Біржан Жақыповтың соңғы мүмкіндігі

Screenshot_19.jpg

Астанада Олимпиада ойындарының соңғы жолдамаларын сарапқа салған лицензиялық турнир өз мәресіне жетіп келеді. Азия құрлығының былғары қолғап шеберлері осы мүмкіндікті барынша пайдалануға бар күш-жігерін салып жатқаны айтпаса да түсінікті. Әлемдегі ең мықты құрамалардың бірі саналатын Қазақстан Лондон олимпиадасында барлық 10 салмақта да өнер көрсетуді мақсат тұтып отыр. Бұған дейін 6 былғары қолғап шеберіміз олимпиадалық лицензияны қоржынға салып үлгерді. Бұл жолы еліміздің намысын қорғау бақыты Біржан Жақыпов, Ілияс Сүлейменов, Данияр Елеусінов пен Василий Левитке бұйырды.  

Жарыс аяқталмай жатып-ақ Елеусінов пен Сүлейменов көздегеніне жетті.  52 және 64 келі салмақтарда 4 лицензия сарапқа салынды. Әйткенмен, Лондонға жолдаманы жеңіп алу оңайға түскен жоқ. Сүлейменовтың қарсыластары арасында әсіресе Азия чемпионы  қытайлық Чанг Юнг, үнді боксшысы Майенгбам Синдх пен Азия ойындарының жеңімпазы филиппиндік Рэй Солюдар мықтылығымен ерекшеленетін. Сондай-ақ, Монғолиядан келген Тугстсогт Ньямбаяр мен Азия ойындарының екі дүркін жүлдегері жапондық Суси Кацуакидің де жолдамадан үмізі зор еді. Бірақ, жеребе ширек финалда Ілиясты қытай боксшысымен айқастырды. Осыдан біраз бұрын Сүлейменов Чанг Юнгтен жеңілген еді. Алайда, қарымта кездесуде қазақ боксшысы қарсыласын 19-12 есебімен тізе бүктіріп, армандаған жолдаманы қоржынына салды. Жартылай финалда Кореяның былғары қолғап шеберімен айқасатын Сүлейменов турнирде жеңіске жетуді көздейді. 

Былтыр Бакуде өткен әлем чемпионатында сәтсіздікке ұшырап, жолдаманы жеңе алмаған  Данияр Елеусінов бұл жолы  мүмкіндігін мүлт жібермеді. Алғашқы кездесуінде иорданиялық Мохаммед Салехті оп-оңай ұтқан Елеусіновті ширек финалда  Солтүстік Кореяның өкілі Чол Сон Ким күтіп тұрды. Алғашқы секундтардан бастап ашбуылға шыққан қазақстандық боксшы бірінші раундты 6:2 есебімен аяқтаса, екінші кезеңдегі есеп 12:3-ке жетті. Ким қанша тырысқанымен, үшінші раундта кездесудің бағытын өзгерте алмай, жеңілуге мәжбүр болды. Жартылай финалға шығып, олимпиадалық лицензияға қол жеткізген Елеусінов пен Сүлейменов енді Лондон ойындарына дайындыққа кіріседі. 

Бұл боксшыларға қарағанда Біржан Жақыпов пен Виталий Левиттің жағдайлары қиындау. 49 және 91 келі салмақтарда жалғыз ғана лицензия  сарапқа салынады. Демек, Лондонға жолдама алу үшін міндетті түрде турнирдің жеңімпазы атану қажет.  Шымкенттік боксшы Біржан Жақыпов Әзірбайжан астанасы Бакудегі әлем біріншілігінде сүрінген соң Лондонға бару-бармауы күні кешеге дейін белгісіз болды. Олимпиада ойындарының ұйымдастырушылары  алғашқыда бұл салмаққа қосымша жолдама беруден бас тартып отырған. Алайда, ұзаққа созылған пікірталастан соң Астанадағы турнирде лицензия сарапқа салынатыны белгілі болып, қазақстандық бокс жанкүйерлерінің үміті оянды.  Жақыповтың негізгі қарсыластары ретінде Шахобиддин  Зоиров (Өзбекстан), Наоя Иноуэ (Жапония) және 16 жасар тәжік боксшысы Асрор Возидовты атап өткеніміз абзал. Былтыр Асрор жастар арасындағы әлем чемпионы атанып, АИБА тұжырымы бойынша дүниежүзінің ең үздік жас былғары қолғап шебері болып танылды. Қалай десек те, Біржан осы жолы барын салуы тиіс. Лондонға аттанатын ұлттық құраманың сапында әзірше Оңтүстіктің бірде-бір өкілі жоқ. 

Алғашқы кездесуде шымкенттік боксшы пәкістандық Мұхаммед Нисармен қолғап түйістірді. Шаршы алаңға шыққан сәтінен бастап Жақыпов жанкүйерлерін ширақ қимылымен, ұтымды әдістерімен тәнті етті. Сарапшылар Біржанның дайындығы өте жоғары деңгейде екенін ғана емес, тактикасының да өзгеріске ұшырағанын байқады. Пәкістандық боксшы қанша тырысқанымен, Біржанға дұрыстап соққы бере алмады. Бірінші раунд 7:2 есебімен аяқталды. Екінші кезеңде Жақыпов шеберлігін паш етіп, қарсыласын тықсыра бастады. Шаршы алаңда шарасыздық танытқан Нисар екі рет нокдаунға түседі. Әбден есеңгіреген сол әупірімдеп жүріп кездесудің соңына дейін шыдағанымен,  25:5 есебімен ойсырай  жеңілді. Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжан шымкенттік былғары қолғап шеберіне көңілі толатынын жасырмады. «Жартылай финалда Біржан өзбек боксшымен кездеседі. Бұған дейін олар шаршы алаңда екі рет кездескен. Көршілес елдің өкілі осал қарсылас емес, дегенмен, Жақыпов жанкүйерлерінің үмітін ақтайды деген сенімдеміз. 

 Василий Левиттің де мүмкіндігі жоғары. Ширек финалда тәжік боксшысымен кездескен Левит үш раундты да айқын басымдықпен өткізді. Әр соққысын діттеген жеріне тигізіп келген  қазақстандық боксшы үшінші раундта Абдурахмоновты нокдаунға жібере алды. Айқын басымдықпен жеңіске жеткен Василий Левит жартылай финалдық кездесуін өзінің негізгі қарсыласы саналатын сириялық Мұхаммед Госсоунмен қолғап түйістірмек. Азияның  ең мықты боксшысы саналатын Госсоун құрлық чемпионы әрі соңғы Азия ойындарының жеңімпазы. Левит екеуі 2010 жылы өткен осы жарыстың барысында жекпе-жек өткізіп, тең дәрежеде жұдырықтасқанымен төрешілер жеңісті сириялық спортшыға беруді ұйғарды. Енді Левиттің жеңетін кезі келді. Біржан мен Василий жанкүйерлердің үмітін ақтайды деген үміттеміз. 

Мұрағаттан: 12.04.2012


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қазақ боксшысы өзбекстандық қарсыласын нокаутқа жіберді
  • Головкин бұрынғы бапкері жөнінде өз пікірін білдірді
  • Франц Беккенбауэр. Алаңдағы абыз
  • Головкин 8 маусымда өтетін жекпе-жекте қанша гонорар алады?
  • Головкиннің 8 маусымда кіммен жұдырықтасатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: