Балалық шақта көбіміздің сиқыршы біткенге қызыға көз тіккеніміз рас. Өйткені екінің бірінің қолынан келмейтін ғажайыптар көрсету, көз алдыңда жоқтан бар жасау бала тұрмақ ересектерді де еліктіре түсетін. Бұл әрине арнайы қойылым ретінде көрсетілетін өнердің бір тармағы дегенімізбен, қарапайым тірлікте де фокусшылар кездесіп жатады. Мәселен, өмірде мүлдем жоқ адамдарды бір-бірімен заңды некелестіру қолыңыздан келе ме? Әй, қайдам. Есесіне мұндай «таңғажайып істі» Сайрам ауданы әділет басқармасының азаматтық хәл актілерді тіркеу бөлімінің басшысы жүзеге асыра алған. Сенбесеңіз, оның кейбір «трюктерінің» құпиясына тоқталып көрейік. Жалпы заң бойынша неке қию рәсімі отау тіккелі жатқан ерлі-зайыптылардың қатысуымен және екі жақтың келісімімен өтетіні белгілі. Бірақ Сайрам аудандық азаматтық хәл актілердің тіркеу бөлімінің бастығы бұл талапты орындауды міндетті деп таппапты. «Достық» деп аталатын туристік фирманың басшысы болып жұмыс істейтін танысының өтінішімен ол 2009 жылдың 29 шілдесінде Шымкентте тұратын Г.М. Дмитреваны тірілердің санатында жоқ беймәлім А.В. Шен деген адаммен сырттай некелестірген.
Лауазым иесінің заңсыз әрекеті мұнымен шектелмейді. Тағы да сол туристік фирманың басшысы болып жүрген Э. Ким деген танысының өтінішімен бірнеше азаматтың ата-тегін де ауыстырып береді. Заң бойынша аты-жөнін өзгерткісі келетіндер тұрғылықты жеріндегі әділет органдарына өтініш беруі шарт болатын. Бірақ заңды белден басып үйренген шен иесі көрші Жамбыл облысында тұратын А. В. Сладков есімді орыс жігітінің тегін кәріс ұлты етіп өзгертіп береді. Әрине еңбегі ескерусіз қалмай, 2 мың АҚШ долларын қалтаға басқан. Бір қызығы Сладковтың өзі аты-жөнін ауыстыру туралы әділет басқармасына өтініш бермеген және ешбір құжатқа қол қоймаған. Кейіннен белгілі болғанындай жасанды төлқұжат оған ешбір кедергісіз Оңтүстік Кореяға қайта бару үшін керек болған. Өйткені А.В. Сладков бұған дейін, яғни 2005 жылы табыс табу үшін Оңтүстік Кореяға барған. Алайда сол мемлекетің заңдарын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылып, ел аумағынан шығарылады. Прокуратураның дерегі бойынша АХАЖ бөлімінің бастығы мұнан кейін де бірнеше азаматтың аты-жөнін ауыстырыпты.
Жалпы Сайрам ауданындағы әділет басқармасы арқылы аты-жөнін ауыстырғандардың дені кәріс ұлтына тән тектерді таңдаған. Өйткені ортада делдал болып жүрген туристік фирманың басшысы азаматтарды шетелге, оның ішінде Оңтүстік Кореяға жұмысқа жіберумен айналысқан. Алайда шикі тірліктерінің шеті шыққанын аңғарған туристік мекеменің есігі бірнеше күннен бері жабық тұр. Сондай-ақ облыстық әділет басқармасындағылар да Сайрамда сайран салған өз қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне қатысты қандай да бір түсінік беруден бас тартты. Олардың айтуынша лауазым иесі зейнет жасына келгеніне байланысты осыдан біраз бұрын жұмыстан шығып кетіпті. Дегенмен қазір облыстық прокуратура осы оқиға бойынша Сайрам ауданы әділет басқармасы азаматтық хәл актілерді тіркеу бөлімі бастығының үсітінен екі бірдей қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Бірақ бұл жолы оған сиқыршылық өнерінің септігі тие қоймас-ау,сірә.
oinet.kz мұрағатынан