осы бір сырыңды ашып, көптің ойында жүрген осынау сұрақтың жауабын берші. Егер қандай да бір құпияң болса, оны бізден жасырып қалма, оның енді саған еш зияны болмайды, – депті.
Қарт:
— Иә, менің жасырған бір құпиямның бар екені рас. Мен ешқашан отбасын құруға, некеге қарсы болған емеспін. Тек бар болғаны, мен үнемі мінсіз әйел іздедім. Осы жолда өмірімнің қалай өтіп кеткенін де аңғара алмадым, – дегенде, жігіт:
— Миллиондаған халық тұратын, осынау үлкен ғаламшардан бір мінсіз әйел кездестірмедің бе? Халықтың тең жартысы әйелдер ғой, – деп таңдана сұрағын қойыпты.
Көзіне жас алған қарт:
— Жоқ, кездестірдім!
Таңданысы одан ары күшейе түскен жігіт:
— Онда неге үйленбедің? Не жағдай болды? – депті бірден.
Сол кезде кемсеңдеп жылаған қарт кісі:
— Ол әйел мінсіз еркек іздеп жүр екен... – деп жауап беріпті.
Аударған: Құралай Мұратқызы
Дереккөз: www.b17.ru