--Сайқымазаққа толы сайлау да өтті. Депутаттарымыз жұртты құрғақ сөзбен жарылқаудан жалықпайды. Әкімдеріміз мұзға жазылып күнге кеуіп кететін уәдені үйіп, төгуден шаршамайды. Енді ең болмаса мұң-зарымызды газетке жариялап шерімізді тарқатсақ дейміз. Елдің жағдайын көзбен көріп қайтсаңыздар қайтеді?..
«Жас Алаш» газетінің облыстағы тілшілер қосынына хабарласқан оқырманымыз Пердебек Құтымбетовтың өтінішімен Сайрам ауданы Қайнарбұлақ ауылына ат басын бұрдық.
Қайнарбұлақ ауылы Сайрам ауданының аумағына кіретіні болмаса шекарасы шектесіп жатқан облыс орталығы--Шымкент қаласының іргесінде орналасқан. Сөйте тұра ауыл тұрғындарының жанайқайына не атқамінерлер, не депутаттардың бас ауыртпайтыны қайран қалдырады. Қайнарбұлақтықтардың азапқа толы ахуалын олар жақсы біледі. Құлақпен естіп қана қоймай күн аралатып көзбен де көріп жүр. Шақырып келтіре алмайтын шалғайдағы елді мекен емес.
Біріншіден:
Қайнарбұлақ ауылында тоқсаныншы жылдарға дейін ауыз су құбыры болмай құдықтан тұтынып келген екен. Бүгінде халық суды бәз-баяғыша құдықтан ішеді. Қайсыбір жылы ауыз су құбырын жүргізуге бюджеттен 16 миллион теңге бөлінгенімен ұңғы қаздыртып, су мұнарасын тұрғызумен тірлік тоқтаған. Басталған тірлік қашан толыққанды аяқталатыны белгісіз.
Екіншіден:
Қайнарбұлақ ауылында алпысыншы жылдары жеке тұрғын үйдің ішінен бала бақша отау тігіп, көп ұзамай жабылып қалыпты. Соңғы жылдары ауылдағы орта мектептің қарамағында 25 бүлдіршінге арналған шағын орталық жұмыс істей бастағанымен жұрттың сұранысын өтей алмай отыр. Бір жарым мың тұрғын тұратын ауылдың бір бала бақшаға жарымауы жанға батып жүр.
Үшіншіден:
Қайнарбұлақ ауылындағы іргетасы отызыншы жылдары қаланған клубтың әбден тозғаны, ескіргені соншалық сынған шатырлары, жарылған қабырғалары алыстан «менмұндалап» тұр.
--Кезінде жұрт ағылып жататын клуб ішіндегі кітапхана да жұмыс істемейді, кино да көрсетілмейтін болды. Алқа-салқасы шыққан клубтың меншік иесі кім екенінен де ел хабарсыз. Былтыр клубты жөндеуге 11 миллион теңге бөлінгенін естіп едік. Сол қаржы бөлінбеді ме, әлде бөлінсе де өз мақстатында дұрыс жұмсалмады ма, анық-қанығын білмейміз. Әйтеуір жақсы хабардың соңы сиырқұйымшақтанып, ешқандай оң өзгеріс болған жоқ.Мәдениет ошағының түтіні түзу ұшып, тірлігі түзелсе, ауыл тұрғындары жиі бас қосатын мағыналы, мәнді іс-шаралар ұйымдастырылып тұрса дейміз. Мұндай игі қадамдар ұрлық-қарлыққа ұрынып жүрген ауылдағы жұмыссыз жастардың щалыс қадам баспауына да шапағаты тиер ме еді?,--дейді қайнарбұлақтық қария Тұрдаш Сарымсақов.
Төртіншіден:
Қайнарбұлақ ауылындағы Кеңес өкіметі тұсында ел игілігіне ұсынылған электр бағаналары мен желілері де тозығы жеткен. Осыдан ба, ауылдағы трансформатор электр энергиясын дұрыс таратпайды екен. Кешке қарай жарық өлімсіреп жанып тұрады.
--Аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшылары «6 шақырымға желі тартуға, 100 бағана және жаңадан трансформатор орнатуға облыстағы осы саланың басшыларымен келіп қойдық» дегендері өтірік екен. Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасымен өзіміз байланысып, Қайнарбұлақ ауылының электр жүйелерін жаңарту туралы ешқандай сұраныс түспегенін анықтадық,--дейді ауылдың бүгінгі ахуалына алаңдаған қарияның тағы бірі Бәйділлә Бекмырзаұлы.
Бесіншіден:
Қайнарбұлақ ауылындағы медициналық пункт жетпісінші жылдары бой көтерген ескі ғимарат.
--Тозып тынған ғимараттың төбесінен жаңбыр жауғанда су өтеді. Шама-шарқымыздың жеткенінше жамап-жасқап, сырлап-әктеп тұрамыз. Ауылға жаңа медпункт салынбаса мұның бәрібір пайдасы шамалы,--дейді 30 жылдан бері емдеу мекемесінде еңбек етіп келе жатқан Қалбике Әбішева.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына тарту ретінде талай елді мекенде әлеуметтік нысандар бірінен кейін бірі ашылғаны белгілі. Алаулатып, жалаулатып ленталарын қидық. Ал қайнарбұлақтықтар тәуелсіздіктің жеңісі, тәуелсіздіктің жемісі дейтін жетістіктерді сезіне алмай бақандай 20 жылды артқа тастап үлгергендеріне қынжылады. Жергілікті тұрғындардың әрбір әңгімесі «кешегі Кеңес Одағы тұсында...»деп басталатыны да осыдан болар. «Біз өзі Үкіметтің есебінде бар адамбыз ба, әлде жоқпыз ба?» дейді ашынған тұрғындар. Олардың мұң-мұқтаждарын көзбен көріп, көкейге түйгеннен кейін «осы қайнарбұлақтықтар қай ғасырда тұрады?» деген ойға қалдық. Бұл сауалды ауыл әкімі Нұрболат Қаратайға қабырғасынан қоймақ болғанбыз. Ол бізбен тілдесуден қашқаны былай тұрсын ауылдың ахуалын көріп қайтуға шақырған Пердебек ақсақалдың ұялы телефонына әлдебіреулерге қоңырау шалғызып «тілшілерден аулақ жүрсін» деп доқ көрсетуі неғылған әпербақандық? Дұрысы мән-жайды түсіндіріп, шиеленіскен мәселені ел-жұртпен бірге ақылдасып шешпей ме? Біз білетін Сайрам ауданының басшысы Уәлихан Қайназаровтың қай кезде болмасын қайнаған тірліктің бел ортасында жүретінін, іскерлігін, батылдығын ел мақтаушы еді. Ендеше ол командасындағы шолақ ойлайтын шенеуніктерге шара қолданып, қай ғасырда тұратындарын білмейтін қайнарбұлақтықтардың тірлігіне қарайласуды тікелей өз қолына алса кәнекей.
Ғалымжан Елшібай