Мемлекет басшысы Н. Назарбаев «Алдымен экономика, одан кейін саяcат» дегенді үнемі айтып, оны басты ұстаным ретінде көрсетіп жүргенін білеміз. Жоқ, олай емес екен. Алдымен саясат, ал «қара қазан, сары баланың қамы» өзінен-өзі екінші жолға сырғып шыға келді. «Үйдегі сауданы, базардағы нарық бұзады» деген сөз осындайда айтылған шығар. Мерзімінен бұрын өтетін Мәжіліс сайлауы саясаткерлерді тәпсісінен жаңылдырған сияқты.
Елбасының саяси мәселелері жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың болжамынша 15 қаңтарда халықтың кемінде 50 пайызы дауыс беруге келеді. «Нұр Отанның» жеңіске жететініне ешқандай күмән жоқ. «Естеріңізде болса бір жыл бұрын Назарбаевты мерзімінен бұрын президенттікке сайлау туралы бастаманы 5 миллионға жуық адам қолдап, қол қойды. Осы 5 миллион адам сайлауға қатысса, бізге соның өзі де жетіп жатыр,--дейді Е.Ертісбаев. Кеңесшінің айтуынша, билік жыл ортасында-ақ халықтың көңіл-күйін білу үшін сауалнама жүргізген. Оның қорытындысына қарағанда сайлауда басым дауысты «Нұр Отан» партиясы алады. Екінші орында «Ақ жол». Кейнгі жылдары аталған партияға сегіз жарым мыңнан астам адам мүшелікке өткен. Олардың барлығы да сөзден гөрі істің адамдары. Кәсіпкерлер, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері. Ал оппозиция бәз-баяғыша ойбайлап қала береді.
Билік осы жолғы сайлауды да «қалпақпен ұрып алатынын» қазірден бастап тойлап жатқандай. Сейсенбі күні Ақорданың алдына зәулім шырша орнатылды. Шырша болғанда да қандай дерсіз. Биіктігі 25 метр, көздің жауын алатын мыңдаған ойыншықтармен, жүздеген метрлік жарқырауық шамдармен әшкейленген. Оның ашылуына Елбасының өзі қатысып, оның арты отшашуларға, Аяз ата мен Қарша қыздың, мыңдаған астаналықтардың қатысуымен өткен мерекеге ұласты. Енді жасыл шырша ескі жаңа жылға дейін, дәлірегі сайлау өткенге дейін қазақстандықтардың жарқын да, таныш өмірінің белгісіндей болып мызғымастан тұра бермек. Ақордадан басталған осындай сән-салтанаттың енді облыс орталықтарына қарай ойысатынына күмәнданбаңыз. Жаңа жылдың бергі жағында Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы, арғы жағы Рождество. Қысқасы бұл жолғы Мәжілістің жаңа құрамын жасақтау осындай «отыз күн ойын, қырық күн тоймен» жалғаспақ.
Мұрағаттан, 12.12.2011 ж