Нелли Ким – Әлемге аты мәшһүр Олимпиаданың 5 дүркін чемпионы. Талай сында Қазақстанның абыройын асқақтатқан спорт саңлағы. Нелли Кимнен кейін спорттық гимнастикадан еліміздің қыздары арасында әлемдік додаларда нәтижелі өнер көрсеткен ешкім болмады. Ал ерлер сынында Ернар Ерімбетовтің асығы алшысынан түсті деп айту қиын. Тіпті, соңғы Бейжің олимпиадасына Қазақ елі атынан бірде-бір гимнасшы қатысқан жоқ. Енді міне, араға 32 жыл салып, Кимнің ізін басар спортшы табылды. Лондон олимпиадасына жолдама алған келесі гимнасшы қызымыз да Шымкенттің тумасы. Таныс болыңыз – Мөлдір Әзімбай!
Германияда жалауы желбірейтін Әлем кубогына Алматы қаласында дайындалып жатқан Мөлдірге телефон арқылы хабарласқан едік.
– Сәлеметсің бе, Мөлдір! Алдымен өзіңді Олимпиада жолдамасына ие болуыңмен және келе жатқан 8 наурыз мерекесімен құттықтаймыз!
– Рахмет!
– Бірден әңгімемізді Лондонға жолдама алуыңнан бастасақ…
– Лондондағы турнирге барар алдында Алматыда іріктеу сыны өтіп, тек мықтылар ғана Англияға бардық. Онда нақты қанша адам қатысқанын білмеймін. Тек білетінім, үздік деген 30 гимнасшы жолдамаға ие болды. Жарыс алдында ел қоржынына тағы бір жолдама алып беріп, қазақ қыздарының да спорттық гимнастикадан мақұрым емес екенін дәлелдегім келді. Мақсатым орындалды. Енді биік шыңды бағындыру үшін тыңғылықты дайындалып жатырмыз.
– Олимпиада өтетін спорт ғимараттары қандай екен?
– Лондон маған қатты ұнады. Жарыс залдары да керемет. Нағыз Олимпиада өткізетін жер.
– Гимнастика сені несімен баурады?
– Біз бес ағайындымыз. Әкем Жаңабай – жүргізуші, анам Тастанкүл медбике. Мен үйдің кенжесімін. Ағаларым күреспен, футболмен шұғылданып жүрген кезде, спортқа қатты қызығатынмын. Кейін өзім білім алған №24 мектепте гимнастика үйірмесі ашылғанда, оған қуана-қуана жазылдым. Қатысып көріп едім, бірден ұнады. Алғашқы бапкерім Алена Варшавская – мықты маман, шебер психолог. Балалармен қалай сөйлесуді біледі. Спортқа келуіме Алена бапкерімнің де ықпалы болды.
Қазір өзімді гимнастикасыз елестете алмаймын. Әрине, бұрынғыға қарағанда бүгінгі гимнастиканың жаттығулары қиындау, жұмыстары да ауыр. Сондықтан кейде қатты шаршаймын. Ондай кезде бапкерім аздап демалыс береді. Сосын жаттығуға қайта кірісемін.
– Бұрынғы гимнастика деп қай кезді айтып тұрсың?
– Кішкентай кезімді айтамын. Мүмкін, бапкерім ол кезде аса ауыр тапсырмаларды бермеген болар. Қазір барлығы басқаша.
– Қиын жаттығуларыңның бірін айта аласың ба?
– (Сәл ойланып) Бір аяқта 1 сағат тұру, сосын келесі аяқ. Білектерге жұмыс жасау. Жаттығуда мұндай әдістер қиын болғанымен, жарыста көп көмегін береді.
– Алена Варшавская бірінші бапкерім дедің. Қазіргі бапкерің кім?
– Жеті жасымнан бастап бірнеше тәжірибелі шәкіртті тәрбиелеген Галина Долгополованың қарамағындамын. Ол Алена бапкерімнің де ұстазы. Алена Варшавскаяның мені Галина Федоровнаға өзі әкеліп тапсырды. Енді екі бапкердің де сенімін ақтау үшін жаттығу жасап жүрген жайым бар.
– Жарақат алған кезің болды ма?
– Гимнастика – қиын спорт түрлерінің бірі. Жаңа бір әдісті үйрену үшін оған айлап дайындалуың керек. Кейде тіпті жаңа жаттығуларды меңгеру кезінде жарақат алып қалып жатамын. Қазір иығым ауырып жүр. Емделіп жатырмын.
– Еліміздегі спорттық гимнастиканың деңгейі қалай?
– Қазақстанда спорттық гимнастикаға аса көңіл бөлінбегенімен, бапкерлердің табандылығы арқасында онымен шұғылданатындардың шеберлігі шыңдалып келеді.
– Лондонға қандай мақсатпен бара жатырсың?
– Мен жарыстың жеңімпазы боламын деп ешқашан болжам жасап, жұртқа жариялаған емеспін. Тек жаттығуды жоғары дәрежеде орындасам деп жоспарлаймын. Бір білетінім, Олимпиадаға ермек үшін бара жатқан жоқпын.
Қашанғы әдет бойынша жас спортшыны өзінен бұрынғылармен теңестіріп, салыстырғымыз келмейді. Біздікі Мөлдірге Шымкенттен шыққан Олимпиаданың және Әлемнің 5 дүркін чемпионы Нелли Кимнің жолын берсін деген тілек қана… Мүмкін, қаршадай қазақ қызына Олимп шыңын бағындыру Лондоннан бастау алар. Соған сенейік!
Мұрағаттан: 19.04.2012