Түркістан қаласындағы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Айка» толықметражды психологиялық драмасының көрсетілімі өтті.
Шараға 71-ші Канн фестивалінде «Ең үздік әйел рөлі» номинациясын жеңіп алған бас кейіпкер Самал Еслямова мен туындының режиссері Сергей Дворцевой арнайы келіп, көрерменмен қауышты.
Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дың ректоры Б.Әбдірәсілов облыс әкімінің атынан сый-сыяпат жасап, қонақтарға жемісті еңбектері үшін алғыс білдірді.
Өз кезегінде туынды режиссері Сергей Дворцевой жүрекжарды лебізін жеткізіп, алты жылға созылған түсірілім барысын баяндады. Таспалау кезіндегі қиындықтармен бөлісіп, өз рөлін мінсіз ойнап шыққан актрисаның шеберлігін атап өтті.
Айка образын сомдаушы Самал Еслямова тағдыры ауыр қырғыз қызының рөлі оңайға соқпағанын айтып, болашақтағы жоспарларын ортаға салды. Келген көрерменнің сұрақтарына жауап беріп, БАҚ өкілдерімен жүздесті.
Айта кетейік, оқиға желісіне Мәскеуде жұмыс істейтін қырғыз әйелінің әлеуметтік жағдайы арқау болған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі