Толқынай Қыдырбаева: «Үшемдердің үйі болғанмен күйі болмай тұр»

Screenshot_11.jpg

Тышқан жылында Оңтүстік Қазақстан облысында жиырмаға жуық ана үшемді өмірге әкелді. Алайда бұлардың ешқайсысы емес екі жыл бұрын жарық дүние есігін ашып, қойшы қорада тұрып жатқан Нұрсұлтан, Болат, Өмірзақ атты үшемдердің отбасына «Нұрсәт» мөлтекауданынан пәтердің қалай берілгені биыл елдің назарын  айрықша аударған жайт  болды. Мұны бұқаралық ақпарат құралдары бір-бірімен жарысып тұрып жұртқа жеткізді. Алайда, олардың қаланың қатал сынына шыдас бермей, жайлы пәтердің сыртынан құлыптап, қойшы қораға қайта оралғаны жайлы бірен-саран болмаса көп басылымдар жазған жоқ. Баспасөз өкілдері дабыл көтеріп, үшемнің біреуінің есімі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа ұқсасын деген ырыммен қойылғаны Президенттің назарына іліккенге дейін, яғни 2008 жылға дейін оларды ешкім елемеді. Пәтер берілгеннен кейін де біршама уақыттан соң тағы елеусіз қалып қойды. Жаңа жыл қарсаңында үшемдерді өмірге әкелген Толқынай Қыдырбаева мен күйеуі Әбдіманаптың шаңырағында болып, әңгімелесіп қайтқан едік.

- Ассалаймағалейкум, Әбдіманап аға! Хал-жағдайларыңыз қалай?

- Құдайға шүкір, бұйырған несібемізді теріп, жүріп жатырмыз. Бүкіл қазақстандықтарға белгілі болған үшемнен кейін, яғни желтоқсанның 2–сі күні  тағы бір ұлды болдық. 

- Құтты болсын. Есімін кім деп қойдыңыздар?

- Арман деп қойдық. Шаңырағымыз тағы бір «әкіммен» (Шымкент қаласының әкімін айтып отыр. Ш.М.) толықты. Бүкіл әкімдердің атын қоя бердік қой (күлді).

- Толқынай апай, қай жерде босандыңыз?

- Фосфоршылар ауруханасында. Салмағы 4-те 70 грамм болды. Қазіргі жағдайы жаман емес. Алғаш бесікке үйрене алмай біраз әбіржіткені болмаса,  ұйқысы тыныш. 

- Үшемдеріңіздің жағдайы қалай?

- Міне, ойнап жүр. 

- Мінездері қандай?

- Ішіндегі ең бұзығы бұрынғы қала әкімімен аттас Өмірзақ. Нұрсұлтан мен Болатқа да, ағаларына да тыныштық бермегесін аяғынан «арқандап», батареяға байлап қойдық. Анда-санда осылай байлап қоймасақ, тыныштық бермейді. Терезеден түспейді. Қазір сол жерде жатып, ұйықтап алады. Сонан кейін «босатамыз». Нұреке (Нұрсұлтанды осылай атайды екен) салмақты. Ішіндегі ақылдысы осы болады-ау. Болат та аздап бұзықтау. Бала болғаннан кейін жиі ұрысып жатады. 

- Әбдіманап аға сіздерді жазда пәтерді тастап, қойшы қораға қайта кетіп қалды деп есітіп едік, не себепті кеттіңіздер?

- Ақшамыздың бәрін бір алаяқ келіншек сыпырып кеткеннен кейін сүттен қиналып, ауылға қашқанымыз рас. Малдың арасында болсақ, ағарған бар, әйтеуір күнімізді көрерміз деп ойладық. Өзім механизатор болғаныммен, кішкентайымнан малдың арасында өскендіктен, төрт түліксіз тыныш отыра алмаймын. Жазда біршама уақыт сол қойшы қорада тұрғаннан кейін, әйелім мен бала-шағам осында келді. Менің бағатын малды біржолата өткізіп келгеніме бір апта болды. 

- Өзіңіз жұмысқа орналастыңыз ба?

- Әзірге балаларға қарасып отырмын. Әйтпесе, әлі қырқынан шықпаған нәрестеден бөлек мына бесеуіне Толқынайдың жалғыз қарауы мүмкін емес. Бір қарауылдық жұмыстың шеті шығып тұр. Жаңа жылдан кейін сөйлесіп көрермін. Айлығы аз дейді, 12 мың теңге шамасында. Аз да болса үйде отырғаннан көрі тәуір ғой. Арғы жағын көре жатармыз. 

- Сонда қазір қалай күн көріп отырсыздар?

- Толқынайға көп балалы ана ретінде берілетін 4,5 мың теңгені аламыз. Атаулы әлеуметтік көмекке бір емес, бірнеше рет құжат өткіздік. Үшінші рет туралап апарғаннан кейін үш айға деп бір рет 18 мың теңге алдық. Тоқсандық екен. Одан кейін жоқ болды. Жәрдемақы жағы қиын болып тұр. Үкімет бар жағдайларыңды жасап берген, енді не керек дейді «горсобестегілер». Ол мемлекеттің арнайы бөліп отырған жалпыға бірдей жәрдемақысы болса не себепті берілмейді? Әрине, олар да бермейміз деп біржақты айтып отырған жоқ, дегенмен, өткізген құжатымыздың соңы нәтижесіз. Бекерге ақшамыз шығын болып жатыр. 

- Коммуналдық төлемдерді қалай төлеп жатырсыздар?

- Әзірге газға болмаса, өзгесіне қарызымыз жоқ. Бірақ, жылудың ақшасы әлі келген жоқ. Арманның жөргекпұлын алсақ, қарыз болмайтын шығармыз. Қазір тамақ ішпесек те, бірінші кезекте коммуналдық төлемдерді төлеп отырмыз. Кезінде әлгі алдап кеткен алдаяқ келіншектің айтуымен мені үйге жолатпады ғой. «Ішкіш, бала-шағасына қарамай кеткен» деп айтылып жүрді. Шындығында олай емес еді. Ақырында сенген адамымыз өзімізді тақырға отырғызды. Қазір ойлап отырсам, миллиондаған теңге кеткен секілді. Сотқа да жүгіндік. Алғашында пәтер алуға көмектессе, бір жылқы беремін деп келіскенмін. Кейін бес қой бердім. Сондағысы мені «алқаш» етіп жіберді. Кетер ақша кетті, енді алдағы күндерді ойлауымыз керек.

- Соттан да ешқандай нәтиже шықпады ма?

 (Сөзге Толқынай апай араласты)

- Анау құжатты әкел, мынау құжатты әкел деп керек қағаздарды көбейтіп жіберді. Олардың да жұмысы, талабы сондай шығар, бірақ, оның бәрін жинау үшін ақша керек. Жолкүреге де теңге таппай қиналып кеттік, оның үстіне босанатын уақытым да жақындап қалғасын, өз еркімізбен арыздан бас тарттық. Бұл кезде жүктілігімнің жеті айы толып қалған болатын. Тіркеуге де тұрған жоқ едім, тұрып алдым. 

- Жергілікті әкімшілік тарапынан қайтара соғып, қалай күн көріп жатырсыздар немесе жұмысқа тұруға жәрдем берейік деп ешкім қара көрсетпеді ме? Аш адамға балық емес, қармақ бер деген бар емес пе?

- Жоқ, ешқандай жәрдем болмады. Өзім де сұрап барғаным жоқ. өз қамымызды өзіміз жасап жатырмыз. Жаңа жылдан кейін қала әкімі Арман Жетпісбаевқа  кірсем бе деп ойлап жүрмін. 

- Ол кісіге ырымдап ұлыңызға есім қойылғанын біледі ме?

- Әзірге білмейді. 

- Биылғы жыл қалай өтті?

- Тышқан жылына өкпеміз жоқ. Пәтерлі болдық, шаңырағымызда Елбасының өзі болды. Енді,міне, нәрестелі болдық. 

- Жаңа жылдарыңыз құтты болсын!

 Әңгімелескен Шадияр Молдабек

"Рейтинг" газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Оңалбай Аяшев мұқтаж отбасыларға көмек көрсетті
  • Тұрдалы Сәуірбеков: «Нан бағасы бензин бағасымен теңестірілсе ауыл шаруашылығы гүлденеді»
  • Мәдениет және спорт министрі Түркістандағы тарихи орындарды аралады
  • Екпе – ағзаңыздың қорғаны!
  • Түркістан облысында басқарма басшысы тағайындалды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: