- Айтыстың айдынында желкен тартқаныңызға 20 жылға жуықтапты. Өткен күндердің елесін таразыға тартып көрейікші.
- 8 сыныпта оқып жүрген кезім еді. Танымал халық ақыны Әселхан Қалыбекованың айтысын телеарнадан көрдім. Оның қарсыласы «қашанға дейін қыз болып айтыса бересің? Соңыңнан ерген сіңлілерің жоқ па?» деді. Сол кезде Әселхан апай:
Қамыстың шоғы емеспін өшіп қалар,
Өнер деген кейінгіге көшіп қонар,
Қырыққа дейін қыз болып айтысамын,
Сіңлілерім оған дейін өсіп қалар», - деп тосылмай жауап қайтарғаны жадымда жатталып қалыпты. Екеуміз де Отырар ауданының тумасымыз. Сонда «апа, мен соңыңнан еремін, мен өсемін!» дегенім есімде. Періште «әумин» деген шығар.
Қателеспесем 1986 жыл болуы керек. 9-сыныпта ұстазымыз Жұмагүл Нәлібаева «аудан орталығында айтыс болады, соған қатысуларың керек» деді. Оған жолдама алу үшін ұстаз жайлы өлең жазу керек болды. Менің жазған өлеңім үздік деп танылды. Сөйтіп, 9-сыныпта бірінші рет айтыста бағымды сынап, бірден бас жүлдені жеңіп алдым. Айгүл Асанова деген қыз екеуміз қарсылас болған кезде қазылар алқасының құрамындағы Әселхан апай «Эврика! Америка ашылды! Біз жас ақындарды таптық!» деп қуанғанын көрдік. Айтысқа 6 сынып оқушысы Бекарыс Шойбеков пен 7 сыныпта оқитын Жәкен Омаров та қатысты. Сол төртеуміз содан бері айтыстың айдынында бірге келе жатырмыз. Өнердің өрісін кеңейтсек деген ниетпен үлкен ақындар мен ұстаздарымыздың соңынан ердік. Солардың үмітін ақтауға тырыстық. Тіпті өзім айтысқа қатыспасам да тәжірибе жинау мақсатында дара әрі дана тұлғалар Абайдың, Жамбылдың мерейтойларына арналған айтыстарды көрермен ретінде тамашалап қайттым.
- Биылғы Ұлыстың Ұлы күніндегі дәстүрлі айтыста елдің назарына іліккен ерекшелік –өзге өлкелерден додаға ат қосқандардың көпшілігі жас ақындар болса, Оңтүстіктің намысын қорғауға кілең «кәрі қасқалар» қатысты. Сіздердің жас ақындармен жарысып жүлдеге таласқандарыңыз ептеп ерсі де көрінді ме, қалай?
- Былтыр осы дәстүрлі айтысқа оңтүстіктің атынан өңкей жастарды жібердік. Сол додада жерлесіміз Нұрлан Есенқұлов бастаған топ биіктен көрінді. Былтыр жастар бағын сынаса, биыл тек алдыңғы буын үмітті үкілеп көруді ұйғардық. Әйтпесе біздің облысымызда Қалижан Білдәшев, Нұрлыбек Мейірманов, Нұрлан Есенқұлов, Біржан Байтуов, Лаура Тастанбекова, Жадыра Қазиева сияқты талантымен таңдандырып жүрген жастар жетерлік.
«Ізденбейді, ақылдаспайды, зерттемейді...»
- Басқа облыстардан, айталық соңғы жылдары Шығыс Қазақстаннан шыққан бір топ шоқжұлдыз республика көлемінде мықтылықтарын мойындатып үлгерсе, біздің жастардың алған асуы ауыл-аймақтың шеңберінен аса алмай жүр ғой.
- Диагнозды дәл қойып отырсың. Меніңше, бұған жергілікті ақындар тек өздерін кінәлауі керек. Олар республикалық деңгейдегі дүбірлі додаларды оза шаппауының себебі, біріншіден ізденбейді. Екіншіден, тәжірибесі мол аға буынмен ақылдасқылары келмейді. Үшіншіден, қай жаққа барса сол жақтың ахуалы жайлы алдын-ала ақпарат алып, қарсыласын зерттемейді. Айталық күні кешегі Наурыз айтысына қатысқан жастар «Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың тойы» деумен ғана шектеліп, кеңестік жүйенің солақай саясатының «қылышынан қан тамып» тұрған тұста ештеңеден сескенбей ұлттық өнерді, ұлттық мүддені ұлықтай білген Өзағамыздың өмір тарихын айтыстың арқауына айналдыра алмады. Қысқасы ізденіс жоқ. Өкінішке қарай тұғырлы тұлға жерлесіміз екендігімен өзгелерге мақтанудың орнына өзіміздегі жас ақындардың оны режиссер деп шатасқаны ұят-ақ болды.
Бұл доданың бел ортасында жүргеніме 20 жылға жуықтаған менен болсын, болмаса қаншама республикалық, халықаралық айтыстардан бас жүлдені қанжығасына байлап қайтқан Ақмарал Леубаевадан болсын, немесе дарынын даусыз дәлелдеген басқа әріптестерімнен кеңес сұрау жастарға жараспай ма? Одан олар ұтпаса ұтылмайтыны анық. Өзгелерді қайдам, өз басыма айтыс өнеріндегі жас өрендердің ешбірі кеңес сұрап келмепті. Өйткені көпшілігінің көкейінде бір-ақ нәрсе - «не дейсің, мен сұмдық ақынмын» дейтін «жұлдыз ауруынан» әріге аса алмай жүр. Өзім ұстаздарыммен келіспей, кеңеспей додаға бармаппын. Айтысқа аттанардан бұрын міндетті түрде Әселхан апайдың батасын алып, алғашқы ұстазым Жұмагүл Нәлібаеваның үйінде қонатынмын. «Онда барғанда не айтамын?» деп ақыл сұрайтынмын. Тіпті 40 жастан шағымда да осы дәстүрді сақтап келемін.
- Кемшін тұстарын жастардың өзіне айтып көрдіңіз бе?
- Айтқанмын, бір рет емес, бірнеше мәрте. Бірақ, қазір ақыл тыңдайтын заман емес екен. Көбісі үстірт тыңдап, «дұрыс, дұрыс» деп бас шұлғығанымен нәтиже шығарған ешкім жоқ. Меніңше жергілікті жастардың арасынан мықты айтыскерлердің шықпауының тағы бір себебі, нарық заманында өнерге бағыт түзген жастар оңай жолмен мал табуға құмар. Айтысқа барса міндетті түрде бәйге алғысы келеді. Айтыс өткелі жатыр дегенді естісе алдымен бас бәйгеге ненің тігілгенін сұрайды. Бұрын қалыптасқан ақындар бірінші орынға материалдық байлықты емес, рухани байлықты қойғандықтан биіктерге көтерілді. Көңілдеріне келмесін, қазіргі жастар арасында «айтысқа 5-6 рет қатыстым, бірақ мені бағаламады. Мұнда әділеттік жоқ екен. Енді айтысқа қатыспаймын» дейтіндер бар. Сахнаға шыққанына әлі үш жыл толмай жатып осындай пікір білдірген жастарға таң қаламын. Өзім айтыстағы алғашқы ірі бәйгемді 15 жылдан кейін иеленіппін.
Жалпы, бәйгелерімнің ерекше болғанына мақтанамын. 1991 жылы студенттер арасындағы айтыста жеңіске жетіп, бас бәйгеге тігілген түйені міндім. Оған мінуге қорқып, қалай отыратынын білмей қызық болған еді. 2006 жылы Ақтаудағы айтыста бас жүлдеге тігілген миллион теңгені жеңіп алдым. Сол миллион теңге сонау 1991 жылдан кейінгі ең үлкен бәйгем болды. Басқа ақындар шетінен темір тұлпарларға мініп жатқанда әуелі Балғынбек Имашев, екінші рет Ахметжан Өзбеков, үшінші мен «миллионер» атандық. Балғынбек «миллионерлер, бірге бас қосайық, басқалармен араласпаймыз» деп әзілдейтін. Ал темір тұлпарға тек 2009 жылы қол жеткіздім. Бас бәйгеге тігілген «Шевролет» маркалы көлік сыбағама бұйырды. Айтыскер Айнұр Тұрсынбаеваның «Маржан, бұл «Шевролет» 10 «Жигулидің» құны ғой. Біз жылдар бойы көлік міндік деген атымыз болмаса, алғанымыз кілең «Жигули». Сенің бұл бәйгең ерекше болды» деп айтқан сөзі бар. 2010 жылы тағы да автокөлік алдым. 5-6 рет айтысқа қатысып, бас бәйге бұйырмағанына ренжіп жүрген жастарға айтарым «өнерге шын көңілмен берілсең түбі бір шыңға шығарың анық».
«Маған айтысты қоятын уақыт таяды»
- Биылғы Наурыз айтысқа Бекарыс Шойбековтың қатыспағанын ел сан-саққа жүгіртіп жатыр. «Бекарыс бас бәйгені алмай тынбайды, одан да жастарға жол берсін» деген талаптың болғаны ма?
- «Бақ шаба ма, бап шаба ма» дейді ғой. Бекарыстың өзі де кейде бас бәйге алмақ түгілі финалға да өтпей қалып жүр. Жеңілісін өзі де мойындайды. Ақмаралдың да, менің де басымнан осындай жағдайлар өткен. Ал Бекарыстың бұл жолғы Наурыз айтысқа қатыспауын мен ең әуелі адамгершілікке жатқызамын. Бекарыс айтыстың брендіне айналған жігіт. Аманжолдың көңіліне келмесін, көпшілік Аманжолды Қазақстанның бас ақыны деп атап жүр ғой. Ал ақындардың іштей әңгімесіне құлақ түрсеңіз, қазіргі бас ақын Бекарыс болып тұр. Оның мықтылығын Аманжолдың өзі де, «менмін» деген Ринат та мойындайды. Қайбір жылы Шымкентте өткен айтыстан соң Ринат пен Айнұр Тұрсынбаеваның екеуара әңгімесіне куә болдым. Сонда Ринат «Бұл жолы Оңтүстік өзіне бұрып кетті, мен мықты болып тұр ем, қазылар алқасы Бекарысқа жақтасты» деп аузымыз қисаймайтын болды. Өзімізге де обал жоқ, Бекарыс мықтының мықтысы ғой» деп мойындаған болатын. Бәлкім, Бекарыстың шынында да өзінің бағындырар биігін біліп, «бәйгені жастар алсын» деген ойы болған шығар. Бекарыс қазылар алқасына қосылудан да бас тартты. «Ақындарға төмен баға беріп, көңіліне тиіп қаламын ба» деді ме екен? Бұл жерде Бекарыс бір емес, екі рет жеңіске жетіп отыр.
- Дәстүрлі Наурыз айтыстың биылғы бірінші орыны сіздің еншіңізге тиіп, бас жүлдесі өзімізде қалмай қарағандылық жас ақынның қанжығасына байланғаны әділдіктің көрінісі ме, әлде...
- Шыны керек, бұл жолы Дидар Қамиевтің бабы мен бағы қатар шапты. Жас ақынның дайындығы мықты болғанын мойындаймын. Бұра тартушылық болған жоқ, айтыс шын мәнінде әділ бағаланды деп айта аламын. Ал енді жұрт айтыстың бірінші күні менімен айтысып, бірдей ұпай алған Мұхтар Ниязовқа үлкен үміт артқаны рас. Есесіне ол екінші күні оңбай сүрінді. «Мақтаған қыз тойда «острый» қимылдар жасайды» деген сияқты ерсілеу, ауырлау, сахна көтере алмайтын сөздерге ұрынды.
- Финалда жас ақыннан жеңілгеніңіз жүйкеңізге тимей ме?
- Бұрын білінбейтін, бірақ жасың ұлғайған сайын қиындай түседі екен. Әселхан апай «қырыққа дейін қыз болып айтысамын» деп біліп айтқан ғой. Жасы 40-тан асқан адамның жүйкесіне шынында да салмақ түседі, шаршайды. Мен осы айтыста соны байқадым. Ендігі мақсатым - өзім басқарып отырған өнер мектебіне келген жастардың бойындағы талантын шыңдау. Тағы 5, 10 жыл айтысамын деп айта алмаймын. Көпке созбай айтысты қоямын деген ойдамын. Айтыс өнеріндегі 20 жылдық тәжірибемді шәкірттеріммен бөлісіп, тәрбиелеуім керек.
- Сіз үлгі тұтатын Әселхан Қалыбекова талай жасқа келсе де айтысып жүрді. Тәушен апамыз қартайғанда да өнерімен жұртты тәнті еткені белгілі.
- Соңғы кездері бірнеше айтысқа шақырғанымызда Тәушен апамыздың «қатарың болмаса тойға барма. Өңкей жастармен айтысып, ақыр аяғы мазаққа айналып кетемін бе деп қорқамын» деуі бекер деймісіз. Менің де алдағы жылдарда жастармен жүлде үшін таласқым келмейді.
«Ақиқатты айту ақынның өзіне байланысты»
- Айтыс өнерінде соңғы кездері ерсілеу сөздер, орынсыз әзілдер тым көбейіп барады. Мәселен, жуырдағы Наурыз айтыста өзінен жасы әлдеқайда үлкен келіншекке жас ақынның «жеңгемнің құшағы қандай ыстық» деп айтқанын естідік. Әрине, қалжың да керек шығар, бірақ...
- Майдаланып кеткендігі сол, қазіргі жастар бұрынғы айтыстарды оқымайды. «Жеңге мен қайнысы бұрын да әзілдескен ғой» дейді олар. Бірақ, қалай әзілдескен, қандай қалжың айтқан? Мәселе сонда. Бұрынғылардың қалжыңды астарлап, тұспалдап жеткізгенін дұрыстап білмегендіктен жастар тарапынан әлгіндей сөздерін естіп жатамыз. Ерсі сөз қарсыласының намысына тиіп кетпей ме, ол жағын ойламайды. Биылғы Наурыз айтыстың бас бәйгесін алатындай көрінген жас ақын Мұхтар Ниязов дәл осы тұста бір емес, бірнеше рет сүрінді. Екінші орынға бірден сырғып түскені де содан. Әйтеуір сүріндірсем деген ойдан туған сөздер ғой. «Осылай десем қарсыласым сөз таппай қалады, мен жеңіске жетемін» деп ойлайтын шығар. Әзілді басқаша, әдемі түрін келтіруге болады ғой. Мысалы, қайбір жылы Астанада Ақмарал мен Аманжолдың айтысы болды. Аманжол «жеңгемсің ғой, мен сені қыдыртайын» деді. Ақмарал «қайда қыдыртасың? Бәйтерекке апарасың ба? Қайда қыдыртсаң да апарған жеріңе барайын» деді. Сөйткенде Аманжол «кешір Ақмарал, Бәйтеректен басқа жерге апара алмайды екенмін» деп қазақ еліне ортақ мәселелерді қозғай жөнелді. «Жезқазғанға барайын десем кәрістер Жезқазғанның мысын алып, бауырына басып отыр екен. Ақтөбеге барайын десем оны қытайлар бауырына басып отыр екен. Байқоңырға да апара алмаймын, себебі онда орыстар билеп отыр» деген мағынада бүкіл қазақтың ойындағы сөзін жеткізді. Міне, әзілмен бастап, артынша қазақтың жанына батқан күрделі мәселелерді де қамтыды. Ал қазіргі жастар мұндай нәрселерді көре білмейді. Әрине, барлығына күйе жағуға болмайды.
- Бұрын айтысты республикалық телеарналарда жиі тамашалайтын едік, қазір айтысты сирек көрсететін болды. Тіпті додаға кейбір тік мінезді, өткір тілді айтыскерлер қатыспайтын болды.
- Мен қатысқан айтыстардың ешқайсысында ешкім жиналыс жасап, «мынаны айтасың, мынаны айтпайсың» деген емес. Астанадағы айтыста Президент аппараты жетекшісінің орынбасары Мәулен Әшімбаев «ақынның аузына қақпақ қояды деп ойлап жүрген шығарсыздар. Бірақ Жамбыл менен Айкүмістің айтысын жатқа айтатын Елбасымыздың мұндай тапсырма беріп ақындардың аузына қақпақ қоюы мүмкін емес. Себебі өзінің анасы әнші болған Елбасы мұндайға бармайды. Ол кісі өнерді, айтысты жақсы көреді. Қозғайтын тақырыптарыңызда шектеу жоқ, халықтың жүрегіндегі сөздерді жеткіземін десеңіздер рұқсат» деді. Сол Тәуелсіздікке арналған айтыста қандай сөздер айтылды. Ризашылыцқтан халық орнынан тұрып кеткен кездер болды.
- Бәрібір «ішкі цензураның» да әсері бары жасырын емес қой.
- Бұл енді ақынның өзіне байланысты. Қорқақ ақындар болады. Екі ортада жақсы көрінуі үшін «осы мәселеге жоламай-ақ қояйын, менен басқа да айтқыштар табылып қалар» дейтіндер бар. Кейбіреулері өзі қаламаса да, халықтың алдында ұпай жинау үшін ғана көсілетіні сырт көзге байқалып тұрады. Шын мәнінде де мықты, ештеңеден қорықпайтын ақындар да жоқ емес. Бекарыс, Жандарбек Бұлғақов сияқты айтыскерлерде бұғып қалу деген кездеспейді. Айбек Қалиев те мықты ақын, оның өнерін аса жоғары бағалаймын. Ол айтыстың тарихында 20 жылдық еңбегімен ғана емес, Елбасыға ең алғаш дат айтқанымен есте қалды. Елбасыға өтініш-тілегін жеткізіп жатқандар көп, ал сахнада отырып дат айтқан осы Айбек. Бұл да айтыс өнеріне керек дүние. Бірақ, Айбек дат айтқанда шектен шыққан жоқ, халықтың көңіліндегісін айтты.
- Айбектің Елбасыға дат айтқаны секілді, оңтүстіктегі ақындардың арасында облыс әкіміне дат айтқандары болды ма?
- Қазір нақты есімде жоқ, бірақ облыс басшылары тарапына сыни сөздерді көбіне Әселхан апайымыз айтатын. Ойын ашық жеткізуді, ешкімнен жасқанбауды сол кісіден көрдік. Билікке кейде жағып, кейде жақпай қалатыны да содан. Сосын Қаныбек ағамыз да халықтың жүрегіндегісін айтатын.
- Жуырда Елбасы Түркістанда зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізгенде Бекарыс мемлекет басшысы Н.Назарбаевқа арнау айтты. Сіз де кейде саясатына қолдау білдіріп көпшіліктің алдына шығып жүрсіз.
- Сөзіңнің төркінін түсіндім. Мен адам ретінде де, ана ретінде де Елбасыны қолдаймын. Басқа елдермен салыстырғанда көп нәрсеге шүкіршілік етуге болады. Үлкен істі бастау үшін кейде адам біраз нәрселерді құрбандыққа шалады ғой. Мүмкін кейбір кемшін тұстары осы құрбандықтың кесірі, салқыны шығар. Сосын көп мәселе мемлекет басшысының бастамаларын іске асыратын азаматтарға да байланысты ғой. Бірақ, қалай дегенмен, үлкен тірліктердің жасалып жатқанын толық мойындау керек. Кеше ғана 56 мемлекеттің басшылары ұлтымыздың алдында бас иіп, қазақтың жеріне табан тигізгені халқымызды көкке көтергенмен бірдей. Сарыарқаның сары даласын Астанаға айналдырудың өзі де ерлік қой. Мұндай жауапты шешімге бару үшін ең әуелі жүрек керек. Ол кісі тарихты жасады. Елбасының тағы 10 жылға сайлануына қатысты әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Мен де пікірімді білдірейін. Ата-ананың өмірге әкеліп, тәрбиелеген баласы 20 келсе де әлі үйленген жоқ делік. Сол баланы 30 жасқа дейін өсіріп, үйлендіріп, орда бұзар жігіттің деңгейіне жеткізген соң басқа біреудің қолына бергені жөн. Өзінің перзентін, өзінің шаңырағының жағдайын сол кісіден артық ешкім білмейтін шығар деп ойлаймын. Бұл менің жеке пікірім. Өзім де кешегі айтыста «бастаған көшін қай жолмен жүргізуді біледі» деген ойымды жеткіздім. Өткелде ат ауыстыруға болмайды. Тіл мәселесін де көтеріп жүрміз. Елбасы «қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деді. Одан артық не керек? Жер бетінде дәл қазақ сияқты өз ана тілін 20 жыл оқыған халық жоқ шығар. Айналып келгенде барлығы өзімізге байланысты.
-Әңгімеңізге рахмет.
Oinet.kz мұрағатынан