«Менің дауыс бергенім бәрібір ештеңе шешпейді»-- 36,4 пайыз,
«Айтқанға көнетіндердің айы оңынан туады» --31,8 пайыз,
«Тентек» мінезділер тізімге қосылмайды»—11,4 пайыз,
«Сайлауда бәсекелестік күшейеді»-- 6,8 пайыз,
«Талап күшейіп, заң бұзу азаяды»—4,5 пайыз.
«Рейтинг» газеті өткен аптада «Алдағы сайлау жайлы болжамыңыз қандай?» деген сауалнама жариялап, редакцияға қоңырау шалғандар мен газеттің сайты (сайтты жазу) арқылы да үн қатқандарды қосқанда оның қорытындысы осылай болып шықты. Әрине, бұл халықтың болжамы, ішкі түйсігі. Алайда осының өзінен-ақ сайлауға деген қарапайым жұрттың көңіл-күйін байқауға болады. 15 қаңтарда өтетін науқанға сайлаушылардың қызығушылығы аса жоғары емес. Жалпы әр нәрсенің өз уақытымен болғаны жақсы ғой. Қыстың да, көктемнің де мезгілімен келгеніне не жетсін?! Сол сияқты ұдайы мерзімінен бұрын сау ете қалатын сайлау да, оның ылғи да бір сценариймен, дау-дамаймен өтетіні жұрттың әділдікке деген сеніміне селкеу түсірген тәрізді. Сайлаудың тағдырын билік шеше ме, әлде дауыс беретін халық шеше ме? Осы сауалға жұрт көңілінен шығатын жауап табу мақсатында «Рейтинг»газеті алдағы уақытта жан-жақты журналистік зерттеу жүргізбек.
Десек те, қазір жұрттың назары партиялық тізіммен өтетін мәжіліс сайлауынан гөрі мәслихат сайлауына көбірек ауып отыр. Қызу бәсекелестік, талас-тартыс осы мәслихат сайлауында болатын сияқты. Ал оған саяси партиялардың ішінде әсіресе «Нұр Отан» айрықша белсенділік танытып жатыр. Партия мәслихатқа түсетін үміткерлердің тізімін жасауды аяқтауға тақады. Сайлаушылардың басым бөлігінен «біз бармасақ та бәрі алдын ала шешіліп қойылған. Биліктің аты билік, белден басса да өзінің қалаған адамын өткізеді» деген пейіл аңғарылуы дәл осы биліктің партиясы саналатын «Нұр Отанға» қатысты туындап жүрген әңгіме екені жасырын емес.
Сенімді ақпарат көздерінен алған мәліметтерге қарағанда, 50 округке бір-бір үміткері ұсынылған «Нұр Отанның» партиялық тізімінде бұрынғы депутаттардың жартысынан астамы енбей қалған. Тоғыз қабат тор сүзгіден сүзіліп шыққан тізімге енгендердің қайсыларының додада бағы жанып өздерінің құтты орындарына қайта қонуы қаншалықты жүзеге асатынына тақсыр уақыт төрелігін айтады. Ал мандатынан айырылғысы келмегендер партиядан шығып, өз-өздерін ұсынады ма, әлде «партия айтты, біз көндік» дей ме, ол жағын тап басып айту қиын. Қалай деген күнде де партияның облыстық филиалы жетекшілерінің әрекетіне өкпе-реніш білдірушілер жетерлік. «Тентек» мінезділердің, дәлірегі сессияларда батыл пікір айтып, билікке жақпай жүргендер тізімге қосылмайды деген болжам да расқа шықты. Айталық, Қанатбек Досалиевтің, Нұрділла Жұмашевтың тізімге енбей қалуын осылай топшыладық. Кезінде сессияларда атқарушы биліктің шаңын қағатын Қапалбай Тұрдыбеков, Тұрсынбек Асанбаев сияқты «тентек» мінезділерден «тазарған» мәслихат енді «өгізге туған күн бұзауға да туады» деген халық нақылын еріксіз еске түсіреді. Ерлерден артық болмаса батылдығы жағынан кем түспейтін, әркезде еңесін тік ұстап пікірін еркін айта білетін Рәшкүл Оспанәлиева сияқты халық қалаулылары сын сағатта сүзгіден өтпей қалмасыншы әйтеуір. Алайда айтқанға көне беретін депутаттардың да айы оңынан туғаны шамалы. Соңғы шақырылымдағы депутаттық корпустың билікке жайлы халық қалаулыларының біразына да «Нұр Отанның» атынан үміткерлікке ұсыну бақыты бұйырмады. Олардың бірқатары Аманолла Раманқұл секілді сессия сайын шу көтермесе де үндемей-ақ үлкен тірліктерді атқарып жүргендерінен хабардармыз. Әрине, депутат болу әкеден қалған мұра емес. Дүние кезек деген тәмсілді де ұмытпаған жөн шығар. Бірақ тізімде қайсыбір замандардан бері мәслихатта отырған, халықтың қалаулысы болмаса абыройы кеміп, ауырып қалатындай көрінетін азаматтар да жүр. Осыдан кейін партия ұсынған үміткерлердің қандай қағидатпен таңдалғанын түсініп көріңіз.
«Нұр Отан» сұрыптаған, саралаған тізімге ХҚТУ-дің президенті Лесбек Тәшімов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов, бас дәрігерлер Болатхан Сағымбеков, Мәди Бегалиев, «Сайрам-Өгем» ұлттық паркінің директоры Жеңісбек Тұрғанов, облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Алмасбек Мамытбеков, Шардара ГЭС-інің басшысы Ержан Құдайберген, тағы басқалар іліккені жайлы ақпарат алдық. Бұлардың есімдерін әдейілеп атып отырмыз. Өйткені басқа кандидаттардың түгелге жуығы дерлік кәсіпкерліктің құлағын ұстағандар немесе осы салаға қатысы бар азаматтар. Кілең кәсіпкерлерді мұрнынан тізіп мүшелікке өткізіп жатқан «Ақ жолмен» «Нұр Отан» байлық есептесу жағынан жарысқа түскен тәрізді. Сайлау «...бардың малын шашады, жоқтың артын ашады...» деген құп айтылған сөз ғой. Депутаттық мандат та ебін таба білгенге әжептеуір билік емес пе? Ал билік пен бизнестің қос аққудай қатар жүзетіні жыл өткен сайын жазылмаған заңдылыққа айналып барады. Мәслихаттық мандатқа ұмтылудың арғы жағы тендерге барып тірелетіні бесенеден белгілі емес пе?!
Осы жолғы сайлауда мәжіліске кем дегенде екі партияның өкілдерін өткізу көзделіп отырғаны белгілі. Бұл тәртіп мәслихатқа жүре ме, жоқ па? Бұған дейін оппозициялық партияның атынан сайланған Нұрлан Сейітжаппаров пен өз-өзін ұсынған бірлі-жарым азаматтар болмаса депутаттық корпустың барлығын дерлік билік партиясының, яғни «Нұр Отанның» мүшелері құрады. Бірақ, әй, қайдам...Мәслихаттағы орынның біразын өзге партиялардың өкілдері алады дегенге дәл қазір сену қиын. Өйткені олар тарапынан белсенділік жоқ. Сондықтан да болар депутаттықтан дәмелілердің барлығы дерлік сынға «Нұр Отанның» атынан түсуге құмар. Тіпті Мәжіліске «Ақ жол» партиясының атынан ұсынылған үміткерлердің тізімін бастап тұрған Ермек Аббасовтың інісі Қайнар Аббасовқа да «Нұр Отан» үміт артыпты. Бұрын ағайын-туысқандар арасында екі елдің азаматығын алғандар, екі діннің өкілдері, екі тілде сөйлейтіндер кездесіп жатушы еді. Енді оған екі партияның мүшелері қосылды. Әрине, партияға кіру-кірмеу әркімнің өз қалауы. Бірақ қазаны ортақ ағалы-інілердің әрқайсысы әр партияның атынан депутат болып жатса, оны естіген жұрт не дер екен, неге жорыр екен?
Сіз не дейсіз, мәртебелі оқырман? «Рейтинг» газетінен көз жазып қалмаңыз. Келер жылға жазылып қоюды да ұмытпаңыз. Депутаттықтан үміткерлер жайлы ақпарат айтушылар, папкіге түсіп жатқан факті көп.
Жәнібек Тархан
Мұрағаттан, 12.12.2011 ж