Құлбек Ергөбек: «Әбіш Кекілбаевпен ағалы-інідей араластық»

Screenshot_3.jpg

Құлбек Ергөбек, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ президентінің орынбасары:

- Сізді бейсенбайтанушы, яғни Бейсенбай Кенжебаевтың өмірі мен шығармашылығын зерттеуші ғалым ретінде білеміз. Б.Кенжебаев өмірінің соңында сізге өзінің баспанасын қалдырып кеткен дейді. Осы рас па?

- Бейсенбай Кенжебаев 1987 жылы қайтыс болды. Ол кезде жеке меншік деген болмайтын. Сол себепті «Бейсекең маған үйін қалдырды» деп моральді тұрғыдан айтамын. Әңгімені сәл әріден бастар болсақ, Бейсекең Мәскеуде Мағжан Жұмабаевтың үйінде жүріп оқыса, Димекең, Дінмұхамед Қонаев Мәскеуде оқығанда Бейсекеңнің шаңырағында жиі болған. Керек болса, Димекеңнің Үкімет басына келуі тікелей осы Бейсекеңнің арқасы деп айтуға болады.

Бейсекең шамамен дүниеден озардан 2 жылдай бұрын досы Димекеңе хат жазған. Онда «шәкіртім, тіпті балам ретінде көретін Құлбекті үй кезегіне тұрғызбай өз қолыма алып едім, олай-бұлай болып кетсем осы үйді Құлбек Ергөбекке қалдыруға көмектессейші. Әрине, оның баспаналы болуға мүмкіндігі жетеді, өзі «Социалистік Қазақстан» газетінде істейді, үй алайын деп тұрған жерінен өзімнің қолыма алып едім, енді мен тұрған үйде соның қалуын қалаймын» деген тұрғыдағы өтінішін білдірген. Ол кезде мен Бейсекеңнің үйіне тіркеуге тұрмаған болатынмын. Өйткені, Бейсекеңнің өзінің ұлы бар. Суретші. Ол тұрғанда бізге ол үй қайда? Ал біз ол үйге тіркелсек, өз алдымызға пәтер ала алмайтынымыз белгілі. Әлгі хат Кәкімжан Қазыбаев деген хатшыға түскен екен. Ол маған арнайы хабарласып, сол үйге тіркелмесе ештеңе істей алмайтындықтарын айтты. Амал жоқ, бір емес екі үйден бас тартып, сол үйге тіркелдік. Ал Бейсекеңнің суретші ұлының өз алдына пәтері бар болатын. Қысқасы, біз тіркелгеннен кейін көп ұзамай жеке меншік деген басталды. Купонымызды алды, өйтті-бүйтті, әйтеуір қосағымыз екеуміз сол үйдің егесі боп қалдық. Моральды тұрғыдан «Бейсекең маған үйін беріп кетті» дейтінім осыдан. Қазір ол үйде ұлым тұрады.

Бейсенбай Кенжебаевты әдебиеттанудың Әуезовы десек те болады.            Мен бұл үйді Бейсекеңнің мұражайы етсек деген ұсыныспен Алматының бірталай басшыларына дүркін-дүркін хат жазумен келемін. Алайда, бұл мәселе әлі де шешімін тапқан жоқ. Бірақ, түбі бір мұражай болатынына сенемін.

- Әбіш Кекілбаевпен де тығыз байланыстасыз дегенді елден естиміз. Ол кісінің де Сізге баспана мәселесінде шарапаты тиген дей ме?

- Ол да өз алдына бір әңгіме. Облыстың әкімі Бердібек Сапарбаев болатын. Мен облыс әкімі аппарат басшысының орынбасары, ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарамын. Аға-інідей араласып тұратын Әбіш Кекілбаев мемлекеттік хатшы еді. Әбекең облысымызға іссапармен келді. Қасында «Егемен Қазақстан» газетінің президенті Сауытбек Әбдірахманов та болған. Сол кезде үйімнің жоқ болғаны рас, бірақ, бұл туралы Әбіш Кекілбаевқа айтқан емеспін. Онсыз да облыс басшысы маған төрт бөлмелі үй беретін болып жүрген. Кекілбаевқа айтып нем бар. Бірақ, менің үйсіз жүргенімді С.Әбдірахманов айтқан екен, ол туралы кейін білдім. Кешкі шай үстінде Әбекең Бердібекке «сен Құлбекті қадірлемей жүр екенсің, ол өз жанрындағы бірінші, әрі кеткенде екінші адам, сен бағаламасаң оған пәтер әперу өзімнің қолымнан келеді, қызметке аламын, үй әперемін. Құлбекті ауылдың баласы деп жүрген шығарсың» деді. Қараптан-қарап отырып, шағым айтқан адам секілденіп мен ыңғайсыз халге түстім. Тіпті сасып қалдым. Мұндай әңгіме болады деп ойламаппын. Бердібек Мәшбекұлы «өзге қызметкерлерім секілді Құлбекке де үй әперейін деп отыр едім, егер шынында да Құлбек Сіз айтқандай сыншы, ғалым болса үйді сәл кеңейтіп берейін» деді. Айтқанындай кеңейтіп берді. Міне, Әбекеңе байланысты әңгіме осы.    

- Түркістандағы екі қабатты үйіңізді кітапхана ретінде тарту еткеніңізді баспасөзден оқып қалғанымыз бар. Оның қазіргі жағдайы қалай?

- Үйімді кітапхана етіп ашқаным рас. Қазір өзім тұрып жатырмын. Шамалы уақыт кітапхана қызметін атқарды да. Бірақ, оқырмандар үшін орналасқан жері қолайсыздау болғандықтан басқа жерден кітапхана аштырдық. Менің кітаптарымның негізінде. Жеке кітапхана қорымда түркі халықтарының 122 тілінде жарық көрген дүниелер бар. Тағы бір айтарым, мың жасағыр Серік Піралиевтің қолдауының арқасында Түркістандағы бір бітпей тұрған екі қабатты үйді бітіртіп, Бейсенбай Кенжебаевқа арналған мұражай аштым. Бейсекеңнің сақтап жүрген бар дүниесін соған өткіздім. Мен бұған рухани қанағаттанамын.   

Screenshot_19.jpg

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: