Сол жылы менің есімнен ешқашан шықпас және ерекше бір кездесудің куәсі болдым. Омар һайям айтқандай, жақсылармен әрбір жүздесуің жылға бергісіз өмір ғой. Ой, қайран Мұхаңның мүлде жөні бөлек еді ғой. Ондай ұлы адамның әр сөзі, әр қимылы, әр ісі жанға азық, жастарға ғибрат. Көшелі кісіні көргеннің өзін айта алмай отыратын қазекемді, онымен тонның ішкі бауыңдай сыйлас, сырлас болған менің Мұхаң жай-ындағы естелігім енжар қалдырмас деп білем.
Жұмыс бабы сіңбіруге шама келтірген бе? Кеңсеге. бас сұқсан болды, алдың босамайды. Оның үстіне жеке шаруасымен келген кісілерді қабылдайтын күнім, уақытқа шек қойып, пәлсініп жату жоқ. Кімнің де болса құдайдан бір үміті бар, шаруам тынса деп, ол күпті көңілмен табалдырығыңнан аттайды, алдыңа келген адамга қолыңнан келген жақсылыгыңды жасап, риза қылып аттандырсам деп, сен намысқа тырысып отырасың. Сондай бір қарбалас күн еді. Хатшы кыз асығыс кіріп:
— Жазушы Әуезовпін деп бір кісі қабылдауыңызға келіп отыр. Жазушы дейін десем, жұпыны киініпті. Қарапайым. Түсінсем бұйырмасын, жұмысшылармен пәленбай жылдан аралас-қүралас жүрген адамдай емен-жарқын әңгімелесіп отыр,— деді.
Мен де өз қүлағыма өзім сенбедім. "Апыр-ау, ұлы суреткер ат арытып, тон тоздырып бір шеттегі күнгей елге де ат ізін салады екен-ау",— деді бір ой қуаныш отын үрлеп. Соңда да секемшіл көңіл:
— Рас айтасыз ба?— деп қайталап сұратты.
Мұхаңды естуім болмаса, шығармаларын оқығаным болмаса, өмірі көрген жан емеспін. Алматыдагы № 14 мектепте оқып жүрген кезімде, шамасы, тоғызыншы кластың оқушысы шығармын, ойдың да, бойдың да өсіп, айналаңа іңкәр көңілмен көз тастап, сұлулық алемінен сыр сабақтай бастаған шағымыз. "Қаракөз" сахнадан түспей, үлкен-кіші түгел жапырылып кеп, театрға барып жатқан. Қызық көріп мен де бардым. Әлі көз алдымда. Қаракөздің ролін тамаша өнер иесі, бірақ сахнадан тым ерте қол үзіп кеткен Зуһра Атабаева, ал Сырымды оның күйеуі Құрманбек Жаңдарбеков ойнады. Келістіріп ойнағаңдары сонша, Қаракөздің қасіретпен аяқталар тағдыры жан баласын жайбарақат қалдырмаған. Көзіне жас алмаған, әділетсіз өмірдің құрбаны болған пәк сезімге аянышпен қарамаған кісі кемде-кем еді. Онан кейін "Қаралы сұлуды", "Қараш-қараш оқиғасын", "Қорғансыздың күнін", "Кінәмшіл бойжеткенді", "Көксе-ректі" оқып, Мұхаңның жазғандарына бауыр басып кеткен едім. Міне, енді ол кісінің өзімен жүздескелі тұрмын.
Жасыратын несі бар, тірі жазушымен тұңғыш рет бетпе-бет келуім, қуанышым қойныма сыймаған да шығар, қызығу да жоқ емес еді, құштар көңіл мені қабылдау бөлмесіне қарай дедектете жөнелді. Директорлық лауазым жайына қалды.
Шынында да, ол кісі бір топ жұмыскердің ортасында әңгіменің қызығына түсіп, дүниені ұмыт қалдырғандай әдемі бір көңіл күйде отыр екен. Қайдан тапқанын білмеймін, үстінде жұмысшы киімі, аяғында керзі етік.
Біз ұзақ әңгімелестік. Кеудемді мақтаныш сезімі биледі ме, әлде жеті қат жер астында жүріп, кен қазған қазақ өмірден шет қалмай, оның да өнерді, әдебиетті жанындай сүйетінін анғартқым келді ме, әйтеуір, сөз орайы келген тұста ол кісінің жоғарыда аты аталған шығармаларын оқығанымды айттым.
— Пәлі, қазақтың көркем әдебиеті өндіріс ошақтарын аралап, тау қопарып, тас жарған құрыш білекті азаматтардың рухани әжетіне жарап жатқаны жақсы нышан,— деп саусақтарының ұшымен оң жақ танауын елеусіз көтеріп қойды.
— Өкінішке орай, қазақ жұмысшылары саусақпен санарлық. Солардың қатарын қайтсек арттырамыз деп, намысқа тырысып жатырмыз,— дедім.
Ол кісі бұған елең ете қалды. Кітаптарыңызды оқыдым дегеннен бетер қуанды.
— Бұл баршамызға ортақ міңдет. Санын да, сапасын да арттыруға ұмтылсақ еді. Кәсіпке бейімделіп қана қоймай, көкірек көздері ашылар, сілкініп, дүниеге сергек қарай бастар еді. Соңынан ерген бала-шаға соған бауыр басып, жұмысшы әулетінің жаңа ұрпағы өсіп шығар еді. Тайжановтар шыңға дара шыққан шынар ғой. Әсте, шынар ұрығын етекке шашпайтын қасиеті бар. Сондай болып жүрмесе?.. Жә, өздеріңдей ел тізгінін ұстаған жігіттер, ендігі бар аманат өздеріңде...
— Мұха, қазақ: "Ауыр істен қорықпа, ауыр сөзден корық" дейді екен, үлкен салмақ салып отырсыз. Қара бастың бабын емес, елдің жайын ойлай келген соң, маңдайы жарылған батырдай намысқа тырысармыз. Азды-көпті әрекетіміз өздеріңіздей ой тоқыған ағалардың қиялына қанат байлардай нәр болса, одан асқан оздырарымыз бар деп айта алман.
— Тура айтпасаң да, тұспалдай отырып маған да салмақ салып тұрғаныңды түсіндім. Уақыт жазса, дәм-түзы тартып, қүйысқан көтерткен Риддер қаламға да қайрат бергендей, желпініп қайтып барамын. Құдай қос көрсе...
Біз сол жерде төс қағыстырып, құшақ айқастырып, қимай қоштастық. Шынында да, ниетімізді құдай қос көріпті. Құда болдық. Менің Асқар деген інім ұлы суреткердіц Ләйлә деген қызына үйленді. Бірақ ол кісі Риддер жайлы жазам дегенін қағазға түсіре алды ма, жоқ па, кезіңде қанша рет сұраймын деп жүріп, тарс есімнен шығып кете беріпті. Әдебиетші ғалымдар назар аударып, зерделесе, осы бір жұмбақтың сырын аша жатар деймін. Қанша айтқанмен Мұхаң сияқты кесек тұлға көңіл төріндегісін өзімен бірге алып кетпесі анық.
Әр жылдың өз ерекшелігі, өз орны бар. Жадында жатталған жақсы жырдай бүкіл ел боп тойлаған ортақ қуаныштар әсте ұмытылар ма. Сондай дүбірлі той — Қазақстанның жиырма жылдығы. Салтанатты мәжіліске кеншілер өздерінің өкілі ретінде мені жіберді. Менің тұстастарым куә, ол кезде жоғарыдағы жасалған тізім бойынша емес, ел өз таңдауын жасап, қалауындағы жанға аманат жүктеп аттандыратын. Көпшіліктің көңілі маған түскеніне төбем көкке жеткендей куандым. Осы күнгі 8-наурыз бен Комсомол кешелерінің қиылысқан жеріндегі Орталық концерт залының орнында Мәдениет сарайы бар еді. Салтанатты жиын соңда өтті. Тойдан оралысымен жылдық жемісті қорытындылау жолында үлкен іске жұмылдық. Алда КСРО Жоғарғы Кеңесінің сайлауы тұрды. Біз оған депутаттыққа кандидат етіп Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Скворцовты ұсынғанбыз. Ол кісі сайлаушылар-мен кездесуге сол кездегі Қауіпсіздік халық комиссары Бабкинді, "Казахстанская правда" газетінің редакторы Нефедовты, сосын облыс басшыларын ерте келіпті. Әңгіме қол жеткізген табысты емес, жоқ-жітігіміз қайсы, кемшілік сыры неде, оны түзетудің жолы қандай, міне, осы орайда әлеуметтік, мадени және экономикалық мәселелер егжей-тегжейі талқыланып, нақты шаралары белгіленді. Сөз сөйлеген жұмысшылардың қай-қайсы болмасын ұсынылып отырған кандидатқа азды-көпті аманатпен шектелмей, келелі міндеттерді шешуді талап еткенді. Кеніштің үш жүз кісілік клубында өткен жүздесу осылай есте қалғанды. Әсіресе, үзіліс кезіңде партком хатшысы Фадеев, Скворцов үшеуміз оңаша қалған және ашық-жарқын әңгімелескен бір сәтті еске ала кетейін.
Скворцов назарын маған аудара түсіп:
— Балқаш жанып тұрған от еді. Ұзақ қашықтықты жүгіріп үйренген кісіге мың метрлік бүйім емес. Мына Алтай Сізге сондай көрініп тұрған жоқ па?— деп сүра-ды.
Мына сөз әуелі шаншудай қадалды. Жағаң жайлауға кетіп, арқа-басты кеңге салып жүрген жоқсың ба деген-дей әсер қалдырған. Мен сыпайылық сақтап:
— Алтай өңірін Балқаштан бетер күйдіріп-жандыруға болады. Оны өзіңіз де байқаған боларсыз,— дедім.
Хатшы мырс етіп күлді де:
— Менің Риддерге сізді жіберуім, өзім ашқан үлкен жаңалыққа санаймын. Оған сіздің де екпеңіз бола қоймас. Кеншілердің еңбегіне дән ризамын. Маңдай терін төксе осылардай-ақ төксін! Рахмет, жігітім! Сеніп әкелген азаматыңның бар үмітті ақтағанынан асқан абырой бар ма,— деді бір түрлі толқып.
Мен орынсыз қызарақтағаныма қысылдым. Оны білдіртпеуге тырысып:
— Николай Александрович, қазақ: "бірлік бар жер-де — тірлік бар" дейді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жасап жатқан азды-көпті еңбегімізге бер-ген төрелігіңіз бізді бір жасатып тастады,— дедім.
Ол қабыл алдым дегендей басын изеп, қолымды қысты.