Тағы да мектеп оқушысы оққа ұшты

Screenshot_8.jpg

Шетелдің атыс-шабыс кинолары Шымкенттің өзінде болып жатыр. Экранда емес,  шынайы өмірде. ...Тым шектен шыққандық демеске амал бар ма?! Кешкісін шетелдік көлік мінген төрт жігіт «Қазығұрт» мөлтекауданына кіріп, алдарынан шыққан адамдарға себепсіз оқ жаудырған. Көргендер айтады, қолдарына шолақ мылтық ұстаған жігіттердің бірі терезеден, бірі көліктің төбесіндегі желдеткішінен дүркін-дүркін оқ атқан. Тап бір майдан даласындағыдай. Жаға ұстатарлық сұмдық кезінде жас жігіт қыршын кетті. Бар-жоғы он жеті жасында. 

Марқұм Қазыбек Әуез жолдастарының айтуынша, өте ақкөңіл, мектеп оқушылары арасында өзінің көшбасшылық қабілетімен көзге түскен азамат, көңілді тапқырлар клубының белсенді мүшесі болған. «Алдына қойған мақсаты көп еді...» дейді қайғыдан қан жұтқан олар.    

  Ойда-жоқта қара жамылған Ілясовтар отбасы марқұмды өткен жексенбіде ақтық сапарға шығарып салды. 

Ал, «боевик» жігіттер оқиға болған  түні-ақ құрықталды. 

Screenshot_9.jpg 

Самат Ильясов, марқұмның ағасы:

--6 наурызда кешкі сағат 8-9 арасында Ержан деген жігіт телефон соғып, «Тез жет, Қазыбекті атып кетті» деген суық хабарды жеткізді. Қанды оқиға сол жігіттің есігінің алдында болған екен. Мен тез арада Төлебаев көшесіне жеттім. Полиция қызметкерлері де келіп қалған екен. Алғашқыда Қазыбек жарақат алған шығар деп ойлағанмын. Жоқ, аздан кейін жедел-жәрдем келіп, дәрігерлер «Бәрі кеш» деді. 

Болған оқиғаның жай-жапсарын әлі толық түсіне алмай отырмыз. Атқан «Колос» жақтың жігіттері көрінеді. Әлі кәмелетке толмаған, мектеп оқушылары. «Опель» көлігіне мінген төрт жігіт мөлтекауданға келіп, алдарынан шыққан жігіттерді ата бастапты. Осындай атыс «Лесбек» дүкенінің алдында болған көрінеді. Тіпті, қақпасынан шығып келе жатқан бір жігіттің әкесінің аяғынан да тиіпті. Оқ тағы бір жігіттің бетіне сырып кеткен көрінеді. 

Көшеде кетіп бара жатқан бір топ баланың алдында  Қазыбек пен жолдасы Қайрат келе жатқан екен. Осы кезде алдарынан әлгі көлік шығып, оның ішіндегі жігіттер шолақ мылтықтан оқ жаудырған. Қасында болған Қайрат деген жолдасының айтуынша, мылтық екінші атылған кезде Қазыбек алға екі қадам аттап барып, құлап түскен. 

Screenshot_10.jpg

Манарбек Ілясов, марқұмның әкесі:

--Үйден кешкі сағат жетілердің шамасында моншаға барып келемін деп шығып кеткен бала ғой. Қаралы хабар сағат сегіздерде жетті. Оқиға орына барсам, ұлымның жансыз денесін көшенің шетіне жатқызып қойған екен. Оқ көкірек тұсынан тиіпті.   

Кейіннен Алмат деген тергеуші жігіт келді. Шолақ мылтықтарды біреулерге беріп жатқан сәтінде екі жігітті ұстадық деді. Үстерінен қылмыстық іс қозғадық, кінәлілер тиісті жазасын алады дейді. Ал көліктің алдында отырған екі жігіттің кісі өліміне қатысы жоқ деп отыр. 

Кім біледі, мүмкін оқ атқандар мен ауылдағы балалардың арасында бір келісіпеушілік болған шығар. Бірақ Қазыбектің бұл оқиғаға қатысты болуы мүмкін емес. Ол бұзықтығы жоқ, ешкімге қиянат жасамайтын бала еді. Жазықсыз кетті. Ұлымды атқандарды кешіре алмаймын. Олар заң алдында тиісті жазаларын алуы керек. Тиісті жазасы алып, тәубелеріне түспесе, ертең олар тағы басқа баланы атады, тағы бір отбасыны қара жамылдырады. Дер кезінде тоқтау салу керек. 

--Ұлым Қазыбектің биыл мектепті бітірген соң жоғары оқу орнына түсемін деген арманы болатын. Төртінші пәнге физиканы таңдап, инженерлік мамандықты қалап жүрген.  Соңғы рет мектептегі дайындық тестте 92 балл жинадым деген еді. Арманына жете алмады. 

Сол күні үйге келіп, 8 наурызға сыйлық дайындап қойғанын маған қуана хабарлады. Моншаға кетіп бара жатқан кезде «Ертерек келіп қал, кешке әкең екеуіміз қонаққа барамыз. Қарындасыңа қарасың» дегенмін. «Жарайды, мама, ары барса бір жарым сағатта келіп қаламын» деп еді. Құлынымның даусын соңғы рет естіп тұрғанымды ол кезде қайдан білейін,--деді көзіне жас алған марқұмның анасы Гүлманап апай. 

Облыстық прокурорының аға көмекшісі Шағала Момынханқызының берген мәліметі бойынша Қазыбек Әуездің өліміне қатысы бар деген күдікпен қазіргі уақытта кәмелетке толмаған екі азамат ұсталған. Олардың үстерінен Қылмыстық кодекстің 96-бабы 2-бөлімінің «е» тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған. 

--Болған оқиғаның жай-жапсарын алдағы уақытта толық хабардар етеміз,-- деді ол бізге.

Облыстық прокуратура қызметкерлерінің айтуынша,  былтырғы жылы облыс аумағында кәмелетке толмағандар арасында атыс қаруымен жасалған қылмыстардың саны 27-іден, 39 фактіге, яғни 11,8 пайызға өскен. Жасөспірімдер арасындағы ауыр қылмысқа жататын қарақшылық жасау 15 пайыздан 20 пайызға өскен. 

Жазықсыз жанның өмірін қиғандар жазасын алар, бірақ ол қыршын кеткен ғұмырды жалғай алады ма? Ұрынарға қара таппай жүрген жасөспірімдер бұдан ащы сабақ алады ма? 

Oinet.kz мұрағатынан

b63ecb248f806591801af9eae8c848ce.jpg

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: