Қазақ тарихында қоян жылы қандай оқиғалар болған?

Screenshot_6.jpg

Тарих парағын ақтарып отырып, «қоян жылы қазақ үшін қандай болған» деген сауалға жауап іздеген едік. Жылнамаға назар салайық.

      Жұрт ұмытпас жұт болды

 Қазақ тарихының аса қаралы беттерінің бірі 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алакөл сұлама» осы қоян жылына тура келеді. 1867 жылғы қоян жылын қазақтар «жалпақ қоян жұты» деп атаған. Одан кейінгі Қоян жылдарында да жұт қайталанып отырыпты. 1879 жыл-- «үлкен қоян жұты», 1891 жыл --«кіші қоян жұты»,  1915 жыл--«тақыр қоян жұты» деп аталады. Осы жұттардың куәгері Майлықожа былай деп жазған екен:

Қоян жылы жаумады көктен жаңбыр, 

Қабағы шаруалардың болды салбыр.

Қысты күні болғанда  қар тынбады,

Айуанға өлім жетті аштан әрбір.

Қоян жылы заманның тары болды,

Көктен қуған құдайдың қаһары болды,

Төрт аяқты айуан баудай түсіп,

Пір тұтқаны тұтам шөп зары болды...

1963 жылғы қоян жылы да шаруашылық үшін ауыр өтті. Осы жылдары табиғаттың қаталдығынан Қазақстанда мал басы көп қырылған. Адам шығыны да болған.

 

           Бір сандық қағаз...

1903 жыл. Патша өкіметі  Петропавл, Павлодар және Семей уездерінде беделді, көзі ашық қазақтардың үйіне тінту жүргізеді. Бірқатар қазақ зиялылары осы қуғын-сүргінде діни сенім- нанымы үшін Сібірге жер аударылған.

Мұрағатта  сақталып қалған деректерге қарағанда, патша жандайшаптары 1903 жылдың 25-і сәуірінде Абайдың үйінде де тінту жұмыстарын жүргізеді. Уезд бастығы Навроцкий акты жасап, ұлы ақынның бір сандық қағаздарын, кітаптарын алып кетеді. Кейіннен тексеру барысында тәркіленген қағаздардан өкіметке қарсы ештеңе табылмағанымен, иесіне қайтарылмаған. Осылайша Абайдың  жылдар бойғы жинаған мол мұрасына орны толмас нұқсан келтірілді. Бір сандық қағаз күні бүгінге дейін табылған жоқ.


 «Үлгере алмай кетіп барамын, кешіріңіз»

1915 жыл. Бірінші дүниежүзілік соғыстың екінші жылы. Соғыс зардабы қазақ ауылдарына көп ауыртпалық салды. Салықтың көлемі 15 есеге дейін өсті. Тіпті арнайы «соғыс салығы» енгізілді. Соғыстың алғашқы үш жылында бір ғана Түркістан өлкесінен майдан даласына 70 мың ат, 13 мың киіз үй «жылу» жиналды. Соғыс жылдарында қазақ шаруалары Қазақстанға әкелінген кірмелердің, қоныстанушылардың егінін орып, жерін жыртуға мәжбүр болды. 

*Белгілі қазақ тарихшысы Ермұқан Бекмаханов дүниеге келді. Абылай ханның жетінші ұрпағы болып саналатын ол 1943 жылы Мәскеуде «Қазақтардың Кенесары Қасымұлы бастаған азаматтық күресі» тақырыбында кадидаттық, арада үш жыл өткенде докторлық дисертацияларын қорғады. 1947 жылы өзінің әйгілі «Қазақстан 19-ғасырдың 20-40-шы жылдарында» атты кітабын жарыққа шығарды.

Е.Бекмахановты қаралау науқанының қорытындысы Қоян жылына, яғни 1951 жылға сәйкес келгенін қарасаңышы. Ол осы жылы «ірі саяси қателіктері үшін» партиядан және ҚазМУ-дің профессорлығынан шығарылды. Жоғарыдағы еңбекке бола өкімет Қазақ КСР тарихы кафедрасын жауып тастады.  Е.Бекмахановтың өзі бас сауғалауға мәжбүр болды. Келесі жылдың қыркүйегінде ол Жамбыл облысы Шу ауданындағы Новотроицк селосында қарапайым ауыл мұғалімі болып жүрген жерінен тұтқындалып, «антикеңестік үгіт жүргізгені үшін» деген айыппен Қазақ КСР Жоғарғы сотының үкімімен 25 сотталып, ГУЛАГ лагеріне айдалды.

 Сталин өлгеннен кейін 1953 жылы 16 қазанда КСРО Бас прокуроры Е.Бекмахановты ақтап шықты. Бұдан кейін жылдары ол өзінің ҚазМУ-іне қайтып оралып, сонда оқытушы болып қызмет етті. Қазақ тарихына қатысты құнды еңбектерін жазды, жарыққа шығарды.  

Асыл азамат 1966 жылы қайтыс болды. Ол «Үлгере алмай кетіп барамын, кешіріңіз» деген ақырғы сөзін Бауыржан Момышұлына  айтып кеткен екен.

 

Күштеп  ұжымдастыру, аштық

1927 жыл. Сәуірде Түркістан-Сібір (Түркісіб) темір жолының құрылысы басталды.

*Желтоқсанда БКП(б) ХV съезінде ауыл шаруашылығын ұжымдастыру туралы шешім қабылданды. Голощекиннің басшылығымен белсенділер бұл міндетті жедел түрде жүзеге асыру үшін барын салды. Бұл науқан байлардың мүлкін тәркілеп, өздерін жер аударудың,  1932 жылғы адам айтқысыз ашықтың алғышарттарын жасап берді.

 

Аштықтан кейінгі алғашқы санақ

1939 жыл.  КСРО-да кезекті халық санағы өтті. Осы санақтың нәтижесіне қарағанда, Қазақстанда қазақтардың саны 2 миллион 313 мың адам деп есептеліп, ол барлық халықтың 38 пайызын құрады. 1926 жылы жүргізілген санақта қазақтардың саны 3 миллион 627 мыңға жетіп, ол жалпы халықтың 58 пайызын құраған болатын. Аштық пен босқыншылықтың салдарынан бар-жоғы 13 жылда қазақтар өсудің орнына керісінше 1 миллион 300 мыңға азайған. Осы жылдары Қазақстандағы қазақтардың үлесі 20 пайызға кемісе, орыстардың үлесі 20 пайыздан, 40 пайызға, яғни екі есеге артқан.

 

Оспан батырдың ажалы

1951 жыл.*Қытай түрмесінде Шығыс Түркістан азаттық күресінің жетекшісі Оспан батыр Сламұлы қаза тапты. Қытай коммунистері Оспан ауылын тұтқиылдан басып алады. Оспанның қашып құтылмақ болғаны әрекеті сәтсіз аяқталады. Үрімжі түрмесінде қинау мен азаптауды бастан өткерген батыр қоян жылы 1951 жылдың 29 сәуірінде Қытай комунистік партиясының қолынан өлім жазасына кесіліп, атылды.Ол бастаған көтерілістің ақыры  жеңіліске апарып соққан соң достарының «Америкаға кет, бас амандығыңды ойла» деген сөзіне Оспан батыр: - Отанымызда тұрамын. Қашпаймын, жердің арғы бетінде жатқан Америка маған Шығыс Түркістан өкіметін құрып бере алмайды. Бүкіл Түркістанды орыстар жұтып отырса да, оған үш жүз жылдан бері көрсеткен көмегі жоқ, --деген екен.

 

Үш ауданның Өзбекстанға берілуі

     1963 жыл.*Кеңес Одағының басшысы Н. С. Хрущевтің тілін тапқан Өзбекстанның бірінші хатшысы Ш. Р. Рашидовтың ұсынысымен Шымкент облысының үш ауданы—Мақтарал, Жетісай, Киров аудандары Өзбекстанның құрамына өтті.  Ш.Рашидовтың туған жері—Жызақ облысын нығайту үшін осы үш ауданның аумағында жеті аудан ұйымдастырылды. Мұның алдында 1956 жылы Шымкент облысының Бостандық ауданы мен Киров ауданына қарайтын Тимирязев атындағы кеңшар Өзбек КСР-ының құрамына ендiрiлген болатын (ал оның алдында 1931 жылы Өзбекстан Қазақстаннан Қарақалпақ АКСР-ін алған еді).  

Бертінде Қонаевтың талап етуімен 1971 жылы аталған үш аудан Қазақстанға қайтарылғанымен, Киров ауданына қарасты алты кеңшар және жоғарыдағы жеті ауданның көлемді бөлігі Өзбекстанда қалып қойды.  

 

 «АЗиЯ»

1975 жыл. * Олжас Сүлейменов өзінің «АЗиЯ» еңбегін жарыққа шығарды. Орыстың әйгілі «Игорь полкы туралы жырын» жіліктеп, онда қыпшақ тілінің сарыны барын батыл түрде жазған кітап зиялы қауым арасында үлкен серпіліс тудырды.  Мәскеу бұл кітапты сынға алды. «АЗиЯ» дереу сатылудан алынып, баспа директоры жұмыстан қуылды. Қуғын-сүргіннің шеңгеліне түсіп тұрған О.Сүлейменовке  сол кездегі мемлекет басшысы Д.Қонаев ара түсті.

 «АЗиЯ» Қазақстанда және одақта ең атышулы кітаптардың бірі болды. Ол қолда өз құнынына 50 есеге дейінгі қымбат бағамен сатылды. Кейбір деректерге қарағанда, сол жылдары бұл кітапқа Бакуде су жаңа  «Москвичті» ұсынған азаматтар да болған көрінеді.

 

«Желтоқсан ызғары»

1987 жыл.*1986 жылғы 17-18 желтоқсан күнгі Алматыдағы оқиғаға қатысушыларды жаппай жазалау шаралары басталды. Алаңда болған жүзге жуық азамат бас бостандығынын айыру, ал Қайрат Рысқұлбеков ату жазасына кесілді. 1987 жылдың сәуірінде Алматыдағы пәтерінде бұрынғы  Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров тұтқынға алынды.

*Шілде айында КПСС Орталық комитетінің қаулысымен Желтоқсан оқиғасына «қазақ ұлтшылдығының бой көрсетуі» деген баға берілді. Мұны соңы қазақ зиялыларын қуғын-сүргінге ұшыратуға алып келді.

*Қыркүйек айынан бастап КСРО экономикасының шатаяқтағанының алғашқы белгілері біліне бастады. Мәскеуде және Одақтың түкпір-түкпірінде  қант тапшылығы байқалды. Өкімет тауар тапшылығына байланысты соғыстан кейін алғаш рет кейбір азық-түлік өнімдерін талонмен бере бастады.

 

Ташкенттегі теракті

1999 жыл. * 16 ақпанда Ташкентте қатарынан бірнеше рет жойқын жаралыстар болып, ондаған адам қаза тапты, жүздеген адам жараланды. Жарылысты «Өзбекстан ислам қозғалысы» ұйымы ұйымдастырды. Кейіннен осы жарылыстарға кінәлі 22 адам сотталып, оның алтауы ең жоғарғы жаза – ату жазасына кесілді.

 *31 желтоқсанда Ресей президенті Б.Ельцин мерзімінен бұрын отставкіге кетті. В.Путин Ресей президентінің міндетін атқарушы қызметін қабылдап алды.

*Шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитеті экс-прьемер-минстр Әкежан Қажыгелдиннің үстінен салықтан жалтарды, қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыппен қылмыстық іс қозғап, оны тұтқындау туралы қаулы қабылдады. Алматы қалалық ішкі істер басқармасы мен Алматы қалалық салық полициясы да экс-премьерге бірнеше ауыр айыптар тақты.

*Күзде Қазақстандағы тағы бір ірі саяси жаңалық—1997 жылы Қажыгелдиннен премьерлікті қабылдап алған Нұрлан Балғымбаев отставкіге кетті. Жаңа үкімет жетекшісі болып Қасымжомарт Тоқаев тағайындалды.

*Ұлттық банк мойынында берешегі бар талай азаматтың шашын бір түнде ағартты. Доллар еркін айналымыға жіберілді. Соның нәтижесінде «көкқағаздың» құны 2-3 есеге дейін өсіп кетті.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: