Д.Қонаев: «Сталин анық айтатын, ақ сөйлейтін»

Screenshot_10.jpg

...Біз еңбекші елдің көкейкесті мәселесіне мұрындық болғанымызға іштей тәубе жасап, өзіміз де еңсе көтеріп, ерекше шабытқа мінгендей сезінгенбіз. Бірақ...

Бірақ қуанышымыз ұзаққа бармады. Дүниені қара бұлт қаптап, қасірет шеңгелі бас көтерген күн, оны өмірі ұмыта қоярмысың, жексенбі еді ғой. Әдетте, демалыста шахталарда жеңіл-желпі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа жұмыс аптасына тыңғылықты әзірлік жасалатын. Сокольный кенішінде болып, ондағы шаруа жайын өз көзіммен көріп, қаннен-қаперсіз үйге қайтып келе жатқанмын.

Есік шалқасынан түсіпті. Табалдырықтың арғы жағында не өң, не түс жоқ, Зуһра тұр. Өксігін баса алмай:

--Қазір ғана радиодан Молотов сөйледі. Соғыс басталыпты,--деді.

--Не-ме-не!? Не айтып тұрсың? Қайдағы соғыс?—Даусым қаттырақ шығып кетті білем, ызғарлы естілді. Онсыз да жаны жүдеп, жабырқап тұрған келіншегім жүзін төмен салып:

--Германия опасыздық жасапты,--деді қарлыңқы үнмен.

Мен келген ізіммен кері қайттым. Бір сағатқа жетер-жетпес уақытта қала кәсіпорындарының басшылары түгел қалалық партия комитетіне жиналдық. Шұғыл шаруалар белгіленіп, нақты нұсқаулар алдық. Ең әуелі ел ішін үрей билемеуге тиіс. Сабыр сақтап, келе жатқан адам төзгісіз ауыр нәубетті ақылға салып, оған мұқалмас рухпен тойтарыс берудің жолын ойласу.

Осылай 23 маусымда жер-жердегі митингілер басталып кетті. Сырт қалып, сыр берген жан баласын көрмедім, қандарын ішке тартып, көздерінен кәр шашқан үлкен-кіші кектеніп алған. Жүзін үрей билеп, иіні түсіп, бір уыс болғандар да жоқ емес. Қан майданға қатысып, кескілескен шайқастың қақ ортасында жүруден дүниені дүр сілкіндіріп келе жатқан қесірет тудырған үрей жаман. Батырдың сағын сындырып, тауын шағатын да осы. Әуелгі міндет жұртты осы дерттен аман алып қалу.

Қайрақсыз пышақ өткір болмайды. Ел іші болған соң жүрегіне түк байлаған ер де табылады. Ерге қарап өз намысын от шалса да, өзгеге қарап ердің жігері құм болмайды. Күдік пен үміт арпалысқан тұста елге сенбеске, ел ішінде серке-жігіттерге сенбеске болмайды. Олардың жасымас жігері, жалынды сөздері қандай қайраннан болса да алып шығып, берік байламдар жасатып жатты. Мына жолдарға зер салыңызшы: «Германияның қарақшылықпен жасаған шабуылына жауап ретінде біздер Лениногор металлургиясының кеншілері ең жоғары еңбек өнімділігімен жұмыс істеп, Отанымызды қорғау ісіне бар күш-жігерімізді жұмсаймыз» деген сөз құрғақ сөз емес еді, жауға оқ боп атылған қарапайым еңбек адамдарының маңдай тері еді. Қалалық партия комтетінің бірінші хатшысы М.И.Кудряцевтің басшылығымен өндіріс орындары қысқа мерзім ішінде соғыс жағдайына ыңғайланып үлгерді.

1941 жылы шілденің 3-і күні Бүкілодақтық радиодан Сталин сөйледі. Оның сөзін ел аса бір толқу үстінде тыңдады. Біз: «Бауырлар мен қарындастар! Достарым менің, сөзімді сіздерге арнаймын...» деп бастаған жан тебірентер сөзді ол кісінің аузынан бұрын-соңды естіген емеспіз. Тұла бойымыз шымырлап, иегі кемсеңдемеген үлкен-кіші жоқ шығар...

Сталин анық айтатын, ақ сөйлейтін. Бос уәдеге бұ жолы да бармады. Ата жауды таяу уақытта күл-талқан етеміз деп емексітпеді. Жадағай, жалпылама ұран да тастамады. Халыққа, баршаға бірдей және әркімнің санасына жететіндей ғып нақты міндет жүктеп, алдына айқын мақсат қойды. 

Маусым айының соңғы он күні ішіндегі жұмыс нәтижесі Лениногор еңбекшілерінің неге қабілетті екенін аңғартқан. Жарты жылдықтың қорытындысы бойынша қорғасын мен қара алтын шығару жоспары мерзімінен бұрын орындалды. Соғыстың алғашқы жылдарында (1941-42) 1940 жылмен салыстырғанда қорғасын өндіру 21 пайызға, қоспалы қалайы 8 пайызға, кадмий 9 пайызға, алтын 26 пайызға, күміс 12 пайызға артты.

Соғыс салған жара әлі жазылып біткен жоқ. Оны еске алудың өзі ауыр. Әрбір он адамның бірі солдаттың сұр шинелін киіп, майданға аттанды. Бір ғана біздің басқармадан 3652 жұмыскер, оның ішінде 275 бұрғышы қайласын қаруға алмастырды. 1500 адам бір қиырдағы Уралға, Сібірге, Қарағандыға барып, эвакуацияланған зауыттар мен фабрикалардың монтаждау жұмысына араласты. Сөйтіп, онсыз да қат жұмысшы күшіне зәрулік арта түсті. Адам жоқ, амалымыз қайсы деп, алақан жайып отыруға жағдай көтермейді. Барымен базар етуге тура келді. Бір кісі екі-үш адамның жұмысын атқарып, таңның атысы, күннің батысы демей еңбек етті. Осыған орай кен мастері Оспанов Рысбекпен арадағы болған әңгіме әлі есімде.

Ол ашылып сөйлесе бермейтін тұйықтау жігіт еді. Бар салмақтың өзіне түскелі тұрғанын терең сезінді ме, жоқ екі оттың ортасында біздің жайымызды таразылып, салмақтады ма, мені ұзақ, үнсіз тыңдап болып:

--Бара-бара әскери комиссариат табалдырығын тоздырдым,--деді. Шынымды айтсам, ақиық боп кеудемізді әрең сүйреткенше, қан майданға барып, ата жаумен алысып өлген әлдеқайда артық қой деп едім. Оған адамның дегені бола бере ме?! Маңдайға жазғанға көнбеске не шара.

--Тылдағы тірліктің майдан даласындағы ауыртпалықтан кем түспей тұрғанын өзіңіз көріп-біліп жүрсіз. Ендігі міндет елді екі ауысымға көшіру. Өйтпеске іләж жоқ. Біз неғұрлым өнімді көп берсек, соғұрлым жеңісті жақындата түсеміз. Жақсы жұмыспен де жауға ойран салуға болады.

--Сонда менің міндетім: қарамағымдағы жігіттерге осыны дұрыстап, байыбына барып түсіндіру білем.

--Тап басып айттыңыз. Ел ерге қараған шақта еңсе түсірмес ерлік іске мұрындық болғалы отырсыздар.

--Қайбір жүректің түгі барлығынан дейсіз. Оққа кеуде тосып, қан кешкен сарбаздардан біздің жанымыз артық емес, тым құрыса тіршілікпен сүйеу болсақ жарар деген жан далбаса ғой. Нар тәуекел енді,--деп, ол орнынан тұруға ыңғайланды.

Мен оның белді бекем буынып, неде болса күдіксіз, тас түйін кіріскелі тұрғанын танып, көңілім көтеріліп қалды. Қуанған мен қорыққан бірдей. Әлгінде ғана жайдақ атқа мінгендей, байыз таппай отырған менің байсалды қалыпқа көшкенімді ол да байқаса керек.

--Жақсы ат шапқанда танылады. Асатпай жатып құлдық демеңіз.

--Сыннан өткен кісілерсіздер, сыр бере қоймассыздар.

--Біз «Бәрекелдіге!» ризамыз!

Осылай екі жүздік, үш жүздік деп аталған бастама дүниеге келген-ді. Қанша айтқанмен, «соғыс» деген сөздің өзі де суық қой. Ел іші үрейсіз емес еді. Уайымға қайғы қосылса, мойытпай және қоймайды екен. Сол еңсесі түскен ел құлағын мына тірлігіміз еріксіз елең еткізіп, бір серпілтіп тастады.

Батыр жауда танылса, бейнетшіл кісі істе танылады ғой. Рысбегіміз жігіттің сөзі өлгенше, өзі өлсін дейтін намысқой азамат болып шықты. Тар жерде табысып, өмір өткелдерінен бірге өтіп, дүние шіркіннің ащысын да, тұщысын да бірге бөлісіп келе жатқан Хайдин, Тайжанов, Дементюк, Ноздрачевтер тізе қосты. Аяқ алыстарында қайырлы істі жеделдетпесең, сайтан араласады дегендей асығу, асығудан гөрі ұрымтал сәтті жіберместей ұмтылу бар еді. Олардың қатары көбейді, қолдаушылардың өсе түскені сонша, екі ауысымдық жұмысқа көшіп, еңбек өнімділігі күрт артты дерсіз.

Халық арасында: «жар жақсысы-жан қысылғанда» деген көшелі сөз бар. Сол айтқандай, кешегі зар заманда әйелдерге салмақ аз түскен жоқ. Өз басым ең нәзік жаратылыс деп білетін әйел баласының төзімділігіне де қайран қалдым. Басқа түссе баспақшыл деуден аулақпын, бар шаруаға икемді, істің қыбын тауып, тап-тұйнақтай ету олардың табиғатына тән екендігіне сол жылдары анық көз жеткіздім. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең үлкен энциклопедиялық сөздік
  • Әлемдегі ең қымбат кітапты Билл Гейтс қаншаға сатып алды?
  • Әлемде қай жазушының кітабы 2 млрд. данамен тараған?
  • Әлемдегі ең ауыр кітап жинағы қай мемлекетте?
  • Әлемдегі ең «ақылды» көпір
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: