2010 жылдың Қазақстанды дүрліктірген жаңалықтар қандай?

Screenshot_8.jpg

«Жылдың ең дүрліктірген жаңалығы»

Сары күз қашанда саясаттың «қызуын» көтеріп жіберетін мезгіл. Сондықтан да елді дүрліктірген жаңалықтың осы сары күзге тура келгенін кездейсоқтық дей алмайтын шығармыз.

«Ойбай, не дейсің «Оңтүстік» тобына жататын кландар Елбасыға жеке дәрігері арқылы қастандық жасамақ болыпты. Бірақ бұл  әшкереленіп, Мәми мен Шөкеев үйқамақта отыр екен. Президенттің іс басқарушысы Сарыбай Қалмырзаев инсульт алып, Германияға емделуге кетіпті» деген күбір-сыбыр ел арасына желдей гулеген.

«Жел тұрмаса шөп басы қимылдамайды» ғой. Мұндай өсектің таралуына негіз болған интернетте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері жариялаған «домалақ» хат еді. Іле-шала Бас прокуратураның шұғыл-іздестіру жұмыстарының заңдылығын қадағалайтын департаменттің бастығы Мұрат Мұсабековтың тұтқынға алынып, оған мемлекеттік құпияларды жария етті деген айыптың тағылуы отқа май құя түсті. Ұзынқұлақтен жеткен мәліметтерге қарағанда, Мұрат Мұсабеков «Оңтүстік» кландарының тобына кіретін, С.Қалмырзаевпен де, Қ.Мәмимен де жақсы қарым-қатынаста болған көрінеді. «Бәсе-бәсе, Шөкеев кейінгі кезде жиындардан төбе көрсетпей кетіп еді...Шөкеев отставкіге арыз жазыпты...».  Әлдебіреулерді желпініп, біреулер аузынан майын ағызып тұрып қисынды, қисынсыз әңгімелерді соқты-ай дерсіз. Мұндайда кімнің аузына қақпақ қоярсың. Сөйтсек...

Өмекең де, Қайрекең де сол баяғы креслосында отыр екен. Сәкең Германияға жай әншейін кезекті емін қабылдауға ұшып барып келіпті. «Мұның бәрі де Президенттің қасында жүргенгімізді көре алмай жүргендердің әрекеті шығар» деді кейінірек журналистерге сұхбат берген Сарыбай Қалмырзаев. Бірақ қызғанышы тасып, Президенттің қасында жүрген жүрген шенеуніктерге тас лақтырғандар кім болды екен?! Бас прокуратура ғаламторға осындай мәліметтерді жариялаған азаматтарды анықтап, тиісті жазасын береміз дегеніне екі-үш ай уақыт өтсе де «сарай төңкерісін» туралы әңгімелердің авторлары әлі күнге таптыртпай жатыр.

 

 

«Жылдың ең жайсыз жаңалығы» 

12 наурызда Алматы облысындағы Қызылағаш ауылын тасқын су бір түнде тып-типыл етті. Айтпай келген апат емес. Шенеуніктердің жауапкершілігінің жоқтығынан, салғырттығынан. Су қоймасының бөгеті бұзылып, бір пәсте жүздеген отбасы баспанасыз қалды. 45 адам  құрбан болды. Қаза тапқандардың арасында кәмелеттік жасқа толмаған 15 бүлдіршін бар.  Естіген адамның жүрегіне ауыр тиетін осы жайт жылдың ең жайсыз жаңалығы болды. Қазір апатқа ұшыраған үйлер қалпына келтірілді.  Үш айдан бері   Алматы облыстық соты осы апатқа кінәлі деген бір топ лауазымды басшылардың ісін қарап жатыр. Бірақ бұл шаралар жазықсыз құрбан болғандардың орнын толтырып бере алады ма?!

 

 

«Жылдың ең сәтсіз сценарииі»

 Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевті өтіп бара жатқан жылдың ең атышулы кейіпкері десек мұнымызға ешкім дау айта қоймас. Қаржы полициясы бұрынғы қызметінен шикілік тауып, үстінен іс қозғаған кезде, экс-министр жұрт күтпеген, дардай атағына жараспайтын амалға барды. Қанша дегенмен дәрігер ғой, оның Астанадағы ауруханалардың біріне барып, жансақтау бөлімінде жатып, өлім аузында жатқан адамның рөлін керемет сомдағанын «Сасқан үйрек артымен сүңгидінің» кері демеске бола ма?! Жан сақтау бөлімі республиканың бас дәрігерінің басын шырғалаңнан сақтап қала алмады. Құрығына түскен адамды құтылтпайтын қаржы полициясы ұзатпай-ақ, экс-министрдің жалған әрекетін жалпақ жұртқа әшкерелеп берді.   Осылайша «Жылдың ең сәтсіз «сценарийі» Досқалиевтің жылдар бойғы жинаған абыройын бір пәсте Қазақстанның халық әртісіне бергісіз атаққа айырбастады да жіберді.    

Бұрынғы министр өзінің 55 жылдың мерейтойын Астанадағы тергеу абақтысында өткізді. Жаңа жылды да сонда қарсы алатынына ешкімнің күмәні жоқ шығар. Келер қоян жылының Досқалиевқа қандай сый әзірлеп тұрғанына алдын ала тон пішпей-ақ қоялық. Оны уақыт көрсетер.

 

«Жылдың ең саяси жаңалығы»

Биыл Қазақстан Ванкувер мен Владивостокқа дейінгі аралықтағы 56 елдің басын қосқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Бұл екінің біріне бұйыра бермейтін мәртебе. Бұрынғы одақтас елдердің ішінде мұндай биікке Қазақстан алғаш болып жетті. Өзгелер қызғанып һәм қызығып қарайтын төрағалық халықаралық қауымдастықтың алдында еліміздің абройын асқақтатты.

Желтоқсанның 1-і мен 2-сі күндері Астанада өткен ОБСЕ саммиті Қазақстанның төрде отырып  ғаламдық маңызы бар тірліктерді шеше алатынан көрсетті. Кейінгі жылдары абыройы төмендеген ОБСЕ өзінің көп миәселені шеше алатынын, әлем елдерінің басшыларын  бір үстелдің басында жинап, өзара ымыраға келтіре алатынын дәлелдеп берді. 56 елден келген мемлекет басшылары, үкімет жетекшілері және  68 халықаралық ұйымдардың жетекшілері екі күн бойы саммитте отырып мәселе талқылағанымен алғашқыда ортақ шешімге келе алған жоқ. Саммит ашылғаннан кейін Ресей Президенті В.Медведев Сочиге ұшып кетті. Бірқатар елдердің делегациялары мәжілісті тастап шықты. Бір нәрсенің шығатынына күдіктенгендер көп болған еді. Бірақ өз мүдделері үшін ұзақ қызылкеңірдек болып айтысқан әртүрлі елдің басшылары екінші күні, түнгі сағат он екіні соққан сәтте  бір шешімге тоқтады.  Соңғы 11 жылда алғаш рет Ұйымның жұмысына тың серпін берген Астана Декларациясы қабылданды.

Стамбулдан кейін араға он бір жыл салып барып өткізілген Астана саммиті 2010 жылдың ең саяси жаңалығы болып тарих қойнауына енді. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: