Лесбек Тәшімов: «Қазақы салт-дәстүрлерді жоғалтып алмасақ екен»

Screenshot_2.jpg

Лесбек Тәшімов, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ президенті, облыстық мәслихаттың депутаты:

- Лесбек Тәшімұлы, Сіз әрі маман даярлайтын оқу орнын басқарып отырсыз, әрі ел сенім артқан депутатсыз. Сізді бүгінде қоғамдағы қандай мәселе мазалайды?

- Әрине, халық қалаулысы ретінде қозғау салатын мәселе жетерлік. Дегенмен, мені жастар тәрбиесі, олардың болашағы қатты алаңдатады. Көпке топырақ шашқаным емес, бірақ, дүниенің мәнісін адамгершілікпен емес, доллармен, теңгемен өлшейтін жастардың қатары артып бара жатқаны қынжылтады. «Кедей бай болсам, бай құдай болсам» деген қағида адамзат баласына тән қасиет. Адамның талабы өсе береді. Дегенмен, көкірек көзі дүниені ғана көретін адамның бойынан ата-анасына қарау, үлкендерді силау, кішіге ізетті болу, ата салт-дәстүрлерді қастерлеу секілді құндылық біржолата жоғалып бара ма деп қорқамын. Қазіргі заманның солақай тұстарын санасына көбірек сіңіріп алмаса екен деймін. Атамыз қазақтың ұғымында болмаған қарттар үйінің, балалар үйінің көбеюі, оны өз үйі - өлең төсегі санайтындардың артуы алаңдатпай қоймайды.

Әрине, мемлекетіміздің болашақта бай болатыны анық. Оның алғышарттары да жоқ емес. Алайда, рухани жағынан жұтап қалмау, жастардың бойына патриоттық сезім ұялату жағын жиірек ойлануды да естен шығармаған абзал. Әйтпесе, қыруар дүние тауып, миллиардер атанып, шетел асып кететіндерден не пайда? Ондайлардың бар екендігін көзіміз көріп жүр. Өз басым мұндай қылықты құптай қоймаймын. Біздің мемлекетіміз жұмылған жұдырықтай болып, шығыс пен солтүстігіміздегі алпауыттарға жем болмаудың жолын мықтап қолға алуымыз керек. Ал мемлекеттің болашағы жастардың қолында екені дәлелдеуді қажет етпейді.

- Өзіңіз жастармен жиірек жұмыс істеп жүрсіз ғой, осы айтылған мәселеге байланысты нақты ұсынысыңыз бар ма?

- Менің ойымша тәрбиені дін жолымен ұштастыра білген жөн. Алланың жолында жүрген адамнан жамандық шықпайды. Дегенмен, жергілікті дін өкілдері о дүниенің жақсылығымен бірге бұл жалғанның да жақсылықтарын жиірек айтса екен деймін. Біздің ұлтымыздың салт-дәстүрінде жақсы қасиеттер өте көп. Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрінің өзі не тұрады. Тұқым тазалығы осыдан басталады. Қазекеңнің әр нәрсеге қабілеттілігі осы тұқым тазалығының арқасында деп айта аламыз.

- Дін жайлы айтып қалдыңыз, мектеп бағдарламасына дін сабағының енгізілгеніне көзқарасыңыз қандай?

- Бұл жастарымыздың өзге діннің табалдырығын аттап, теріс жолға түсіп кетпесін деген сақтықтан туындаған мәселе болса керек. Қазір кірме діндер, миссионерлер арамызға байқатпай кіріп алып, аяусыз сына қағып жатқан жоқ па? Бұл тұрғыда Елбасымыз бірнеше мемлекеттердің дін басыларын жинап, ортақ пікір алмасулар ұйымдастырғаны өте орынды болды деп ойлаймын.

Screenshot_19.jpg

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: