Қайсыбір күні Мәжіліс депутаты Жарасбай Сүлейменов жұрттың көкейінде жүрген өте орынды мәселені көтерді. Елбасының «Тәуелсіздік күнін атап өту бізге ең алдымен той тойлау үшін емес ой ойлау үшін керек» деген сөзін тілге тиек еткен ол: «Астананың қай бұрышына барсаң да абыр-сабыр, әлем-жәлем жұрт бірдеңеден құр қалатындай жанталасып, белуардан қар жауып қаңтар есіп тұрғандай дүрлігіп жатыр. Қасиетті мереке саналатын Тәуелсіздік күні осы әлем-жәлем дүрлігудің көлеңкесінде қалып тұр. Тәуелсіздік күнінен қымбат мереке жоқ. Азаттықтың ақ таңы атқан күн бодандықтың бұғауы быт-шыт болып, халқымыз бостандықтың дәмін татқан күн. Жаңа жыл мерекесіне дайындықты екі ай бұрын бастау салтымызға сіңіп дәстүрімізге еніп кеткендей ме қалай?! Осыдан кейін ойланасың, басың қатады, мерекені ұйымдастыруда жауапты адамдар неге жүрісінен жаңылды? Бізге Тәуелсіздік қымбат па, Жаңа жыл қымбат па?!» деп, осы жөнінде Үкімет жетекшісі Кәрім Мәсімовке арнайы сауал жолдаған болатын.
Расында да Тәуелсіздік тойы басталмай жатып Алматы мен Астананы былай қойғанда Шымкенттің көшелері жаңажылдық «көйлегін» киіп шыға келді. Қайда барсаң да жаңажылдық көңіл-күй, жаңажылдық әлем-жәлем, шырша, Аяз ата, Ақша қар. Астананың өзінде шырша орнату рәсімі Елбасының қатысуымен өтіп жатқанда шымкенттік шенеуніктер қарап қалсын ба?! Қаланың бір емес екі-үш жеріне желтоқсанның басында-ақ жалт-жұлт еткен мәңгілік жасыл ағаштарды орнатып тастады. Оқырман дұрыс түсінетін шығар, бұл жерде біз Жаңа жылды тойламайық деп тұрғанымыз жоқ. Жаңа жыл адамзат біткеннің бәріне ортақ мереке. Адамдарды саяси көзқарасына, ұлтына, дініне бөлмейтін бір мереке болса осы Жаңа жыл шығар. Бірақ былтыр жергілікті кәсіпкер, ұлтжанды азамат Әмірхан Шүменовтың демеушілігімен салынған «Жер ана» Тәуелсіздік монументінің қасына Тәуелсіздік тойы басталмай жатып, шырша әкеліп орнатып қоюдың қаншалықты қажет бар еді?! Мемлекеттік ең ұлық мерекесі—Тәуелсіздік күнінде ешқандай іс-шара өтілмеген монументтің жанында алдағы Жаңа жыл мерекесі дүркіреп өткізілетін түрі бар. Дәл былтырғыдай. Шымкенттік шенеуніктерге Тәуелсіздіктен гөрі Жаңа жылдың қымбаттырақ болған ма?
Бірақ біздің айтпағымыз бұл емес еді. Осы жуырда ғана Шымкенттегі Хаттани атындағы орталық мешіттің өкілдері Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаевқа хат жолдады. Дін өкілдері мешітке таяқ тастам жерде тұрған «Жер ана» монументінің қасына шыршаның әкеліп орнатылғанына наразы. «Шырша мұсымандықтың белгісі емес, дін өкілдерінің өкпе-реніші осыдан туған шығар» деп ойлайтын шығарсыз. Қателесесіз.
Облыс имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров біздің газетімізге берген сұхбатында былай деді: «Мешіт Алланың жердегі үйі болып саналады. Орталық мешіт облыстағы барлық мешіттерге үлгі болатын, ең үлкен имандылық ордасы. Біле білген адамға ол иманымыздың айнасы. Желтоқсанның 10-дарына осы шыршаны әкеліп орнатты. Былтыр да осы араға қойылған. Өткен жылғы келеңесіздік биыл тағы да қайталанайын деп отыр. Қалалық әкімдіктің басшылары бізбен алдын-ала бір ауыз ақылдасқан жоқ. Бізді осы жайт қынжылтады.
Мешіт қауымының шырша әкеліп орнатуға ешқандай қарсылығы жоқ. Бірақ былтыр Жаңа жылда алаңға халық көп жиналды. Мереке болғаннан кейін мұнда ішіп алғандар келеді. Алаңда шампан атып, мұсылманшылыққа жат қылықтар жасайды. Осындай оспадарсыздықтың мешіттің дәл іргесінде болып жатқаны жанымызға батады. «Жер ана» Тәуелсіздік монументінің айналасында ұят та болса айтайық, дәретхана жоқ. Сондықтан мерекеге жиналған халық мешіттің дәретханасына кіруге мәжбүр. Олардың арасында ішіп алған мас азаматтар да кездеседі. Осы себепті былтыр Жаңа жыл түнінде мешіт ауласы ластанып кетті. Тіпті адам жиіркенеді. Бұл Алла үйіне намаз оқуға келген мұсылмандардың иманына жат емес деп кім айта алады?!».
Биік шырша мешіт қақпасынан бар-жоғы 20-30 метр қашықтықта орнатылыпты. Шырша түбінде Аяз ата мен Ақша қар. Оларды ортаға алып суретке түсіп жатқандар да көп. Анадайда қаз-қатар тізілген көліктер. Көлік демекші, алаңға Тәуелсіздік монументі орнатылғаннан кейін адам аяғы көп жиналатын болған. Жас жұбайлардың көлік-керуені де осында ат басын тірейді. Былтыр мектеп бітірушілердің кеші де монументтің жанында өтті.
--Осындай мерекелік жиындарда әртістердің киім ауыстыратын жер жоқ. Олар амал жоқтан мешіт ауласына келеді. Өзіңіз ойлап қараңыз, мына жақта жұрт намаз оқып, мына жақта қыз-келіншектер киімдерін ауыстырып жатады. Бұдан кейін біз кімге үлгі, кімге өнегеміз?! –деді имам орынбасары.
Мешіттен шыққаннан кейін осында намаз оқуға келген бір азаматпен тілдескен едік. Ол да шырша туралы біраз өкпе-реніштің тиегін ағытып қоя берді:
--Мен осы мешітке намаз оқуға жиі бас сұғып тұрамын. Былтыр 1 қаңтарда келіп, аң-таң болдым. Мешіттің ауласы әбден ластап кетіпті. Түрлі от шашулардан қалған қалдықтар, босаған бөтелкелер... Адам қарағысыз. Имамдар сол түні ішке адам кіргізбей, есікті құлыптап қойған екен. Бірақ олар есікті теуіп, жұлқылап «ашыңдар» деген көрінеді. Мас адам болған соң не дейсіз?
--Қалалық әкімдікке жолданған хатқа әлі жауап келген жоқ. Бірақ жауап береді деп ойлаймыз. Шыршаны Жаңа жылға дейін алып тастайды деген үмітіміз әлі де жоқ емес,--дейді М. Естеміров.
Шенеуніктерге Жаңа жыл қымбат па, Тәуелсіздік қымбат па әлде имандылық қымбат па? Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаевқа осы сауалдарды таразалап алатын сын сағат туған тәрізді. Таразы басының қалай қарай ауарын алдағы уақыт көрсетер.
Келер қоян жылы имандылығымыз арта берсін деп тілейік?
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ