Министр Жұмағұлов жұмған аузын ашар емес

Screenshot_4.jpg

Менің қызым Жанар Тастанова биыл Мақтарал ауданы Атакент ауылында орналасқан орта мектепті бітірді. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 100 балл жинады. Бұл мектептегі түлектердің арасында ең жоғары көрсеткіш еді. Сөйте тұра бүгінде қызымнан төмен нәтиже көрсетіп, 75-80 балл жинағандар жоғары оқу орнында грант негізінде білім алып жүрсе,  ал менің қызыма қабылдау комиссиясы мен мектеп әкімшілігінің қателігінен ондай бақыт бұйырмағанына қатты қынжылып жүрміз. Биылғы ҰБТ-кезінде түлектердің өте төмен нәтиже көрсеткені бәрімізге белгілі.  Егер құжат қабылдау кезінде қателік кетпегенде қызым сөз жоқ, ауыл квотасымен-ақ грант иегері атанып, бүгінде өзі қалаған дәрігерлік мамандық бойынша білім алып жатар еді. Сорақылығы сол, арға да, заңға да  сыймайтын олқылық қызымның жігерін құм етіп, жүрегін жаралап, көңіліне қаяу салғанына қарамастан осыған кінәлі адамдар жазаға тартылмауы, әділдіктің әлі күнге дейін салтанат құрмауы жанымызға батады. 

Әңгіме түсінікті болуы үшін әріден бастасам біз 2000 жылы  Өзбекстаннан Қазақстанға отбасымызбен көшіп келдік.  2006 жылы азаматтық алдық. Ал, қызым Өзбекстанда туылғанымен, орта мектепті Қазақстанда, бірінші сыныптан бастап Мақтарал ауданындағы білім ұясында оқыған. Осылай бола тұра Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысушылардың тізімін Астанадағы білім министрлігіне жолдағанда мектеп әкімшілігі құжатқа оның Өзбекстанда берілген туу туралы куәлігін тіркеп жіберген.  Қызым Шымкенттегі медициналық академиядағы қабылдау комиссиясына құжат тапсырғанда да олар осы дерекке сүйенген. «Ертең мұның шикілігі  шығып,  зардабы тиіп жүрмесін» деп қызым да, ата-анасы біз де қанша шырыл қақтық. Не мектеп әкімшілігі, не Медакадемияның қабылдау комиссиясы жанайқаймызға құлақ аспады. Олар «құжаттың түбірі тексерілмейді» деп базаны өзгертуге, қателікті түзетуге құлықсыздық танытты.   

ҰБТ қорытындысы бойынша  100 балл жинаған қызым  Жанар  алдымен Қазақстан азаматы болып табылмайтын, бірақ қазақ ұлтының өкілдеріне арнап бөлінген квота негізінде грант иегері атанды деген сертификатты иеленіп, аты-жөні оқуға түскендердің тізімін жариялаған  «егемен Қазақстан» газетіне шықты. Артынша Алматыдағы С.Асфандияров атындағы Қазақ ұлттық университеті қызымның жоғары балл жинағаны дұрыс болғанымен құжаты бұрыстығына байланысты оны студент қатарына қабылдаудан бас тартты. Мән-жайды түсіндіріп Білім және ғылым министрлігіне шағым түсіргенімізбен тест тапсыруға жолданған қызымның құжатында  кеткен қателіктің салдарынан жеңіп алған гранты өз күшін жойғанын хабарлаған қызметтік хат келді.  Хатқа министр Бақытжан Жұмағұловтың  өзі емес, сондағы көп департаменттердің біріндегі  директордың орынбасары С.Ысмағұлова жауап берді. Бұл жауап бізді қанағаттандырмай министр Жұмағұловқа тағы бірнеше рет хат жаздық. Ал министр Жұмағұлов жұмған аузын ашар емес. Әлде министр қарамағындағылардың қателігін біле тұра әдейі бүркемелеп отыр ма? Үкіметке, құқық қорғау органдарына үлкен үміт артып, қолдан жасалған қателікке кінәлілердің жауапкершілікке тартылуына, әділдіктің кеш те болса салтанат құруына көмектесулерін сұрадық. Ешқайсысынан ешбір жылы хабар жоқ. Неге бұлай? 

Бірінші сыныптан бастап Қазақстанда оқыған, Қазақстан азаматы ретінде тіркеуде тұрған, басқа жаққа қоныс аудармай тек Қазақстанда  тіршілік кешкен қызымның құжаттарын соншалықты салғырттықпен, бәлкім  көпе-көрнеу қастандықпен   Өзбекстанның азаматшасы ретінде рәсімдеген Әсия Сердалиева басқаратын ауылдағы мектеп әкімшілігінен, не қабылдау комиссиясынан ешкімнің жауапкершілікке тартылмайтыны қалай? Мектеп бойынша ҰБТ-да ең жоғары балл жинап, бірақ ешқандай оқу орнының студенті атана алмаған  қызымның обал-сауабын ойлайтын кім бар?  

Байзақ Бегімбетов, Мақтарал ауданы,Атакент кенті.   

Мұрағаттан, 28.11.2012 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Оңалбай Аяшев мұқтаж отбасыларға көмек көрсетті
  • Тұрдалы Сәуірбеков: «Нан бағасы бензин бағасымен теңестірілсе ауыл шаруашылығы гүлденеді»
  • Мәдениет және спорт министрі Түркістандағы тарихи орындарды аралады
  • Екпе – ағзаңыздың қорғаны!
  • Түркістан облысында басқарма басшысы тағайындалды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: