Мырзахметовтің де «Мерседесі» сатыла ма?

Screenshot_3.jpg

Құдай біледі, осы аптада шымкенттік шенеуніктер «Өтті дәурен осылай...» деп, іштей бір күрсінген шығар, сірә... Қызметтік көліктің қызығына батып, бірінен бірі асып, қымбат шетелдік көлік мінген күндер оңтүстікқазақстандық мемлекеттік қызметкерлердің көзінен енді бұл-бұл ұшқандай... Күні кеше ғана министрлеріне қызметтік көліктің орнына велосипед мінуді тапсырған Тәжікстан президентінің жарлығына сырттай жырқ-жырқ күліп жүруші едік, енді сол кепті өзіміз киген сықылдымыз.

Осы аптада Оңтүстік Қазақстан облысындағы қызметтік көліктерге қырғын тиді. Бұдан былайғы жерде қызметтік көлікті тек облыс әкімі, сондай-ақ аудан, қала әкімдері, басқарма-департамент бастықтары және олардың орынбасарлары ғана мінетін болды да, әкімшілік, басқарма ішіндегі бөлім бастықтары, басқа да қолында билігі бар кішігірім дөкейлер қызметтік көліктерінің кілтін тапсыруға мәжбүр болды. Жергілікті әкімшілік әлемдік қаржы дағдарысынан аман-есен шығып, дамуға қарай бет алу үшін осындай қадамға барып отыр. Бүгінгі күні облыстық әкімдіктің 28 қызметтік көлігінің 20-сы гаражда қаңтарлып тұр. Тек осы 20 көліктің қаңтарылып тұрғанынан мемлекет айына 2 миллион 700 мың теңге үнемдейді екен. Жалпы алғанда облыс әкімдігі, басқармасы бар, барлығы 88 көлік қаңтарылып тұр. Аудан әкімі мен орынбасарлары ғана көлік мініп, қалғандары кілтті тапсыратын болғандықтан алдағы уақытта гаражға қамалатын көліктердің санын дөп басып айту қиын. Бұл жағы әзірге есептеліп жатқан көрінеді. 

«Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» деген, қаржы дағдарысы жағаға енді қолды салып жатқан кезде оңтүстікқазақстандық шенеуніктердің қос-қостан қымбат шетелдік көліктер мініп, тым асқақтап кеткенін «Рейтинг» газетінде кеңінен жазғанбыз. («Дағдарысты шымкенттік шенеуніктер су жаңа қымбат шетелдік көліктермен қарсы алды», «Рейтинг» газеті) «...Алғаш рет шенеуніктерді қымбат көліктерден бас тартуға премьер-министр Кәрім Мәсімов шақырған еді. «Қаптаған «Мерседес» мен «Камрилердің» орнына отандық «Шкода-Октавияға» ауысыңдар» деді. Үкімет басшысын қолдаудың орнына облысымыздың шенеуніктері Мәсімовті мазақ еткендей қадамға барды. «Кризистің» бастапқы белгілері байқала бастаған тұста облыстық әкімдік үш бірдей  «Лэнд Крузер 200» джип автокөлігі, екі «Тойота Хайс» микроавтобусы мен қатарынан 38 (!) «Тойота камри 40» бизнес-класс жеңіл автокөліктерін сатып алуға бюджеттен шұғыл түрде қаржы қарады. Үш джипті сатып алуға 24 735 000 теңге, «Тойота» автобустары үшін 17  387 000 теңге жұмсалса, «Тойота Камри 40» жеңіл автокөліктерін алуға 155 410 000 теңге төленді. Көп ұзамай облыстық 20 басқарма бастықтары қара түсті арғымақтарын қабылдап, бірін-бірі құттықтап жатты.  

Бір ғана  облыстық әкімдіктің өзі 18 «Тойота камри 40» көлігіне зәру екен. Әрқайсысының бағасы – 4 миллион теңгеден асады. Есептеп көрдік, бұл 100 адамның бір айлық жалақысынан да артық. Осыдан бірнеше жыл бұрын мұндай көлікті тек облыс әкімінің орынбасарлары ғана мінетін. Билікке Әшімов келгелі қатардағы шенеуніктердің  бағы жанды.  Бұған дейін тиісті қызметін жаяу жүріп-ақ атқаратын бөлім бастықтары мен әкімнің кеңесшілері әп-сәтте жарқыраған көлікке ие бола қалды» деген жолдар бар еді сол мақалада. 

Ал, енді осы үнемдеуден кім ұтты, кім ұтылды? Байқап отырсыздар, жоғарыдағы «Тойота-Камри», «Мерседес», «Джип» мінгендердің бәрі бірінші бастықтар немесе солардың орынбасарлары. Яғни, олардың ешқайсысы қызметтік көлігін мемлекетке қайтып тапсырмайды деген сөз. Олар уайымдайтын ештеңе жоқ. Бөлім бастықтарының да жағдайлары сорлап тұрған жоқ екен. Қызметтік көліктермен қош айтысқан күннің ертеңінде әкімшіліктің алды жекеменшік қымбат көліктерге толып кетті. Өзі рөлге отырды дегені болмаса бұлар да қаражаяу қалған жоқ. Екі ортада осыншама қызметтік көліктердің шопырлары сорлап қалды. Әсіресе араларында зейнеткерлік жасқа небәрі 1-1,5 жыл ғана қалған, өмір бойы осы әкімшіліктің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген тәжірибелі, егде шопырлардан обал болды. Бір күнде жұмысынан босап қалған олар енді басқа жерден жұмыс таба ала ма, жоқ па? Қазірдің өзінде жүргізушілер демалысқа жіберіліпті. Бірқатарына әкімдік құрылымдардан түрлі жұмыстар ұсынылыпты. Оған келіспесе жұмыстан қысқарады. Енді біразы қолды бір сілтеп, өздері жұмыс тауып кеткен көрінеді. Әрине, қанша астында көлігі бар десек те, бұл жағдай бөлім бастықтарына да оңай тимегені анық. Ауданға, ауылға ең көп шапқылап, жұмысты үйлестіретін, ұйымдастыратын биліктің «шауып кел-барып кел» буыны осылар ғой. Енді амал жоқ, қазір олар кабинетке байланып, бар тірлікті телефон арқылы шешуге кірісіп те кетіпті.

Облыстық әкімдіктің жиналысында қаржы басқармасының бастығы Галина Морозова 48 көліктің сатылуға шығарылатынын мәлімдеді. Қазір сатылуға жататын көліктер сараптамадан өтуде. Мейлі ғой, мұз секілді күннен күнге құрсауы қысып келе жатқан қаржы дағдарысынан шығу үшін қолдағы бар мүмкіндікті сырқа пайдаланып, үнем жасаған дұрыс та шығар. Бірақ, сатылуға қандай көліктер шығарылады? Қолдан-қолға өтіп, «денсаулығы» сыр берген 10 бөлім бастығының қызметтік көлігін сатқаннан гөрі облыс әкімінің бір орынбасарының астындағы көлікті саудалаған әлдеқайда тиімді болатыны бесенеден белгілі. Дағдарыстың қиындығы бәріне ортақ, оны тек бірігіп жеңуіміз керек. «Халық қаласа хан астындағы түйесін сояды» деген, халықтың тағдыры, елдің жағдайы таразыға түсіп тұрған шақта қазынаны толтыру үшін Оңтүстіктің жарты патшасы Асқар Мырзахметов астындағы «Мерседесін» түсіп бере ала ма? Әлде қызметтік көлігін бергенді қызметін бергенмен бірдей көре ме? Мырзахметов мырзалық танытса басқалар да қымбат қызметтік көліктерінің кілтін ортаға атып ұратыны айдан анық. «Бастаған батыр...» демекші бұл іске тек батыл бастамашы ғана керек.

"Рейтинг" газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: