Қазба жұмыстарымен айналасатын археологтардың ара-тұра «Шыбық шаншысаң, шынар өсетін оңтүстіктің топырағына күрек салсаң, арғы жағынан көне тарих сайрап қоя береді» дейтіні бар. Бұл әсерлеуі жоқ ақиқат сөз. Оңтүстіктегі жәдігері мол, тарихы бай орынның бірі—сансыз баптардың мекені Сайрам қаласы.
Қазақ жеріндегі ең көне қала
Қазақ жерінде Сайрамнан көне қаланы таба алмауыңыз мүмкін. Сайрам туралы ең ескі дерек біздің жыл санауымыздан бұрынғы төртінші ғасырда жазылған парсылардың кітабы--«Авестада» ұшырасады екен. Аталған кітапта қала «Сайрим елі» деп жазылған. Қаланың атауы туралы да түрлі болжамдар бар. Кейбір тарихшылар «Сайрам» деген сөз көне түркі тілінен аударғанда «Тастақ сай» дегенді білдіреді дейді. Қаланың Сайрам су өзенінің бойында орналасуы, жерінің тастақты болып келуі бұл болжамды қуаттай түседі. Ал, қаланың ортағасырлардағы атауы «Исфиджаб». Ол «Екі дария аралығы» дегенді білдіреді. Қала өз тарихында Аққала, Орынкент деген атаулармен де белгілі болған.
--Көне парсы деректерінде Сайрам «Сайрим» деп жазылған. Мұндағы «Сайр» деген сөз парсы тілінде «бас» дегенді білдіреді. Бұған қарағанда Сайрам «Бас қала» деген мағынаны беруі де мүмкін,--дейді сайрамдық ғалым, ұзақ жылдары осындағы өлкетану мұражайының директоры қызметін атқарған Мирахмад Мирхалдарұлы.
Мирахмад Мирхалдарұлы көне қолжазбалардың аударумен де айналысады. Әлі ғылыми айналымға енгізілмеген талай құпия-сырларды білетін ғалым бізге Сайрамға қатысты қызықты мәліметтерді алға тартты. –Жергілікті халықтың қолында сақталып қалған шежірелерде Сайрамның негізін Ыдырыс пайғамбардың қалағаны жазылған. Көне Сайрамның орны осы уақытқа дейін ғылымда нақтыланбаған. Менің болжамым бойынша ол Сайрам су өзенінің сол жағалауында, Қазығұрт тауына жақын жатыр. Белгілі түркітанушы Бартольдттың еңбектері де осыны меңзейді. Ал қала қазіргі орнына кем дегенде осыдан екі мың жыл бұрын қоныстанған. Оған қаланың орнынан табылған жәдігерлер куә. Егер Сайрамға археологиялық қазба жұмыстары кең көлемде жүргізілсе, қазақ тарихына қатысты қаншама деректер табылар еді.
Аңыз бе, әлде ақиқат па?
Қазба жұмыстары көне қалаға қатысты ақиқат пен аңыздың да аражігін ажыратып берер еді?! Өйткені көне Сайрамға қатысты аңыз көп. Солардың бірінде Нұх пайғамбардың кемесі топан судан кейін Қазығұрт тауының басына тоқтағаны айтылады. Топан су кейін қайтқан соң, төңіректе бірінші болып Сайрам өңірі көрінген екен. Нұх пайғамбар сонда қоныстанып, адамзаттың екінші өмірі Сайрам жерінен басталған деседі.
Кезінде Сайрамнан 7 шақырым жерде Нұх пайғамбардың ұлының қырық метрлік қабірі болған көрінеді. Қаланың орталығында күні бүгінге дейін Қызыр пайғамбардың қабірі бар. Ал, қаланың негізін қалады деген Ыдырыс пайғамбардың атымен аталатын мешіт өткен ғасырдың отызыншы жылдарына дейін сақталған. Қызыл белсенділердің қылышынан қан тамып тұрған заманда осы мешіт жермен жексен етілді, ал мешіт алдында тұрған, жұрт қасиетті деп санаған тас бағаналар (жергілікті халық арасындағы аңыз бойынша тас бағаналар Адам ата мен Хауа ана немерелерінің қолымен жасалған көрінеді) ізім қайым жоғалған.
--Тастардың бірін біз тоқсаныншы жылдары Әзірет Сұлтан кесенесінен таптық. Екінші бағана қазір Санкт Петербургтегі Эримтажда тұр. Оны елге қайтармақ болған әректемізден нәтиже шықпады,--дейді М. Мирхалдарұлы. Сайрамда сондай-ақ, Мәриям ана кесенесі бар. Ол Иса пайғамбардың анасы—Мәриямның қабірі деседі. Әрине, қисынға келмейді. Дегенмен, осы арада көне замандарда христиандардың құлшылық қылатын ғибадатханасы болған көрінеді. Көне қаланың бір кездері зорастраизмның, шаманизмның орталығы болғаны туралы мәліметтер көп. Осыдан бірнеше жыл бұрын Сайрамның іргесіндегі қырғы мазардан ескі ғибадатхана табылды. Кездейсоқ аршылған тарихи орын бір кездері күнге табынушылардың құлышылық үйі болғанға ұқсайды.
--Өз тарихында талай мәдениеттер мен өркениеттерді бастан өткерген Сайрам бірнеше мәрте шапқыншылыққа ұшырады. Араб тарихшылары монғол шапқыншылығы кезінде қалада адам сүйектерінің кірпіш секілді қаланып жатқанын баяндайды. Сайрамды әсіресе, жоңғар шапқыншылығы қатты қиратты. Жоңғарлар қалаға алғаш рет 1681 жылы шабуыл жасап, оны ала алмаған. Екінші шапқыншылық «Ақтабан шұбырынды, Алакөл шұбырынды» жылдарында болды. Жоңғарлар қаланы түгелдей талап-тонап, еңбекке жарамды қыз-жігіттерді құлдыққа айдап алып кеткен. Тарихи деректер осы сұмдық кезінде қала тұрғындарының 40 мыңнан 6 мыңға дейін кемігенін жазады. Құлдыққа түскен сайрамдықтар көптеген елдерге босып кетті. Бүгінде Түркіменстанда, Тәжікстанда, Өзбекстанда «Сайрам» деген жер атауларының кездесуі осы аласапыран кезінде бас сауғалап қашқан сайрамдықтардың кейінгі тағдырымен байланысты болса керек,--дейді ғалым.
Сайрамнан Ясауидің жаңа еңбегі табылды
«Сайрамда бар сансыз бап» деген сөз текке айтылмаған. Араб, парсы, шағатай тілдерін жетік білетін Мирахмад Мирхалдарұлы осы уақытқа дейін осында жатқан жүзге тарта әулиелердің өмірлерін зерттеп, арнайы кітапша етіп шығарған. Жуырда ғалым осындай ізденпаздығының арқасында Қожа Ахмет Ясуаидің бұрын-соңды жарияланбаған хикметтерін жарыққа шығарды.
--Қожа Ахмет Ясауаи бабамыздың Сайрам жерінде дүниеге келгені мәлім. Оның ата-анасы—Қарашаш ана мен Ибрагим атаның қабірі осы жерде жатыр. Сайрамда бүгінде Ясауиден тарағанбыз деген ұрпақтар да бар. 2008 жылы бабамыздың 41-ші ұрпағы болып табылатын, жасы 96-ға келген Отахан қарияның үйінен кездейсоақ араб харіпімен таңбаланған көне кітап табылды. Шағатай тілінде жазылған, мыңға жуық беттен тұратын кітапты оқуға маған алып келді. Табылған дүние Қожа Ахмет Ясауаи бабамыздың және оның шәкірттерінің хикметтері болып шықты. Кітап осыдан 300 жылдай уақыт бұрын басылған. Мен Қожа Ахмет Ясауидің бұған дейін Ташкентте, Қазанда басылған кітаптарымен салыстыра отырып, жаңа табылған мұрадағы 50 хикметтің бұған дейін еш жерде жарияланбағанына көз жеткіздім. Сопылық ілімді зерттеушілер Ясауаидің Сүлеймен Бақырғани мен Хакім атадан басқа шәкірттерін білмейді. Ал, бұл еңбекте бабамыздың 28 шәкіртінің өлеңдері топтастырылған екен. Мың беттік кітапты аударып шыққанымен, оны не Шымкентте, не Ташкентте бастыра алмадым. Оған қаржының жоқтығы қолбайлау болды. Осындай күндердің бірінде қайдан естігенін білмедім, Түркиядан екі ғалым келіп, кітаптың көшірмесін алып кетті. Арада біраз уақыт өткен соң олар қайта оралып, Түркияда «Қожа Ахмет Ясауидің жаңадан табылған өлеңдері» деген атпен, латын әрпімен басылған кітаптарды маған табыс етті. Кітап Түркияда миллион тиражбен таралыпты. Былтыр аударма еңбегімді Сайрам ауданының орталығы Ақсукентте өзбек тілінде азғана таралыммен жарыққа шығардым. Бұдан арыға қаржым жетпеді,--деді Мирахмад Мирхалдарұлы бізге осы шағын кітапшаны көрсетіп.
Ясауидің 41 ұрпағы болып саналатын Отахан ата былтыр дүние салыпты. Мың беттен тұратын көне кітап қазір ол кісінің шаңырағында сақтаулы тұрған көрінеді. М.Мирхалдарұлының айтуынша, Ясауи бабамыздың ұрпақтары бүгінде Сауд Арабиясы, Үндістан, Пәкістан сияқты елдерде де тұрады. Бір кездері Таразда туылып, отызыншы жылдарғы аласапыран кезінде әуелі Ауғанстанға одан кейін Түркияға, ақыр аяғы Сауд Арабиясына барып тұрақтаған бабамыздың ұрпағы Шахабоддин деген кісі осыдан бірнеше жыл бұрын Сайрамға келіп, ағамызға арнайы жолығып, Ясауи хикметтерінің көшірмесін алып кетіпті. Кейіннен ол хикметтерді өз елінде бастырғанын хабарлапты. Бабамыздың біраз ұрпақтарының Үндістанға, Пәкістанға қандай тағдыр айдап барғаны белгісіз. Ясауидан тараған ұрпақтардың арасында Үндістанда ел басқарған билеушілердің де шыққан ытуралы деректер бар. Сол жақта ұрпақтар бүгінде атажұртымен хат-хабар алысып тұрады екен. Олар көбіне бабаларының шежіресін сұрататын көрінеді. Өйткені, сексенші жылдары Сайрамнан Ясауи бабамыздың өмірі, оның кейінгі ұрпақтарының шежіресі жазылған көне қолжазба табылған. М.Мирхалдарұлы осы шежірені алғаш болып зерттеген ғалым.
Әрине, Ясауи барша түркі халықтарына ортақ тұлға. Бабамыздың кіндік қаны тамған--Сайрамнан табылған тың еңбегін түрік ғалымдары өз елдеріне апарып бастаруына, Қазақстанда тек өзбек тілінде жұқа ғана кітапша болып жарық көруіне титтей де талас жоқ. Дегенмен «Ясауидің мұрасын зерттеуші қазақ ғалымдары бұл жаңалыққа неге қызығушылық танытпады? деген сауалдың да қоюылуы заңды шығар.
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ,