Кеңес одағын билеп-төстеген көсемдер де пенде ғой. «Қызыл империяны» ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған бмемлекет басшылары Жаңа жылды думандатып қарсы алуға әуес еді. Жалпы, Ресейде жаңа жылды дүбірлетіп тойлау үрдісі І Петр патшадан басталатыны белгілі. Дүбірлеткенде қандай, патша бүкіл бай-шонжарларды жинап, үш күн, үш түн бас көтермей ішіп-жеп, жынойнақ қылатыны тарихшылардың жазбаларында сақталған (бәлкім, жаңажылдық «каникулдар» деген ұғым содан тараған болса керек). І Петрдан кейінгі патшалар жаңа жылды қарсы алу үрдісіне үнемі өзгерістер енгізіп отырды. Мәселен, ІІІ Александр міндетті түрде әскерилердің шыршасына бас сұғатын. Ал 1915 жылы Дүниежүзілік соғыс басталған тұста ІІ Николай шырша орнатуға тыйым салған бұйрық шығарды. Себебі – бұл салт «жауыз немістерден келгендіктен оларға еліктеуге хақымыз жоқ». Алайда, Қазан төңкерісінен соң Ленин мерекені шыршамен өткізу үрдісін қайта орнатты. Солай бола тұра көсемнің өзі мемлекет басшысы ретінде Жаңа жылды думандатып тойлауға үлгермепті. КСРО құрылған алғашқы кездері Владимир Ильич күндіз-түні кеңестер билігін нығайтумен шапқылағап, мерекелік отырыс атаулысына қатысуға мұршасы болмаған. Кейінгі жылдарда денсаулығының күрт нашарлауына байланысты коммунистердің көшбасшысы думанды кештерге қатысу мүмкіндігінен айырылған-тын. Қолынан келгені – екі рет балалар шыршасына барған.
Лениннің мерекелік іс-шараларда кештерде кеткен есесін Сталин қайтарды. Кремльде жаңажылдық іс-шараны дүбірлетіп өткізу үрдісінің негізін Иосиф Виссарионович қалаған екен. «Халықтар әкесі» атанған Сталин дастарханда түрлі тағамдар мен арақ-шараптардың көптігін қалаған. Сондай-ақ, Кремльге әртістерді шақырып, концерт ұйымдастырғанды ұнататын. Кейде радионың дауысын қатты шығарып, өзі де билеп алатын. Әсіресе Вера Давыдова, Валерий Барсов, Наталья Шпиллер секілді сол кезгі эстрада жұлдыздарын сүйіп тыңдаған. Мерекелік кештің барысында әртістер сахнадан түсіп, концертті Сталинмен бір дастарханда отырып-ақ жалғастыра берген. Бұны көсемнің өзі талап ететін.
Белгілі әзілкеш әртіс Аркадий Райкин сол кезеңді былай еске алады: «Үлкен залдың ортасындағы төрт үстелге шамамен 60-қа жуық адам орналасып алған. Бізді өнер істері жөніндегі комитеттің төрағасы Храпченко күтіп алды. Ол кісі бір орындықты алып, Сталин отырған үстелдің дәл алдына қойды. Сөйтсем, мерекелік кештің «сахнасы» осы екен. Сталиннен небәрі 2 метр қашықтықта тұрып өзімнің «Мишка» дейтін шығармамды оқи бастадым. Бұл монологтың барысында мен бірнеше кейіпкердің ролін сомдауым қажет. Кезекті кейіпкерге ауысу үшін ыңғайланғаным сол-ақ екен, Сталин осыменен қойылым аяқталды деп түсініпті. Ол фужерге шарап құйып маған ұсынды. Үндемей іштім де түк болмағандай монологымды жалғастыра бердім. Шығармам Сталинге ұнаған секілді, мені үстелдің қарсы бетіне отырғызды. Осы орнымда тапжылмай үш сағат отырыппын. Көсемнің бір жағында Молотов, екінші жағында Микоян мен Каганович жайғасып алған. Кенет Ворошилов орнынан атып тұрып, ұлы Сталин үшін тост айтты. Сталин міз бақпады. Байқамаған да секілді. Артынша өзі де стакан көтеріп маған бұрылды да «сіз сияқты талантты әртістер үшін!» деп тілек айтты».
Сталинмен тығыз араласқандардың айтуынша, мұртты көсем отбасымен бірге Жаңа жыл мерекесін тым қарапайым қарсы алатын. Сталиннің бірінші әйелі Мария Сванидзенің туған әпкесі өз күнделігінде мынадай естелік жазыпты: «21 желтоқсан - Иосифтің туған күні. Үйге келген қонақтардың көптігінен ине шаншар жер қалмады. Таңғы азанға дейін жұрт радиода шырқалған әндерге билеп, көңіл көтерді. Жаңа жылды да Иосифтің үйінде қарсы алдым. Бірақ бұл жолы қонақтар тым аз болды. Жұбайларын ертіп келген саяси бюро мүшелері мен бірен-саран ағайындарынан басқа ешкім жоқ. Кеш көңілсіз өтті. Жалығып кеттім». Ал мемлекеттік джаздың құрамында өнер көрсеткен скрипкашы Юрий Елагин өзінің кітабында Кремльге 31 желтоқсан күні кешкі сағат 9-да шақырылып, сахнаға түнгі 3-те ғана шыққанын жазыпты.
Сталин ұйымдастырған думанды кешке қатысқандардың қатарында оның болашақ ізбасары Хрущев те болған. Ол Кремльдегі жаңа жыл мерекесін былайша еске алады: «көп іштік, жедік. Сталиннің көңіл-күйі тамаша, сондықтан өзі де ішіп, өзгелерді де соған мәжбүрледі. Одан соң ардиолаға жақындап, пластинкаларды қоя бастады. Орыс, грузин әндерін тыңдадық. Бір кезде билеуге көштік. Микоян биледі, одан соң Ворошилов. Бұған дейін билеп көрмеген менің де билеуіме тура келді. Каганович пен Маленков щет қалмады. Сталиннің өзі де аяқ-қолын қимылдатып, билегендей болды».
Мемлекет басшылығына келген Никита Хрущев мұндай үрдісті дамыта түсті. Жаңа жылда Кремльдегі мерекелік кешке әнші-әртістермен қоса енді балет өнерінің жұлдыздары мен ақындар да шақырылатын болды. Әйгілі Майя Плисецкая бұл жөнінде мынадай естелік қалдырыпты: «Бірер сәттен соң 1956 жылды Кремльде қарсы алғалы отырмыз. Хрущевпен алғаш рет тілдесуім. Маған Микоянмен бірге жақындай түсіп, қолын созып амандасты. Аузынан арақтың иісі бұрқ ете түсті: «сізді алыстан талай рет тамашалаған едім, жақын жерден көруге құмартып жүрдім. Сахнада әжептеуір көрінесіз, ал мына жерде тым арық екенсіз ғой» деп қарқылдап күлді. Министрлер кеңесінің төрағасы Булганин болса менімен біге шақырды. Келістім. Билеп жатырмыз».
Сондай-ақ, Жаңа жыл қарсаңында Кремльде жастардың қатысуымен бал өтетін болған. Хрущев көп ұзамай Жаңа жылды үйде қарсы алуды мүлдем ұмытты. Думанды кештерге үкімет мүшелері ғана емес, сонымен қатар үздік жұмысшылар, жазушылар, режиссерлер, конструкторлар мен дипломаттар қонақ ретінде шақырылды. Дастарханға сол кезеңнің нағыз деликатестері қойылатын: минога, краб, севрюга, бұғы етінен жасалған кәуәп.
Жаңа жылда Хрущевтың мінезі күрт өзгеріп, ол тіпті дұшпандарына да мейірлене қарайтын. Ақын Евгений Евтушенко мен «генсектің» арасы нашар болғаны белгілі. Сондықтан Хрущевтің өзі түнде телефонмен қоңырау соғып, Кремльдегі банкетке шақырғанында ақынның таңданысында шек болмады. Бұл жайлы Евтушенко мынадай естелік қалдырған: «Саяси бюро мүшелері және Хрущевпен бірге дастархандас болған күнді ешқашан ұмытпаймын. Хрущев маған жақындап, «ал, Жаңа жыл құтты болсын! Арамыздан ала мысық жүгіріп өтсе де, сіздің әндеріңізді ұнатамын, кейде айтып та жүремін», деп күлімсіреді».
Сталин мен Хрущевке қарағанда Брежнев Кремльдегі жаңажылдық кештерге әнші, бишілердің қатысуын талап етпейтін. Ол үлкен мерекелік концерттерден гөрі кішігірім отырыстарды ұнататын. Дегенмен, көпшіліктің есінде дәл осы Брежнев көбірек есінде қалыпты. Оның себебі – 1970 жылы КСРО тарихында тұңғыш рет мемлекет басшысы халықты теледидар арқылы Жаңа жылмен құттықтады. Әлбетте, сол заманның талабына сәйкес, көсемнің құттықтау сөзі көбіне партия сьезінде айтылатын баяндамаға ұқсапкететін. «Жаңа кәсіпорын, жаңа магистраль, социализмнің жеңісі» секілді терминдерден көз сүрінетін. Бұл өте жауапты міндетті орындауда кезінде Брежнев қатты қысылған көрінеді. Леонид Ильич қолын қайда қоярын білмей сасқалақтай беріпті. Оның үстіне құттықтауды қағаздан оқып тұрғаны көрініп тұрды. Бұл жайт ескеріліп, келесі жылдарда құттықтау сөзінің мәтіні үлкен әріптермен ватман қағазға жазылып, оны бейнекамераның астында «Останкино» телеорталығының директоры ұстап отыратын болды. Ал 1976 жылдан кейін Брежневтің сырқатына байланысты телеқұттықтау берілмейтін болды.
Кейінгі мемлекет басшылары Андропов пен Черненко да Жаңа жылда көгілдір экраннан көрінгісі келмеді. Тек 1985 жылы Горбачев ұзақ үзілістен соң Кеңес одағының азаматтарын теледидар арқылы құттықтады. Өзін демократияшыл саясаткер ретінде көрсетуге құмартқаны соншалық, 1987 жылы КСРО халқын тікелей эфирде Горбачев емес, қызыл империяның қас жауы АҚШ-тың президенті Рональд Рейган құттықтапты. Өз кезегінде Горбачев жаңа жылдық кеште америкалықтарға жүрекжарды тілектерін жеткізіп жатты.
Кремльдегі жаңа жылдық кештер өткізуде Горбачев еуропалықтарға еліктеді. Дастархан мәзірін даярлау, қонақтар тізімін жасақтау ісімен оның жұбайы Раиса Максимовна шұғылданатын. Енді бұрынғыдай дастарханды түрлі тағамдармен толтыру үрдісінен бас тартылды. Қонақтар ас мәзірін өзі таңдайтын болды. Дегенмен, Жаңа жылды Кремльде қарсы алу үрдісі бірте-бірте жойыла бастады. КСРО-ның тұңғыш әрі соңғы президенті мерекені отбасымен бірге өткізуді қалаған.