Араншы Шажанов: «Менің тақырыбым--табиғат пен тағдыр»


Screenshot_1.jpg

Ол үшін биылғы жыл жемісті болды. Оның майлы бояумен сурет салуы бесінші сыныпта басталды. Сегізінші сыныпта өзінің жақсы көретін ұстазы—орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалимасына Пушкинге арнап салған копозициясын 8 наурыз мерекесіне арнап сыйға тартыпты. Мұғалиманың сондағы қуанғанын көрсеңіз. Араншының алғаш рет мақтау естіп, өнеріне қанат бітірген кезі де осы еді.

Одан бергі қырық жылда Араншы Шаржанов  атақ-даңқтан кенде болған жоқ. КСРО Суретшілер одағының мүшесі болды.  Еңбектерін мұражай мен галлереялар бояуы кеппей жатып-ақ сатып алып жатты. Шымкент көркемсурет галлереясында көрмесін өткізіп жатқан оны әңгіме тартып, шығармашылығы туралы сыр бөліскен едік.

--Араншы Анарбайұлы, сіздің кезінде бүкіл одаққа танымал суретші өзбекстандық Рақым Ахмедовтен тәлім алғаныңызды әріптестеріңіз жиі айтып жатады. Суретшіге алдымен не керек, талант па, әлде білім бе?

--Талант Құдайдың бергені. Бірақ онымен шектеліп қалуға болмайды. Мен мектепті бітіретін жылдан бастап Мәскеуге барып, Көркемсурет академиясына түсу үшін  танымал суретшілердің қысқа курсында дәріс алдым. Ол кезде бұл жағы заңдастырылмаған болатын. Курстар көбіне жасырын ұйымдастырылатын. Оның әр сағатына 5 сомнан төлейтінбіз. Ол кезде академияға көбіне орта арнаулы білімі бар мамандарды ғана қабылдайтын. Осы себепті оқуға түсе алмадым. Бірақ осы алған білімнің өзі қылқалам өнеріне тереңдей енуіме ықпал етті. Бұдан кейін Мәсеудегі тоқыма инстиутына қабылданғаныммен оны аяқтаған жоқпын. Білімді жетілдіру үшін әлгі курстарда тағы төрт ай білім алып, Ташкенттегі Островскиий атындағы театр және көркемсурет инстиутына түстім. Ол кезде инстиутта студенттерді екінші курстан бастап Сайдовтың, Қозыбаевтың және Ахмедовтың шеберханаларына бөліп жіберетін. Жас суретшілердің барлығы да өзбекстандық Рақым Ахмедовтың шеберханасында оқуға тырысатын.  Тағдырдың жазуы шығар, мен сол Рақым Ахмедовтың шеберханасында тәлім алдым. Ол кезде Орта Азия бойынша КСРО Көркемсурет академиясына екі суретші мүше болатын. Бірі мен айтып отырған Рақым Ахмедов, екіншісі қандасымыз Орал Таңсықбаев болатын.

--Осылайша өнер жолыңыз Ташкенттен басталды ғой...

--Иә, ол кездегі талап бойынша КСРО Суретшілер одағының мүшесі атану үшін біраз тер төгуге тура келетін. Одақта екі көрме, республикада оншақты көрме өткізуің қажет. Аталған талаптардың бәрін орындап шыққан суретші одақтың жанындағы жастар шығармашылық бірлестігіне өтетін. Мен осы баспалдақтардың бәрінен өтіп, 1987 жылы КСРО Суретшілер одағына мүше болдым. Ленин комсомол сыйлығының дипломанты атандым. «23 суретші» деп аталатын қылқалам шеберлерінің бірлестігіне мүше болдым. Бір сөзбен айтқанда, Одақ тарағанша мен Өзбекстан қылқалам мектебінің қазанында қайнадым. Өзбекстан менің еңбегімді жаман бағалаған жоқ.

--Сіз табиғат көріністерін бейнелегенді жақсы көреді екенсіз. Туындыларыңыздан көбіне күз мезгілі жиі байқалады. Бұл ерекшеліктің сыры неде?  

--Жыл мезгілі адам табиғатымен байланысып жатады ғой. Күз менің жасыма байланысты деп ойлаймын. Мен табиғат арқылы адам тағдырына, адамның ішкі жан дүниесіне үңілгенді ұнатамын. Мәселен «Көктем» деген еңбегімде үстіне бесік артқан ат-арбаның артынан сырнай тартып, еріп бара жатқан жасы жер ортасынан ауып қалған адам бейнеленген. Мезгіл көктем. Бірақ шын мәнінде мұнда адам тағдыры тұр. Бұл жасы жер ортасынан ауғанша перзент көрмеген адамның қуанышы. Айналадағы көктем әкенің ішкі жан дүниесіндегі көктеммен астасып жатыр. Табиғат пен тағдыр менің ең сүйікті тақырыбым.  

--Қазір суретшілер көбіне өздерінің еңбектерін қымбат бағаға сатылғанын мақтанышпен айтып жатады. Ал, сіз суреттеріңізді саудалауға оншалықты құмар емес сияқтысыз...

-- Одақ кезінде еңбектерімнің көбінісін Өзбекстан мұражайлары сатып алды.  Суреттерімнің кейбірі 6-7 мың сомға дейін бағаланды. Ол кезде бұл көп ақша болатын. Туындыларымның жартысы сол өзбек мұржайлары мен галлереяларында қалды. Шығармашылық деңгейімді танытқан «Менің құрдастарым» туындысы, «Уақыт пен тағдыр» триптихі қазір сонда тұр. Енді сол жат жерде қалған еңбектерімнің қайталамасын салып жатырмын.   Суреттеріме уақтысында Третьяков галлересы да қызығушылық танытты, Оңтүстік Корея сатып алды. Ұсыныстар қазір де түсіп жатыр.

Тоқсаныншы жылдарғы қиындықтардан кейін мен елге оралдым. Алғашқы кезде ыңғайлы жұмыс табылмады. Балаларым жас болды. Баспана мәселесі қиын еді. Бес жыл бойы шығармашылық жұмыспен мүлдем дерлік айналысқан жоқпын. Автобус айдап, біраз жағдайымды жасадым. Шығармашылық адамға алдымен жағдай керек қой. 

Бүгінде Ә.Қастеев атындағы Шымкент көркемсурет колледжінде оқытушы болып еңбек етіп жатырмын. Шәкірттерге кескіндемеден дәріс беремін. Жалпы колледжде қазір жас суретшілердің терең білім алына толық жағдай жасалды. Шығармашылық жұмысқа көбірек көңіл бөлінуде. Бүгінгі өтіп жатқан көрме де осы жұмыстардың арқасы. Суретші өзін таныту үшін, өзін өзгелермен салыстыру үшін осындай көрмелердіжиі өткізіп тұруы керек.

Ал, еңбектерімді сатуға дәл қазір құлықты емеспін. Алдағы уақытта Астанада осындай көрме ұйымдастыру жоспарымда бар. Өйткені мен қазақ қылқалам мектебіне енді келіп қосылдым. Жаңа ортада өзімнің кім екенімді танытысам деймін.  

--Әңгімеңізге рахмет, сізге шығармышылық табыс тілейміз!

Әңгімелескен Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мақпал Жұмабай: «Біз барлығымыз таза адамдардың алдында қарыздармыз»
  • Батырхан Дәуренбеков: «Анимацияның идеологиялық қару екенін әлі сезіне алмай жатырмыз»
  • Шалатай Мырзахметов, депутат: «100 мың доллар еңбекақы алған кезіміз болды»
  • Нұрлан САНЖАР: «Қожаның» көп қылығы өз бойымда да бар
  • Қайырғали МЕДЕТ: Түркістандағы НКВД-ның түрмесі бүгінде жекенің қолында
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: